Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Әскери күш қолданылуы мүмкін: Дональд Трамп Гренландияны бақылауға алуға қатысты мәлімдеме жасады

Фото: Getty Images

АҚШ президенті Дональд Трамп Гренландияны бақылауға алу үшін әскери күш қолдану мүмкіндігін жоққа шығармайтынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл туралы Трамп NBC News арнасына берген сұхбатында айтты. Оның айтуынша, АҚШ бұл аралды стратегиялық тұрғыдан маңызды аумақ ретінде қарастырады.

"Мен ондай қадамға барамын деп айтпаймын, бірақ ештеңені жоққа шығармаймын. Бұл жағдайда да солай", — деп жауап берді Трамп журналистің Гренландияны қосып алу үшін күш қолдану мүмкіндігі туралы қойған сұрағына.

Ол Вашингтон үшін Гренландияның халықаралық қауіпсіздік тұрғысынан аса маңызды екенін атап өтті. АҚШ президенті арал АҚШ бақылауына өткен жағдайда, онда тұратын аз ғана халыққа қолдау мен қамқорлық көрсетілетінін қосты.


Гренландия Даниядан тәуелсіздікті талап етті


Наурыз айының соңында Гренландияның премьер-министрі Йенс-Фредерик Нильсен Трамптың аралды АҚШ құрамына қосу туралы мәлімдемелеріне қатысты пікір білдіріп, Гренландияның АҚШ бақылауына өту мүмкіндігін жоққа шығарды. Нильсен Гренландияның дербес болып қала беретінін мәлімдеген.

"АҚШ Гренландияны алмайды. Біз басқа ешкімге тиесілі емеспіз. Өз болашағымызды өзіміз айқындаймыз.Біз америкалық президентке Гренландияның өзімізге тиесілі екенін анық, нақты және сабырмен жеткізуіміз керек", — деп жазды премьер әлеуметтік желіде.

Бұған дейін Трамп Гренландияны ұлттық және халықаралық қауіпсіздік мүдделері үшін бақылауға алуға мүдделі екенін айтқан болатын. Ол бұл үдерістің бейбіт жолмен жүзеге асуы мүмкін екенін, бірақ өзге сценарийлердің де ықтимал екенін жоққа шығармайтынын мәлімдеген.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 05 Мамыр, 2025 22:22
Талқылау