Әскери қызметкерлерге өз туыстарынан баспана жалға немесе сатып алуға тыйым салынады: Жаңа ереже күшіне енді
Фото: gov.kz
2025 жылдың 1 шілдесінен бастап әскери қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету тәртібіне енгізілген өзгерістер күшіне енді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жаңа ережелермен біржолғы тұрғын үй төлемдеріне, олардың берілу шарттарына, пайдалану мақсаттарына, сондай-ақ қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету тәртібіне өзгерістер енгізілген.
"Енді біржолғы тұрғын үй төлемдерін шекті жасқа толуына байланысты, денсаулық жағдайына орай, штат саны қысқартылғанда және отбасылық жағдайына байланысты жұмыстан босатылған кезде алуға болады. Тек жұбайының қызмет орнын ауыстыруына байланысты жағдай бұған кірмейді. Осыған сәйкес, 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап келісімшарт мерзімі аяқталуына байланысты жұмыстан босатылған жағдайда біржолғы тұрғын үй төлемдері қарастырылмайды", – деді әскери инфрақұрылым бас басқармасының тұрғын үй саясаты басқармасының бастығы Дауренбек Жұмабеков.
Жаңа ережелерге сәйкес, төлемдердің мөлшері ипотекалық несие бойынша берешек сомасына қарай айқындалады. Мысалы, егер әскери қызметкерге тұрғын үйсіз жүрген кезеңдері үшін 20 миллион теңге есептелсе, бірақ оның ипотекалық қарызы 10 миллион теңгені құраса, онда ол тек 10 миллион теңге алады, яғни несиесін толық жабу үшін. Бұл норма 2025 жылдың 1 шілдесіне дейін ипотека рәсімдеген әскери қызметкерлерге қолданылмайды.
Тұрғын үй төлемдерін пайдалану мақсаттары да қысқартылды. Енді оларды тек баспана сатып алуға, ипотеканы төлеуге, тұрғын үй жинақтары түрінде жинақтауға немесе жалдамалы үй үшін төлеуге бағыттауға болады. Сонымен бірге жалдамалы тұрғын үйге төлем жасау мерзімі 8 жылдан аспауы тиіс, одан кейін ақша тек жинақтауға бағытталады. Биылдан бастап жалдау шарттары міндетті түрде мемлекеттік тіркеуден өтуі қажет.
Түзетулерге сәйкес, енді әскери қызметкерлер мен олардың жұбайларының жақын туыстарынан баспана сатып алуға немесе жалға алуға тыйым салынды. Егер әскери қызметшінің атына ипотека рәсімделген болса және тұрғын үй төлемдерінен артық қаражат қалса, ол қаражат жылына бір рет несиені мерзімінен бұрын өтеуге бағытталады. Артық соманы басқа мақсаттарға жұмсауға болмайды.
Қаражатты мақсатсыз пайдаланған жағдайда әскери қызметкер оларды мемлекет кірісіне қайтаруға міндетті.

Қазақстандықтар шоколадтың күрт қымбаттағанына шағымданды: Неліктен тәттіге енді көбірек төлейміз
