Қазақтың әсіп тағамын өз қолыңызбен жасап көріңіз (фото)
Әсіп – оңтүстікте кең таралған тағам түрі. Сондықтан өзге өңірдің тұрғындары бұл тағамды жақсы біле бермеуі мүмкін. Есесіне, күнгейлік әрбір үй бикесінің дастарханынан табылады.
Осы бір қазыға ұқсас, ерекше тағамның тіл үйіретін дәмінің сырымен оңтүстік келіндерінің бірі Гүлнұр ханым бөлісті. Бүгінде кей асханаларда “үй шұжығы” деп сатылып жүрген тағамды, бұрындары әр қазақ отбасы қой сойылған күні әзірлейтін болған. Stan.kz сайтының тілшісі назарларыңызға әсіп жасаудың көне әдісін ұсынады.
Гүлнұр ханым кешкі асқа әсіп дайындағалы жатыр екен. Құрамы: қой еті, бауыры мен өкпесі, күріш, қойдың бүйені, бір сәбіз, бір қызылша, екі жуа, екі сарымсақ, тұз, қара бұрыш, аскөк және «Зира» аталатын дәмдеуіш. Гүлнұр етті базардан бірден тартқызып алатын көрінеді. Сондықтан қара бауыр мен өкпе бірге, ал ет өз алдына алдын ала тартылған.
Барлық затты бірдей барынша майдалап турап алу керек.
Бүйенді, кем дегенде, жарты сағатқа тұзды молынан салып, суға малып қойып, соңынан сол сумен жақсылап жуу керек. Күрішті де алдын ала суға салып қойған жөн. Бүйеннің орнына ішек қолдануға болады. Алайда, Гүлнұр ханым әрдайым бүйен қолданады екен. Ал ішектің бір жағын тігіп алу керек. Қосылатын көкністерді майдалап турап не ет тартқыштан өткізсеңіз де болады.
Соңынан бәрін араластырып алып, бір кесе су қосамыз. Гүлнұр ханымның айтуынша, қызылшаны қосу міндетті емес. Және керісінше, қалауыңызға қарай, тағы көкөністер мен дәмдеуіштер қосуға болады.
«Қоспаны даярлауда, күріштің шамадан асып кетпеуін қадағалау керек. Себебі ол ісінгенде, бүйен жарылып кетуі мүмкін», – дейді Гүлнұр.
Дайын болған қоспаны бүйенге саламыз. Аузын жіппен байлап, суға саламыз. Бір қайнап шыққан соң, көбіктен тазартып, инемен тесіп шығамыз. Әсіп 45 минутта дайын болып қалады.
Тек оның суығанын күту керек. Ыстық күйінде кессеңіз, ішіндегісі шашырап кетуі мүмкін. Осылайша, оны дастарханға суық күйінде қоясыз.
Астарыңыз дәмді болсын!
Оқи отырыңыз:
Қойдың басын қалай асқан дұрыс: тісімен немесе тісін қағып (фото)
Адыраспанмен үйді, көлікті, баланы аластау қаншалықты дұрыс? (фото, видео)
Ақбота Керімбекова тұрмысқа шықты (фото)
Айсәуле Бақытбек енді модельдік кәсіппен айналыса бастады (видео)