Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ашықтықты қамтамасыз етеді": Қазақстанда цифрлық ваучерлер арқылы әлеуметтік осал отбасылардың балаларын тамақтандыру қалай жүзеге асады

Қазақстанда цифрлық ваучерлер арқылы жалпы мектеп оқушылары мен әлеуметтік осал топқа жататын оқушыларды тегін тамақтандыру бойынша пилоттық жоба іске қосылды. 1 қарашадан бастап бір жылға созылатын бұл жоба – мектептерге енгізілетін тағы бір жаңашылдық болмақ. Жобаның көмегімен әрбір ата-ана баласына бөлінген қаржыны толық бақылай алатынын айтқан депутаттар мұның ашықтықты сақтауға сеп болатынын айтады.

Қазақстанда мектеп оқушыларының жекелеген санаттарын тегін және жеңілдетілген тамақпен қамтамасыз ету бойынша пилоттық жоба 1 қарашадан бастап іске қосылды. 

Қызмет алушылардың қатарына атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары, жан басына шаққандағы орташа табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балалары, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар кіреді.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, аталған жоба Астана қаласындағы 13 мектепке енгізілген. Пилоттық шараның қорытындысы бойынша ата-аналарға (заңды өкілдерге) СМС хабарламалар жіберіліп, 331 ваучер іске қосылып үлгерген.

Цифрлы жоба қалай жүзеге асады?

"Әлеуметтік әмиянды" SMS хабарламада берілген сілтеме арқылы, AppStore немесе Play Market қосымшалары арқылы жүктеуге болады. Алдымен eGov Mobile қосымшасын жүктеп алып, жүйеге кіргеннен кейін "әлеуметтік әмиян" белгішесін басу керек.

“Ашық НҚА” сайтында жарияланған құжатқа қарағанда, оқушының ата-анасы немесе оның өкілі әлеуметтік әмияндағы цифрлық ваучерді қосуы керек. Осыдан кейін әмиян тамақтануды одан әрі есепке алу үшін мектеп асханасында орнатылған білім беруді ақпараттандыру объектісінің ақпараттық жүйесіне оқушының ЖСН-ін жібереді. Цифрлық ваучерлердің пайдаланылуын есепке алу мектеп асханасында қолданылатын жеке куәліктерді немесе оқушыларды сәйкестендірудің басқа баламалы құралдарын пайдалана отырып жүзеге асырылады.

Мектеп асханасының қызметкері әмиян арқылы ұсынылған динамикалық QR кодын оқиды. Сандық ваучерді пайдаланғаннан кейін әмиянның "Тарих" бөлімінде оны пайдалану күйі көрсетіледі.

Сонымен қоса сандық ваучерлер әр оқушыға бөлек берілетіні атап өтіледі. 

Тағы бір айта кетерлігі, көрсетілетін қызметті алушының мектеп асханасында көрсетілетін қызмет сапасын әмиянында бағалауға және "e-Otinish" ақпараттық жүйесі арқылы уәкілетті органға шағым жіберуге мүмкіндігі болады.

Қосымша статистика

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биылғы оқу маусымында 1 млн 600 мыңнан астам оқушы бір реттік тегін тамақпен қамтылған, оның ішінде 1 млн 400 мың 1-4 сынып оқушылары, 200 мыңнан астамы әлеуметтік осал топ санатындағы 5-11 сынып оқушылары.

Республика бойынша тегін ыстық тамақтың орташа құны 579 теңгені құрайды. Ең жоғары баға Алматыда – 840 теңге мен Ақмола облысында – 750 теңге, ал ең төменгі баға Қарағанды ​​облысында – 448 теңге.

Алайда елімізде асханасы жоқ мектептер де бар. Тамыз айынан бастап барлық оқушыларды тегін тамақтандыру бойынша мониторинг жүргізіліп, нәтижесінде асханасы жоқ 882 мектеп анықталған. Оқу-ағарту министрлігімен бірлескен жұмыстың нәтижесінде бүгінгі таңда асханасы жоқ мектептер саны 582 мектепке (1-4 сыныптарда 29 мың оқушы) дейін қысқарған.

Сонымен қатар, тамақ жеткізушілерді таңдау критерийлеріне өзгерістер енгізілген. Бұдан былай конкурс өткізілетін тиісті өңірде 7 жыл жұмыс өтілі бар жеткізушілерге ғана ұпай беріледі, бірақ 5 баллдан артық емес. 

Сондай-ақ аспаздардың жұмыс өтіліне қатысты критерий қосылды, ұпайлар қызметкердің жұмыс өтілінің әр жылы үшін беріледі, бірақ ол да 4 баллдан аспайды. Бұл критерий жеткізушілерді тәртіпке келтіру және еңбек заңнамасының талаптарын сақтау мақсатында қарастырылған.

“Бізге ашықтық керек”

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова күнделікті балалардың тамақтануын жіті бақылау керек екенін айтады. Депутаттың сөзінше, балалардың көпшілігі ботқаны жегісі келмейді. Осыған байланысты депутаттар баланың күнделікті тамақты ішкен-ішпегенін бақылап отыратын бір платформаның қажет екенін айтып келген.

“Онлайн платформаға әрбір ата-ана мен мектептің басшылығы тіркелуі керек. Тиісінше ата-анасы баласы бүгін қандай тамақты тұтынғаны туралы барлық ақпаратты біліп отыруы тиіс. Бұдан бөлек кейде балалардың мектепке келмейтін кездері болады. Біреуі олимпиадаға қатысады, біреуі спорттық шараларға барады. Сол кезде ол баланың тамағының ақшасы қайда кетті. Біз осындай кездерде 100% тұтынды деген ақпарат аламыз, бірақ бізге ашықтық керек. Сондықтан 1 қарашадан басталған жобаны дұрыс деп санаймын. Ол барлық ата-анаға да, ата-аналардың қауымдастығына да қолжетімді болуы керек”, – дейді ол.

Депутаттың түсіндіруінше, бұл платформа мемлекет  балаға қанша ақша жұмсады және бұл қаражат баланың қажетіне толық жұмсалды ма, жоқ па деген тұрғыда ашықтықты қамтамасыз етеді.

Сүлейменова сондай-ақ мектеп асханаларындағы тамақ бағасының арасында алшақтық болғаны дұрыс емес екенін баса айтты. Ол балаға берілетін тамақтың сапасына да назар аудару керек екенін жеткізді.

“Мәзір бекітілуі керек. Баланың ағзасына, жас ерекшелігіне байланысты дәрумендердің болуы және пайдалы тағамдардың болуын зерделеу қажет. Соған сәйкес денсаулық сақтау министрлігі оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, ас мәзірін бекітуі қажет”, – деп қосты ол.

Депутат тағы бір үлкен мәселенің бірі – жекеменшік мектептердегі балалардың тамақтануы екеніне тоқталды. 

“Қазіргі таңда жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырыс жүзеге асырылады. Бұған қаражат төленеді. Сол қаражаттың есебінен біз балалардың тегін тамақтануын қарастырса деген ұсыныс білдірдік. Заңнамаға осындай норма енгізгенбіз. Бірақ үкімет тарапынан бұл қаржыны қажет ететін норма болғандықтан ол қолдау таппады. Бірақ ол жақтағы балаларды да алаламауымыз керек деп санаймын”, – деп жалғады депутат.

Ол сондай-ақ бұл жобаны әзірлеушілер жеке компания болмауын жіті қадағалау керек екенін айтады. Ол балалардың жеке мәліметтері қайда кетеді, ол жердегі ақпараттық қауіпсіздік қалай сақталады соның бәрін бақылау керек екеніне назар аударады.

Талқылау