Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Арзандаған өнім жоқ: Қазақстанда соңғы жылда азық-түлік бағасы қаншалықты өскені белгілі болды

Қазақстанда соңғы жылда азық-түлік бағасы қаншалықты өскені белгілі болдыФото: depositphotos.com

Қазақстанда соңғы бес жылда азық-түлік бағасы айтарлықтай өскен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ұлттық статистика бюросы азық-түлік бағасының 2020 және 2025 жылдың шілде айындағы көрсеткіштерін жариялады. 

Ұлттық статистика бюросы бақылайтын азық-түлік өнімдерінің ішінде ең көп қымбаттағаны – қызылша, онығң бағасы 191%-ға өсіп, үш есе артқан. Бес жыл бұрын оның орташа бағасы 135 теңге болса, 2025 жылдың шілдедесінде 398 теңге болған.

Екінші орында – қырыққабат, оның орташа бағасы 134%-ға өскен, яғни келісі 83 теңгеден 194 теңгеге жеткен.

Сондай-ақ бағасы екі есе артқан өнімдер:

- Арпа-бидай наны – келісі 554 теңге;

- Майонез – 1 992 теңге;

- Пияз – 218 теңге;

- Карамель – 1 573 теңге;

- Қант – 432 теңге;


"Орта есеппен 158 648 теңге жұмсайды": Қазақстанда азық-түлік күннен күнге қымбаттап барады

"Дүкен араламаймын": Ұлттық банк төрағасының орынбасары елімізде азық-түлік қанша тұратынын білмейді


Сондай-ақ тізімде бағасы екі есе қымбаттамаса да, айтарлықтай өскен өнімдер де бар. 

Мысалы, 2020 жылы 3,2% майлылықтағы сүттің литрі 269 теңге болса, 2025 жылы 3,2–4% майлылықтағы сүт 534 теңге болған. Жұмсақ қаптамадағы 2,5% майлылықтағы сүт әлеуметтік маңызы бар өнім болып саналады. Бағасын мемлекет реттегендіктен, баға жылдам өспейді. Соған қарамастан, соңғы бес жылда оның орташа бағасы 65%-ға өсіп, литрі 252-тен 417 теңгеге жеткен.

Соңғы бес жылда Қазақстандағы ет бағасында да өсім байқалады. Мысалы, сиыр етінің орташа бағасы 67%-ға өскен. 2020 жылғы шілдеде Қазақстан бойынша сиыр еті сүйегімен бірге 1 905 теңге болса, 2025 жылы сүйегімен бірге 3 188 теңге болған. 

Ал ат еті (сүйегімен бірге) соңғы бес жылда дәл 50%-ға қымбаттап, келісі орта есеппен 2 202 теңгеден 3 294 теңгеге жеткен.

Бірінші сортты бидай ұнынан жасалған нанның орташа бағасы 47%-ға өсіп, келісі 291 теңгеден 429 теңгеге жеткен, ал екінші сортты ұннан жасалған нан 46%-ға қымбаттап, келісі 151 теңгеден 220 теңгеге өскен. 

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, ең аз қымбаттаған өнім – қарақұмық жармасы, ол соңғы бес жылда 15%-ға өсіп, келісі 383 теңгеден 440 теңгеге жеткен.

Осылайша, 2020 жылдан бері Қазақстанда мемлекеттік статистикалық орган бақылайтын барлық негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасы өскен. Соңғы бес жылда арзандаған өнім жоқ.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда бензин бағасының өсуіне байланысты азық-түлік те қымбаттайтыны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 21 Тамыз, 2025 22:32
Талқылау