"Артында 2 баласы қалды": Алматыда үш бейтаныс жігіт ер адамға жабылып, пышақтап өлтірді деп айыпталды
Видеодан скриншот
Алматы аялдамаларының бірінде үш жігіттің қолынан қаза тапқан Абай Нұркеевтің туыстары құзырлы органдардан көмек сұрайды. Өйткені екі күдікті қамақтан босатылған көрінеді. Олардың қатарында кәмелетке толмаған жасөспірім де бар. Қанды қылмысқа не түрткі болғаны әзірге белгісіз. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнасының Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға шілденің 29-ынан 30-ына қараған түні аялдамада болған. Жұмыстан соң үйіне қайтқан Абай Нұркеевті 3 жігіт соққының астына алып, пышақ сұғыпты. Ер адам сол жерде көз жұмды.
Құрылыс саласында жұмыс істеген азамат түнгі ауысымнан шығып, соңғы рет жұбайымен сөйлескен. Әйелінің айтуынша, 38 жастағы Абай Нұркеевтің бұған дейін ешкіммен араздастығы болмапты.
“Үйге қарай такси ұстап, қайтайын деп жатқам. Содан кейін хабарласпады. Күйеуім ешкімге зияны жоқ, ешкіммен ерегеспейтін, тыныш. Екі баламыз бар. Күтіп отқанбыз. Таңертең полиция сондай хабармен хабарласты”, – деді марқұмның әйелі Айман Шүкірбаева.
Қанды оқиғадан кейін полиция марқұмның туыстарын жәбірленуші тарап ретінде тіркеген. Алайда арыз жазуға мүмкіндік бермепті.
“Естуіміз бойынша, жігіттер. 21-22 жаста. Біреуі кәмелетке толмаған 17 жастағы бала дейді. Арыз жазғызбады. 5-6 күн өтіп кетті. Хабарлассам іс әлі біткен жоқ, материал жабылған соң шақырамыз дейді”, – деді марқұмның інісі.
Полиция департаментінің мәліметінше, күдіктілер ұсталып, оқиғаға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.
"Адам өлтіру" дерегіне қатысты күдіктілер ұсталып, Қылмыстық кодекстің 131-бабының талаптарына сай қамауға алынды, тергеу жалғасып жатыр”, – деді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Дегенмен марқұмның туыстары үш күдіктінің екеуі уақытша босатылғанын айтады. Пышақ сұққан адамды ғана қамап, қалған күдіктілерді үнсіз үйлеріне жібере салғаны күмән туғызады дейді олар. Сондықтан құзырлы органдардан оқиғаға қатысы бар әрбір адамның жазасыз қалмауын сұрайды.

"Денесін күйдіріп, саусағын сындырып, тиын жұтуға мәжбүрлеген": Балқашта ер адам 8 жасар баланы соққыға жықты деп айыпталды
