Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Артық қимыл жасама": Астанада жолаушы такси жүргізушісіне шабуыл жасады (видео)

Жолаушы такси жүргізушісіне шабуыл жасады

Фото: Ru.freepik.com

Астанада жолаушы сапар кезінде такси жүргізушісіне шабуыл жасаған. Жолаушымен жүргізушінің арасындағы әңгіме көліктегі бейне тіркегішке жазылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Полиция шабуыл жасаған адамның жеке басы анықталып, қазір іздестіріліп жатқанын мәлімдеді.

Жазба авторының айтуынша, ер адам жүргізушіні қауіпсіздік белдігімен қылқындырмақ болып, қорқытып, балағат сөздер айтқан. Оқиға жол қозғалысы кезінде болған. Жүргізуші бір қолымен шабуыл жасаған адамды тоқтатуға тырысып, екінші қолымен көлікті басқарған.

Желіде тараған видеодан шабуыл жасаған ер адамның: “Артық қимыл жасама” деп қорқытып жатқанын естуге болады.

Жүргізуші өз өмірі үшін қорыққаны сонша, назар аударту үшін қарсы жолаққа шығып, Chevrolet Cobalt көлігінің алдын кесіп өткен. Жол жиегіне тоқтаған соң, көліктен жүгіріп шығып, Cobalt жүргізушісінен көмек сұрағанда, бейтаныс жүргізуші көмек қолын созған.

Жүргізушінің айтуынша, жолаушының әрекеті өзіне ғана емес, жолдағы басқа қатысушыларға да қауіп төндірген. Астана қалалық полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты түсініктеме берді.

“Аталған факті бойынша 21 шілдеде Астана қаласының тұрғынынан полицияға арыз түсті. Ол 29 маусымда өзіне шабуыл жасалғанын хабарлаған. Қазір жолаушының жеке тұлғасы анықталды, іздестіріліп жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Тексеру нәтижесі бойынша құқық бұзушының әрекетіне құқықтық баға беріледі”, – деп хабарлады елордалық полиция.

 

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 22 Шілде, 2025 08:46
Талқылау