Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Босанған соң, анамның бүйрегін денем қабылдамай қойды": Қазақстандық әйел төрт жылда екінші рет ағзасын ауыстырмақ

диализ алатын әйел

Фото: Малика Жұмашеваның жеке парақшасы

31 жасында 12 ота мен 4 рет кома өткерген ақтаулық келіншек қазір диализ арқылы өмір сүріп жүр. Бұған дейін ол анасының бүйрегін алған екен. Бірақ 3 жылдан кейін ағзасы трансплантацияланған бүйректі қабылдамай қойған. Кенеттен ауыр дертке шалдыққан әйел тілшімізге диализдің ауыртпашылығын, тағдыры туралы айтып берді. 

Ақтаулық Малика Жұмашева 24 жасына дейін ешқандай сырқаты болмағанын айтады. Ол 2018 жылы балалы болуды жоспарлап, жүкті болған екен. Сөзінше, жүктілік жақсы өтті, денсаулығына қауіп төнбеген. Әрі бұған дейін 21 жасында ұлын сәтті дүниеге әкелген. Алайда жүктілігінің бесінші айында, яғни тамызда оның дене қызуы көтеріліп, сырқаттанып қалған.

“Қызуды түсіру үшін дәрі іштім де, жедел жәрдем шақырдым. Дәрінің әсерімен, қызуым түскендіктен, жедел жәрдем мені ауруханаға алып кетпеді. Алайда түнде температурам қайта көтерілді. Өзім перзентханаға бардым. Дене қызуым 40-қа көтеріліп кеткен. Кезекші дәрігер құрсақтағы баланың да қызып кеткенін айтты, алайда ауруханаға жатқызған жоқ. Жеке ауруханаға да бардым. Сөйтіп жүргенде қатты әлсіреп кеттім. Ақыры перзентханаға жіберіп жатқызды. Екі қолымның тамырына дәрі екті. Сол кезде тамырларым күйіп, ауырта бастады. Сондағы медбикеден дәріні алып тастауын өтіндім. Шыдатпады. Кенет есімді жоғалтып, комаға түсіппін”, – деді әйел.

Дәрігерлер Маликаның жұбайына оның тірі қалу мүмкіндігі аз екенін айтыпты. Осылайша ол 1 аптадан кейін оянды. Өкпені жасанды желдету аппаратымен жатқан екен.

“Оянсам, мұрным, аузымның бәрінде аппарат тұр. Қозғала алмаймын, сөйлей алмаймын. Ішімде бала бар-жоғын біле алмай жатырмын. 53 келі болғаныммен, денем ісініп, 100 келідей сияқты болып кеткем. Айнадан өзімді танымай қалдым. көзім сап-сары болып кеткен. Дәрігерлер өкпем, бауыр, бүйрегім істен шыққанын айтты. Комада жатқанда, баланы алып тастаған. “Комада өзіңіз тудыңыз” деді. Сол кезде инфекция пайда болып, денеме тарап кеткен. Соның кесірінен бауырыма зақым келді, бүйрегім істемей, зәрім шықпай қалды. Сондай-ақ дәрі еккен жерлерде күйген іздер, тыртық қалды. Қолым қарайып тұрды”, – деді ол.

Әйелге септикалық шок және екіжақты пневмония диагнозы қойылды. Малика не себепті мұндай сырқатқа шалдыққанын түсіне алар емес. Себебі бұған дейін ауырмағанын айтады.

24 күннен соң келіншек тағы комаға жатқызылған. Осылайша жарты жылын реанимацияда дәрігерлердің қарауында өткізген. Сол кезеңдерде қатты арықтап, 53 келіден 35 келі болған екен. Әйелге мүгедектік берілген. 

“Дәрігерлер “енді үйге қайтуға болады” дегеніне, баламды көре алатыныма қатты қуанып, жағдайдың қаншалықты қиын екенін түсінбеппін. Олар маған өмір бойы диализ қабылдайтынымды айтты. Ол қандай ем-дом екені жайлы ақпарат болған жоқ, ағзаға трансплантация жасауға болатыны да айтылмады”, – деді Жұмашева.

Диализ – бүйрек өз жұмысын атқара алмаған кезде қанды зиян заттар мен артық сұйықтықтан тазарту үшін қолданылатын медициналық процедура. Яғни жасанды бүйрек тәрізді зәрді шығаруға көмектеседі. Науқас күніне 3-4 сағат осы аппаратпен жатады.

Малика диализ қабылдау оңай емес дейді. Ол жүрекке салмақ салады екен. Диализден соң қан қысымы жоғарылап, бас ауырады. Малика осы процедурадан кейін жиі құсатынын, тәбеті болмай, бойын әлсіздік билейтінін айтады. Аяғы құрысып қалады. Орнынан тұра алмай қалатын сәттер де болады екен. Одан бөлек алыс жол, саяхатқа шыға алмайтын болған. Себебі күнде 3-4 сағаттап емін алу керек. Онсыз денесі уланып қалуы мүмкін.

“Екі жарым ай диализде болдым. Мен диализді пайда табу көзі деп ойлаймын. Себебі әр диализ қабылдайтын науқасқа үкімет ақша бөледі. Сол себепті бұдан айығудың басқа жолдарын айтпайтын тәрізді. Мен жаңа диализ орталығына ауысқан кезде ғана маған сондағы дәрігер “әлі жассың ғой, мұнда не істеп жүрсің?” деп мұның салдарын түсіндірді”, – деді науқас.

Осыдан кейін Малика жақындарының арасынан кімнің бүйрегі сәйкес келетінін іздеп, ақыры анасы донор болуға келіскен. 2021 жылы ақпанда әйел Түркияға барып, анасының бүйрегін трансплантациялады.

“Анамның бір бүйрегін алғаннан кейін диализге дейінгі өмірім оралды. Шектеулерден арылдым, денсаулығым қалпына келді. Тек дәріні уақытылы ішіп жүрдім. Анамның да жағдайы жақсы, жыл сайын тексеріліп тұрады. Анамның ағзасының арқасында 3 жыл диализсіз жүрдім, тіпті баламды дүниеге әкеле алдым”, – деді ол.

2023 жылы Жұмашева бала көтергенін білген. Дәрігерлер оған баланы алдыру немесе босану туралы ойлануға уақыт беріп, елордада консилиум өтіпті. Дәрігерлердің бақылауымен баланы босаныпты.

“Бала босанған соң, 1 жылдан соң бүйрегім істемей бастады. Себебі маған салқын тиіп қалды. Ішу керек дәрілерді құсып тастайтын болдым. Денем ағзаны қабылдамайтын болды. Ақыры трансплантацияланған бүйректі алдыруға тура келді. Қайтадан диализге оралдым. Қиын кезеңге қайта оралатынымды естігенде жыладым. Десе де екінші ретте оңайырақ қабылдадым, салдарына дайын болдым. Оның үстіне балаларым үшін өмір сүріп, күресуім керек деп өзіме сөз бердім”, – деді ақтаулық келіншек.
@zhumasheva_malika #Прощай #СпасибоТебе #БольВСердце #Прощание #СлёзыПамяти #НавсегдаВСердце #Трансплантация #Донорство #ПочкаМамы #МаминаПочка #ПочкаДонора #ЖизньПослеТрансплантации #СпасибоМама #Благодарность #ЛюбовьКМатери #СилаМатеринскойЛюбви #МатеринскаяЖертва #ХПН #ЖизньНаДиализе #ХроническаяПочечнаяНедостаточность #ПослеТрансплантации #ДиализЖизнь #ИсторияСердца #СилаДуха #ЯБорюсь #СильнаяЖенщина #МояИстория #ЖитьНесмотряНиНаЧто ♬ оригинальный звук - Zhumasheva_malika

Қуанышына орай, осы жолы да туыстарының арасынан ағзасы сәйкес келетін адам табылған. Күйеуінің әпкесі, яғни Маликаның қайын әпкесі бір бүйрегін беруге келісіпті. Олар талдау анализдерін тапсырып, енді отаға дайындалып жатыр.

“Мен донор іздеуге көп уақыт жұмсаған жоқпын. Алайда кей адамдарға ұзақ уақыт донор табылмай жатады. Әрине, қазір бұрынғыға қарағанда қайтыс болған туысының ағзасын беруге келісетіндер көбейіп жатыр. Десе де әлі рұқсат бермейтіндер бар, донор кезегі өте үлкен. Бір адамның денесі негізі 6 адамды құтқара алады. Егер рұқсат беретіндер көбейсе, диализ қабылдайтындар азаяр еді”, – деді ақтаулық.

Малика өмірі үшін жеті жылдық күресінде құлазымайтынын айтады. Ол бұл жайттарға жеңіл қарап үйрендім дейді. Әрі диализ бен сырқаты туралы желіде блог түсіріп, оқырманын ақпараттандырып жүр.

“Маған түңіліп кетпеуге діни сенімім көмектеседі. Өмірге қайта келу мүмкіндігі берілсе, осы тағдырымды таңдар едім. Балаларым, жолдасым өмір сүруге шабыт береді. Көбі желіде “неге бала босандың, соның кесірінен ағзаң жарамай қалды” деп жазып жатады, бірақ мен өкінбеймін. Мүгедектік тағайындалса да, өзімді мүгедекпін деп санамаймын”, – деді әйел. 
Қырмызы Скендирова
Дүйсенбі, 21 Шілде, 2025 16:17
Талқылау