Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық қыз АҚШ-қа оқуға барып, жүкті екенін білді: Ол қолындағы баласымен Йель университетін бітіріп, Стэнфордқа түскен

Қазақстандық қыз АҚШ-қа оқуға барып, жүкті екенін білді: ол қолындағы баласымен Йель университетін бітіріп, Стэнфордқа түскен

Фото Әсел Ибадулланың жеке архивінен

Әсел Ибадулла АҚШ-та Йель зерттеу университетінің магистратурасын бітіріп, диплом алу рәсіміне кішкентай бөпесімен барған. Ал биыл ол қызымен бірге Стэнфорд университетінде оқуға докторантура грантын жеңіп алды. Әсел – Стэнфордта дәл осы стипендияны жеңіп алған алғашқы қазақстандық. Әсел Stan.kz ақпарат агенттігіне қолындағы баласымен бірге қалай оқу оқып, зерттеу жасап жүргені туралы айтып берді.

"Йель университетінде оқып жүргенде қызым дүниеге келді”

Әсел Ибадулла 26 жаста, АҚШ-та Йель зерттеу университетінің магистратурасын бітірген. Бүгінде Гарвардта ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді. Енді ол Стэнфорд университетінде 5 жыл оқиды және білім ордасы оның оқуы мен жүріп-тұруын толық қамтамасыз етеді. Жақында Әсел Forbes-тың "Әр саладағы жас таланттар" рейтингіне кірді.

Әсел докторантурада оқуды бұрыннан ойлапты. Бірақ магистратура оқып жүргенде қызы дүниеге келген соң, PhD дәрежесін алуға біраз дайындалып барып кірісіпті.

"Мұнда бакалавр мен магистратура жеткіліксіз. Докторантура оқу керек, одан соң пост докторантура деген бар. Сосын барып профессор болады. Бұдан бөлек те мен үнемі докторантура бойынша грант алғым келетін, тереңінен барғым келетін. Бірақ өзімді дайын емес сияқты сезіндім. Йель университетіндегі магистратурадан кішкене шаршап қалдым. Сол кезде қызымыз дүниеге келді, балалы болдық, оқуымыз бар, АҚШ-қа үйренісуіміз бар, осының бәрі аздап шаршатты. Балалы болып оқу оңай болмады, 20 cағаттан тұрмай, сабақ жазған кездерім болды. Сосын 1-2 жыл демалып, жұмыс істеп, көбірек дайындалып, жақсырақ университетке тапсырып, қаржыны да лайық түрде алайын деп ойладым. Осылайша Стэнфордқа тапсыру стратегиялық тұрғыдан жасалған қадам болды", – дейді Әсел.

“Мен дайындалғанда қызыма көбіне жолдасым қарады”

Биыл Стэнфордтың бұл бағдарламасына екі адам ғана қабылданған. Соның бірі Әсел болуына оның жолдасы да көмектесіпті. Мен сабақ оқып, дайындалғанда жолдасым қызыма өзі қарады дейді ол.

"Қызымның жасы 3-те, балабақшаға барады. Мен дайындалғанда қызыма көбіне жолдасым Ердәулет қарады. Бұған дейін мен магистратура оқыған кезде де ол бір жыл бала қараған. Ол кезде қызымыз 1 жасқа толмаған да еді. Мен сабақта болғанда қызым толықтай жолдасыммен қалып, мен келген соң ғана жұмысына кететін. Солай амалдадық, қолымыздан келді", – дейді ол.

 

Алайда құжат тапсыру, өзін көрсету оңайға соқпапты.

"Процесс өте қиын өтті. Стэнфорд – әлемдегі ең үздік университеттердің бірі және сол жердегі Knight-Hennessy Scholars деген стипендиялық бағдарламаны университет ішіндегі адамдардың 1%-ы ғана ұтып ала алатын. Мен осы стипендияны ұтып алдым. Өте қиын болды, 5-6 ай дайындалып бара салған жоқпын. Бұған кейінгі 10 жыл саналы өмірімде жасаған істерімнің бәрі әсер етті. Оқығанымды, зерттеу жұмыстарымды, еңбегімді, тәжірибемді салдым. Түрлі әлеуметтік жобаларым да қосылды. Құжаттарды дайындап, стипендияға тапсырудың өзіне 6-7 ай өтті. Қазан айында құжат, желтоқсан айында университет бағдарламасына тапсыру керек болды. Одан соң түрлі профессорлармен 4 сұхбат өтті. Топтық сұхбат, мінез-құлық сұхбаты болды. Онда "мынадай жағдайда не істер едің" деген сияқты ситуациялық сұрақтар көп қойылды. Әр сұхбаттан соң адамдар шығып кетіп жатты. Бұны көріп көп уайымдадым, жыладым, әр сұхбат алдында қобалжыдым. Бұл осындай ұзақ жол болды", – дейді ол.

Қазақстандық қыз АҚШ-қа оқуға барып, жүкті екенін білді: ол қолындағы баласымен Йель университетін бітіріп, Стэнфордқа түскен

Фото Әсел Ибадулланың жеке архивінен

“Бала кезден білімге құштар қыз болдым”

Шымкенттік Әселдің үйінде академиялық білім бұрыннан өте жақсы бағаланған екен. Оның ата-анасы бала кезінен сабақ оқуына жағдай жасаған. Марапат алғанда тойлап, білім алған адам озады деп сенген.

"Білімге ұмтылуға әсер еткен факторлардың ең үлкені – ата-анам. Отбасымызда көбі мұғалім болды және кішкентай кезімізден білімге үлкен назар аударылды. Үйдегі ең қолы бос емес адам сабақ оқып жатқан адам еді. Мен сабақ оқып жатсам, "Әсел сабақ оқып отыр, мазаламаңдар, залға кірмеңдер" деп жиі ескертетін. Бұның бәрі "сабақ оқу маңызды, білім алатын адамға кедергі келтірмеу керек" деген түсінікті қалыптастырды. Үйде менің академиялық жетістіктерім өте жоғары бағаланатын. Бір жерден мадақтама алып келсем, оны үлкен жақтауға салып, залға іліп қоятын, бәрі сонымен мақтанатын. Мектептегі үздік оқушылар тақтасында көрінсем, бәрі жиналып тойлайтын. Бұл оқиғалардың бәрі "оқу керек, академиялық ортаға ұмтылу керек" деген стимул берді. Үлкендер оқуды романтизациялайтын. 3-4 жаста болғанымда "Әсел, сен мектепке барасың, оқу деген күшті, сен староста боласың" деп алдын ала қызықтыратын. Осыдан шығар, білімге деген ойым позитивке толы болды, оқуға құштар болдым. Өсе келе білімнің маңызын өзім де түсіндім. Қарапайым отбасыда өссең, әлеуметтік лифт – тек білім. Сондықтан оқи бердім. Ол кезде қазіргідей көп үлгі болмады, бірақ соның өзінде интернеттен білімді адамдардың өмір салтын көріп, олардың деңгейіне қызығатынмын. Соған ұмтылдым”, – дейді ол.

"Қазақстан мен Америка студенттерінің ойында айырмашылық көп"

Біз Әселден Америка мен Қазақстанның білім саласындағы айырмашылығын сұрадық. Оның айтуынша, қазақстандық студенттер өзіне көп сене бермейді.

"Салыстырғаным жөн болмас, себебі – мен бакалавр оқыған Назарбаев университеті шетелдік стандарттармен құрылған оқу орны. Бізде барлығы шетелмен бірдей болды. Тіпті кейбір тұстарда Қазақстанда алған білімім шетелдегіден жақсырақ болды. Университет бізге күшті фундамент берді. Тек студенттердің арасында айырмашылықты байқаймын. Қазақстандық студенттер өзімізге көп күмәнданамыз. Біз "Мен дұрыс істеп жатырмын ба, дұрыс емес айтсам маған күле ме, мен туралы жаман ойлай ма?" деп көп мазасызданамыз. Алды болма көз тиеді, арты болма сөз тиеді дейді, қыздарға көп ерекшеленбе деген сөз айтылады. Ал Америкаға келсем, адамдар кез келген нәрсені қолын көтереді де, айта салады. Кейде олар дұрыс емес нәрсе айтып тұрса да, өзіне сенімді түрде сөйлейді. Мысалы, Қазақстанда да білімді жастар көп, бірақ олар қайдағы Гарвард деп күмәнданып жатады. Ал америкалық студенттер барам, тапсырам, түсем деп сенімді қарайды”.

Тағы бір айырмашылық, елде айлық азырақ, әлеуметтік жағдай күшті емес болғандықтан, адамдар да зерттеуге, ғылымға көп бара бермейді. Ал Америкада адамдардың базалық қажеті өтелген соң олар ғылымға, білімге, зерттеуге өмірін арнай алады. Сондықтан да шығар, мұнда бакалавр студенттеріне көбірек жағдай жасалған”, – дейді ол.

Қазақстандық қыз АҚШ-қа оқуға барып, жүкті екенін білді: ол қолындағы баласымен Йель университетін бітіріп, Стэнфордқа түскенФото Әсел Ибадулланың жеке архивінен

Енді Әсел Стэнфордта Денсаулық сақтау ісі мамандығы бойынша білім алмақ. Осы ретте ол Қазақстан мен Америка медицинасының айырмашылықтарын атап өтті.

"Айырмашылық өте үлкен. Қазақстанда өте нашар, Америка озған деп те баға бере алмаймын. Біздің Қазақстанда медицина қолжетімді, ауырып қалсаң, жедел жәрдем шақырып, кез келген емханаға бара аласың, ал Америкада сақтандыру керек, ем алудың құны қымбат шығуы мүмкін. Бірақ Америка медицинасының сапасын айтуға болады. Кез келген операция, трансплантация жоғары деңгейде жасалады. Жағдайы төмен адамдар да мемлекеттік сақтандырумен өте күрделі операцияларды да тегін жасатып, ешқайда бармай жазылып кете алады. Ал Қазақстанда адамдар ауыр дертке шалдықса, қаражат жинап, шетелге баруға мәжбүр. Сонымен қатар мұнда әр жеке компания жеке ауруханалармен келісіп, жұмыс істей алса, біздің елде оны министрлік қана шешуі мүмкін деген сияқты айырмашылықтар бар", – дейді зерттеуші.

"Академиялық білім трендке айналауы керек"

Сонымен қатар Әсел Қазақтан қоғамындағы білімге деген көзқарасқа алаңдайтынын жеткізді.

"Қазір қоғамда поляризация болып жатқан сияқты. Бүгінде жақсы оқитын азаматтар шетелге оқуға барады, ерекшеліктер көбейіп, трендке айналып жатыр. Бірақ мені шалғай ауылдағы білім сапасы алаңдатады, себебі мұғалім мамандығына 60 балмен түсуге мүмкіндік болды. Естігенде жүрегім ауырып кетеді, негізінде мұғалім деген жоғары, тек білімділер оқи алатын сала болуы керек қой. Мұғалімдер қаншама ұрпақты тәрбиелеп жатыр. Қазір "Көп жыл оқудың қажеті жоқ, қалағаныңа аз уақытта жетуге болады. Блогер, кәсіпкер болсаң, бірнәрсемен көзге түсіп, әрі қарай кетуге болады" деген нәрсе айтылады. Бірақ бір жағынан көп жастар шетелде оқуға, тәжірибе алмасуға тырысады. Бұрын бізде бір орта ғана бар еді, барлығы бірдей оқып, бірдей жүретін. Ал қазір осы екі түрлі ойдағы топ бар", – дейді ол.

Дегенмен Әсел сапалы білім әлі де трендке айналуы керек деп есептейді.

"Қазір сапалы білім трендке айналды дей алмаймын. Өйткені көбіне курстар, қысқамерзімді білім, оңай жаңа мамандық алу сұраныста. Бұл да керек, бірақ уақытша құбылыс сияқты. Бізге инженерлер, ғылыми мамандар, өндірісте еңбек ететін шеберлер де керек. Ал бұл 1-2 ай оқып алатын нәрсе емес, адам кемінде бұған 10 жылын арнайды. Сондықтан сапалы білім трендке келуі керек деп ойлаймын. Бізде шетелге оқуға түскенде де орташа немесе айтарлықтай ерекше емес оқу орындарын таңдап жатады. Меніңше, біз жоғары деңгейге ұмтылуымыз керек, ең сапалы деген оқу орындарын көздейік. Көбі ағылшын тілін нашар білсе де қабылдайтын, тапсыруы ең оңай университетті айтсаңыз дейді. Керісінше бізге әлі де жұмыс істеу керек, 2-3 айлық оқуды емес, жылдар бойы еңбектенетін ғылымды трендке енгізу қажет", – деп ойын бөлісті ол.

Стэнфордқа оқуға түскен қазақстандық қыз білім жолындағы қиындықтарын айтып берді

Фото Әсел Ибадулланың жеке архивінен

"Адам Гарвардтың, Стэнфордтың студенті болып тумайды"

Грант жеңіп алған қыз өмір әп сәтте өзгеруі мүмкін дейді. Оның сөзінше, қазір бір адам өзіне ұнамайтын жерде отырса, ол сол жерде мәңгі қалады деген сөз емес. Еңбектеніп қалағаныңа жетуге болады деп сенеді ол.

"Адам Гарвардтың, Стэнфордтың студенті болып тумайды. Мұның бәрі – қадам-қадаммен, үздіксіз жұмыстың арқасында болатын нәрсе. Оны күнделікті іздеп, тапсырып, жазып, жоқ деген жауапты да алып көресіз. Ең бастысы бастау. Қазір сіз өзіңіз қаламаған жерде отырсаңыз, бұл өмір бойы сол жерде қаласыз дегенді білдірмейді. Адам еңбектенсе, 3-4 жылда өзі қалаған нәтижеге де жетіп қалады. Мысалы, 3 жыл бұрын маған "сен Стэнфордқа оқуға қабылданасың" десе, мүлдем сенбейтін едім. Орындалмас арман көрінетін. Тек еңбекпен, күнделікті ерте тұрып, ұйқыны қиып оқумен, 3 жылда осындай күнге жетіп қаласың. Біз ешқашан басқа адамдардың әлеуетін толық білмейміз, сондықтан "Ой саған жету қайда" десе, сенбеңіз. Тіпті біз өзіміздің потенциалымыз қай жерге жететінін білмейміз. Сондықтан өзіңізге сеніңіз", – деп кеңес берді Әсел.

Сонымен қатар ол жолдасы екеуінің әлі ізденісте екенін, көп жетілгісі келетінін айтты.

"Ресми түрде оқу басталып кетті, маған тапсырмалар жіберіп жатыр. Ал негізгі бөлігі тамыз айында басталады. Гарвардтағы біраз жобаларды аяқтадым, бірақ ғылыми қызметкер болып қала беремін. Қазір нақты жоспар жоқ. Нақты жақсы ұсыныстар болса, елде еңбек еткіміз келеді. Мен де, жолдасым да патриотпыз, оқыған біліміңді өтеп қайтару деген нәрсені түсінеміз. Бірақ дәл қазір нақты жоспар жоқ. Біразы не істейсіңдер деп сұрайды, бірақ біз небәрі 25-26 жастамыз, әлі оқуымызды оқып жатырмыз. Бұйырса, оқуды аяқтап, доктор дәрежесін алып, нақты қабілеттер жинағаннан кейін ойлана бастайтын шығармыз", – дейді Әсел Ибадулла.

Еңлік Сақтан
Дүйсенбі, 21 Шілде, 2025 18:02
Талқылау