Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"АрселорМиттал Теміртауға" қомақты айыппұл салынды

Ірі салық төлеушілерге қатысты жүргізіліп жатқан салықтық әкімшілендіру шеңберінде "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-да 2019 жылға корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдер сомасын төмендеткендігі анықталды. Бұл туралы Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мәлімдеді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Фото: ашық дереккөзден 

"Камералдық мониторинг жүргізу кезінде нақты есептелген корпоративтік табыс салығының мәлімделген аванстық төлемдер сомасынан 20%-дан асып кетуі анықталды.

Осыған байланысты ҚР ӘҚБтК-нің 278-бабының 3-бөлігі бойынша 1,2 миллиард теңгеден астам айыппұл сомасына әкімшілік материал толтырылды", - делінген хабарламада.

Осы жылдың наурыз айында "АрселорМиттал Теміртау" АҚ апелляциялық шағымын қарау барысында Қарағанды облыстық соты Департаменттің дәлелдерін қолдады және әкімшілік айыппұл күшінде қалды.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың қараша айында Департамент қызметкерлері 2017 жыл үшін осындай бұзушылықты анықтаған болатын, бюджетке 1,3 миллиард теңге көлемінде айыппұл толық көлемде өндірілді.

2017-2019 жылдары анықталған бұзушылықтар бойынша айыппұлдың жалпы сомасы 2,5 миллиард теңгеден асты.

Талқылау