Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"АрселорМиттал Теміртау" зауытындағы 4 жұмысшының өліміне қатысты сот үкімі шықты

Теміртауда зауытта "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының төрт жұмысшысының өліміне қатысты сот үкімі шықты. Қайғылы оқиға өткен жазда болған еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Depositphotos

Теміртау қалалық соты қылмыстық кодекстің 277 бабы 3-бөлігі бойынша Л., З., Э., С., К.-ға қатысты қылмыстық істі қарады. 

Ч. есімді азамат қылмыстық кодекстің 254 бабы (Тiнту мен алуды жүргiзу тәртiбi) бойынша қылмыс жасаған.

2022 жылғы 10 маусымда демонтаждау жұмыстарын аяқтау кезеңінде пештің төбесі опырылып, салдарынан "Металлургиялық пештерді жөндеу цехының" төрт жұмысшысы оқиға орнында қаза тауып, бір жұмысшы орташа дәрежедегі жарақат алды.

Жәбірленуші тарап соттың шешімімен бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Қорғаушы тарап сотталушыларды ақтауды немесе бас бостандығынан айырумен байланыссыз жаза тағайындауды сұрады.

Сот жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде Э. мен З.-да жас балалардың болуын, сонымен қатар Л., К., С., Э-нің кінәсін мойындауын, сондай-ақ З. мен С.-нің асырауында мүгедектердің бар болуын ескерді.

"Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, сот бірінші, үшінші және бесінші сотталушыға – 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Олар жазасын қылмыстық-атқару жүйесі ең төменгі мекемелерде өтейді. Ал Ч. есімді азамат - 3 жыл мерзімге тау-кен өнеркәсібі және құрылыс секторларында басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. Сондай-ақ жазаны ең төменгі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде өтеумен 4 жыл бас бостандығынан айырылды. Төртінші сотталушы "белгілі бір қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделген жазадан гөрі неғұрлым жеңiл жаза тағайындау" бабымен 2 жыл 1 ай 10 тәулікке бас бостандығынан айырылды. Ал екінші айыпталушыға “белгілі бір қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделген жазадан гөрі неғұрлым жеңiл жаза тағайындау" бабы бойынша 2 жыл 16 тәулікке бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды" , - делінген сот хабарламасында.

Жәбірленушілердің арыздары азаматтық іс жүргізуге жіберілді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін 2022 жылдың 10 маусымында "АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорнында төрт адам қаза тапқан еді. 

"АрселорМиттал Теміртауда” "Құрылысмет" ЖШС ("АМТ" АҚ еншілес кәсіпорны) соғу-пресстеу цехының №9 белсенді емес термопешінде отқа төзімді тасты бөлшектеу кезінде шатыр опырылып түскен.

Пеш төбесінің опырылуы салдарынан металлургиялық пеш жөндеу цехының отқа төзімді бес жұмысшысы үйінді астында қалған.

Талқылау