Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әрқайсысына жеке көңіл бөлемін": Түркістан облысында 35 жастағы ана 11 баланы тәрбиелеп отыр

Түркістан облысы, Келес ауданы, Ошақты округі, Жиделі ауылында 11 баланы дүниеге әкелген 35 жастағы ана тұрады. Айткүл Исраелова бүгінде жеті ұл, төрт қызды тәрбиелеп отыр. Әр баласына жіті мән беретін ана көп адамнан тұратын отбасы болудың шексіз бақыт екенін айтады. Ол Stan.kz тілшісіне көпбалалы отбасы болудың қызығы мен қиындығы туралы сыр шертті. 

Фото: Айткүл Исраелованың жеке мұрағатынан

Ақниет Исмаилов пен Айткүл Исраелова 1988 жылы отбасын құрған. Айткүл 18 жасында ана атанған екен. Ол кезде ана 11 бүлдіршінді дүниеге әкелем деп ойламапты. Алайда 35 жасында осы бақытқа кенеліп отыр. Ана 25 жасында егіз ұлды да өмірге әкелсе керек.

“Мен 35 жасымда көпбалалы ана боламын деп ойламаппын. Бірақ ол менің қолымдағы нәрсе емес, Алланың сыйы деп санаймын. Құдай беріп тұрса, демек мені осындайға лайық көріп тұр”, – деді ана.

Үлкен отбасының отағасы жеке шаруашылықта қызметкер болып жұмыс істейді екен. Ал отанасы үйде балалардың тәрбиесіне жауапты. 

11 баланың үлкені Жұмабек биыл кәмелет жасқа толып, колледж студенті атанды. Ол бір жылдық оқу оқып жатыр. 18 жасар ұл оқуын аяқтаған соң, Отан алдындағы борышын өтеп, әскери қызметкер болуға ниетті. Одан кейін артынан ерген бауырлары – 16 жастағы Асылжан, 14 жасар Дархан, 13 жасар Бибіхал, 11 жасар Ерхан, 10 жасқа толған егіз Айдос пен Жандос, 7 жасар Нұрай, 5 жастағы Еркеназ, 3 жасар Аяулым және 5 айлық Ерасыл бар. Бүгінде жеті бала мектепке барады. 

Түркістандық келіншек тағы да бөпелі болуға қарсы емес, әр баланың өз несібесі бар деп ойлайды. Сол үшін жас аналарға көп бала босанудан қорықпауға үгіттеді. Оларды тек босанып қоймай, жақсы азамат етіп шығару керегін де ескертті. Сол үшін өзі де бүлдіршіндерінің әрқайсысына жақсы тәрбие беруге ұмтылатынын айтады.

“Күйеуімізбен балаларымызға жақсы тәрбие беруге тырысамыз. Көп уақыт менімен болса да, әкесі де жұмыстан кейін оларға назар аударады. Көпбалалы отбасыларда тек кенжеге мән беріліп, басқа жеткіншектерге көңіл бөлінбей қалады деген түсінік бар. Бірақ мен оған келіспеймін. Мен үшін әрқайсысының орны бөлек, бірінен бөліп жармай, теңдей жақсы көремін. Сол үшін олармен жеке сөйлесіп, мәселелерін, алаңдап жүрген нәрсесін бірге шешуге тырысамын. Бала болғаннан кейін араларында кішігірім кикілжің, реніш болып қалады. Сондай кезде оларға “ең жақын адамсыңдар” деп, отбасы құндылығы туралы ой айтамын”, – деді алтын алқа иесі.

Фото: Айткүл Исраелованың жеке мұрағатынан

Ата-ана ұлдарына қыздарды, әйел затын сыйлауға үйретіп, ешкімге әлімжеттік көрсетпеуге, қарындастарына қамқоршы әрі қорған болуға үйретеді. Сондай-ақ үйлерінде тәртіпті ту етіп ұстанып, ұрлық пен өтірік, біреудің ала жібін аттау сынды жамандықтардан ада болуға шақырады. 

Исмаиловтар отбасы жанұяның әр мүшесін бағалайды. Олар отбасыдағы 13 адамның туған күнін жылда үзбей құттықтауды дәстүр еткен. 

“Қай баланың туған күні болса да, торттағы майшамды үрлеп, мерекелік дастархан жайып, жылы лебіздер мен тілектерді жаудырамыз. Кішкентайынан бір-бірімен бауырмал болуға баулимыз. Себебі туған күн жақсы сөздер айтуға, бас қосып, көңіл көтеруге себепші болатын жекеменшік мереке ғой. Болашақта олар ер жеткен кезде де осы дәстүр жалғасын тауып, үнемі бір-бірін іздеп жүрсе деймін. Жаңа жыл, Наурыз мерекелерінде де ақ дастарханда бірігіп, бірге ән айтып, би билейміз, әсіресе қыздарымыз сәндә киімдерін киіп, олардың өнерін тамашалаймыз”, – деді Айткүл Исраелова.

Түркістандық ананың көп баласы болғанымен, оларды бір-біріне бақтырып өсіруді құптамайды. Оның сөзінше, сәбиді екінші бір бүлдіршінге жүктеп қою – орынсыз нәрсе. 

“Балалар әкесі мен анасының қалауымен дүниеге келеді. Олардың жақсы тұлға болып қалыптасуына біз жауаптымыз және сол үшін еңбек етеміз, күш-жігерімізді жұмсаймыз. Ал әпкесі немесе ағасына іні-қарындастарын баққызып қоюға болмайды. Мен олардың балалық шағын ұрлағым келмейді. Әрине, өз еріктерімен қалаған кезде өздері қол ұшын созады. Бірақ негізгі жұмысты әкесі екеуміз қолға аламыз”, – деді 11 баланың анасы. 

11 баланы өсіріп отырғаны үшін 35 жастағы әйел әлеуметтік көмек алады. Сондай-ақ ай сайын мемлекет тарапынан льготалар мен жеңілдіктер қарастырылғанын айтты.

“Көпбалалы болғысы келетін ата-аналар қаржылай сауатты әрі ауқатты болуы тиіс. Себебі оларды жетілдіріп, киіндіру, тамағын беру қомақты қаржыны қажет етеді. Әрине, барға қанағат етеміз, мемлекеттің көмегінен де пайда бар. Бірақ кейде ақшадан тарылып қалатын кездер болады. Ондай кезде сабыр қылған жөн”, – деді ана.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда 576,4 мың көпбалалы отбасы мемлекеттен жәрдемақы алады. Түркістан облысы Қазақстан бойынша демографиялық көрсеткіштен көш бастап тұр. Өңірде әрбір екінші отбасы жеті баладан өсіріп жатыр. Ал Исмаиловтар отбасы одан да көп азаматты шығармақ.

Талқылау