"Арқанды кесемін": Астаналық тұрғын өнеркәсіптік альпинистке қоқан-лоқы көрсеткен
Фото: Видеодан скрин
Астанадағы “Сулы-жасыл” бульварда орналасқан тұрғын үй кешенінде өнеркәсіптік альпинистке қатысты жағымсыз жағдай тіркелді. Кешен тұрғыны фасадта жұмыс істеп жатқан маманға сақтандыру арқанын кесемін деп қоқан-лоқы көрсеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға 22 қараша күні болған. 12 жылдан бері осы салада еңбек етіп келе жатқан астаналық өнеркәсіптік альпинист Нұржан бұл жағдайдың өзін қатты күйзелткенін айтады. Оның сөзінше, сол күні ол әріптестерімен бірге 24-қабатқа көтеріліп, тұрғын үйдің шыны пакеттерін ауыстыру жұмыстарын жүргізген.
Бәрі жоспар бойынша өтіп жатқан. Алайда төмен түсу үшін арқанды тастаған сәтте, 25-қабаттағы көрші пәтердің иесі терезе жанынан шығып, наразылық білдіре бастаған.
"Ол алғашқы секундтан бастап айғайлай бастады. "Неге менің рұқсатымсыз тереземнің жанынан өтесіңдер, неге аяғыңмен терезеге тірелесіңдер? Тереземді таптап тастадыңдар деді", – дейді Нұржан.
Альпинист ер адамның уәжіне жауап ретінде бұл жұмыстардың ресми түрде жүргізіліп жатқанын, мұндай жағдайда тұрғындардың жеке рұқсаты талап етілмейтінін және жұмыс аяқталған соң терезелер міндетті түрде тазаланатынын түсіндірген. Алайда бұл сөздер ер азаматты тыныштандырмаған.
Оған арқанның кондиционердің сыртқы блогына тиіп тұрғаны да ұнамаған. Ақыры дау жанжалға ұласып, ер адам арқанды кесемін деп ашық түрде қорқытқан.
Соған қарамастан бригада жұмысты қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, толық аяқтаған. Шыны пакеттер орнатылып, терезелер сүртіліп, жұмыс орны ретке келтірілген.
Нұржанның айтуынша, өнеркәсіптік альпинистердің қызметі тек терезе жуу немесе жөндеу емес. Олар фасадты жылылау, биіктікте монтаж жұмыстарын жүргізу, ірі көлемді жүк көтеру сияқты ғимараттың қалыпты жұмыс істеуі үшін аса маңызды міндеттерді атқарады.
Астанадағы қасбеті құлаған тұрғын үйге кім жауапты болған
Еске салайық, бұған дейін 2023 жылдың қазан айында Астанада төрт өнеркәсіптік альпинист тоғызыншы қабаттан құлап, үш альпинист қаза болған еді. Қайғылы оқиға елордадағы құрылыс нысандарының бірінде өнеркәсіптік альпинистердің қауіпсіздік талаптары сақталмаған жағдайда жұмыс істеуінің салдары ретінде тіркелді. Тергеу барысында көтергіш арқанның техникалық жағдайы тиісті деңгейде тексерілмегені және жауапты тұлғаның еңбекті қорғау ережелерін орындамағаны анықталды.
Ғалымдар Каспий теңізі екіге бөлінетінін ескертті: Бұл Қазақстанға қандай қауіп әкеледі?