Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Арыстағы жарылыс: Оқ-дәрілерді жою жұмыстары қайта жалғасты

Бүгіннен бастап Арыста оқ-дәрілерді жою жұмыстары қайта басталады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап. 

"Көктем басталысымен оқ-дәрілер қалдықтарын жою бойынша жұмыстары қайта жалғасты. Кәсіби және тәжірибелі саперлерден жасақталған  құрама инженерлік-саперлік топ Арысқа келді. Әскерилер арнайы техника және құралдармен толық жарақталған. Далалық госпиталь ашылды. Саперлердің басты күші жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Ал ауылшаруашылық жұмыстарының қайта жандануына байланысты егіс алқаптары мен жайылымдар маңайы тексеріледі", - делінген хабарламада. 

Министрліктің хабарлауынша, табылған заттар мен оның бөлшектерін арнайы жабдықталған орынға (полигонға) жинап, жояды. Қауіпсіз деп танылған оқ-дәрілерді шығару жалғасады және біразы қоймалар маңында қауіпсіздік шараларын сақтай отырып жойылады

"2020 жылғы жүргізілген жұмыстардың тәжірибесі көрсеткендей, табылған заттар мен бөлшектердің көбі қауіпсіз. Бұған қарамастан жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейтаныс заттар табылған кездегі іс-қимыл тәртібін жеткізу үшін Қорғаныс министрлігі ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуде", - деп мәлімдейді қорғаныс министрлігі.  

Сондай-ақ, хабарламада қыс мезгілінде ауа-райының нашарлауы мен жердің қатуына байланысты оқ-дәрілерді жоятын әскери саперлердің қызметі тоқтатылғаны айтылады. Алайда қоймалар аумағын тазарту, сынықтарды жинау, металл бөлшектерін сұрыптау жұмыстары жалғасты. Жергілікті тұрғындардың өтінімдеріне жедел ден қою үшін   топтар құрылған. 

Еске салайық, 2019 жылы 4 маусымда Арыс қаласындағы қару-жарақ қоймасында жарылыстар орын алған еді. Салдарынан үш адам қаза болып, тағы екі жүзге жуығы жарақат алды. Тұрғындар эвакуацияланып, кейіннен Арыс қаласын қайта қалпына келтірілді. 

Сонымен қатар, үстіміздегі жылдың қаңтар айында Шымкенттік гарнизонның әскери соты Арыстағы жарылыстарға байланысты істі прокуратураға кері қайтарды. Бұған себеп - қылмыстық-процессуалдық заңнаманың бұзылуы. 


 

Талқылау