Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Арыстағы жарылыс: 350-ден аса адам хабар-ошарсыз кеткен

Арыс қаласындағы жарылыстардан кейін 350-ден аса адам хабар-ошарсыз кеткен. Олардың тек үшеуі табылыпты.

Арыс

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Otyrar порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Шымкент қалалық ТЖД ішкі және сыртқы коммуникациялар тобының мәліметінше, өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері Шымкенттегі орталық мешітте жоғалып кеткен арыстықтардың тізімін жасауда. 

26 маусымда шұғыл желі 50 мыңға жуық қоңырау қабылдаған. Тек қазақстандықтар емес, өзге де мемлекеттердің тұрғындары Арыста зардап шеккендерге көмек беруге дайын екенін айтқан. Хабарласқандардың дені жақындарын іздеп, сонымен қатар темір жолы көлігі мен автожолдардың жұмысы туралы сұрауда. 

Хабарланғандай, қазіргі уақытта Шымкентте эвакуацияланғандарды қабылдайтын 42 бөлім жұмыс істеп тұр.Онда Арыстың 4 886 тұрғыны орналастырылған. Олардың жартысы – балалар.

Арыстан эвакуацияланғандардың дені туыстарының үйінде күнелтуде. 

Жарылыстар мен эвакуация кезінде жоғалып кеткендерді іздестіру бойынша жұмыстар жалғасуда. Қазіргі уақытта тізімдегі 350-ден аса адамның үшеуі ғана табылыпты.

Кейінірек бұл ақпаратқа ІІМ пікір білдірді. ІІМ Арыс қаласында 350 адамның із-түзсіз жолғалғаны туралы ақпаратты жоққа шығарып, қазақстандықтардан дүрбелеңге салынбауды және расталмаған ақпаратты пайдаланбауды сұрады.

Талқылау