Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"30 мың теңге": Түркістан облысында жұрт жаназа шығаруға прайс енгізіп қойған имамдарға шүйлікті

Журналист Әуелхан Назарқасымұлы желіге Түркістан облысы Арыс қаласында имамдар жаназа шығару үшін ақы сұрап, арнайы соманы бекітіп қойғанын жазды. Бұған шариғат қалай қарайды? Бұл туралы Stan.kz тілшісі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына хабарласып, ресми өкілінен сұрап білді.

Фото: muftyat.kz

Қоғам белсендісі Әуелхан Назарқасымұлының айтуынша, арыстық имамдар жаназа шығару құнына белгілі бір ақы бекітіп қойған. "Қуаныш пен қайғыны ажырата алмаса бір-бір мешітте даңғарадай сәлде киіп несіне жүр десеңші?" дейді ол. 

"Біздің Арыста участкелік имамдар жаназа шығаруға 30 мың теңге деген ақы қойып қойыпты. Неге деген сұраққа "беташарға" да бересіңдер ғой” деген уәждері дайын дейді. Қуаныш пен қайғыны ажырата алмаса, бір-бір мешітте даңғарадай сәлде киіп несіне жүр десеңші?.. Уақыт өте келе жағдайы жоқтар жаназасыз кететін түрі бар, қысқасы. Бұрындары қазіргі қаланың бас имамының алдында екі азамат қызмет еткен. Олар бар кезде учаскелік имамдар арасында осылай жаман аттары шықпаған еді. Бәленің барлығы қазіргі бас имамда-ау деп отырмын", – деп жазды журналист Facebook желісінде.



Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі Ағабек Қонарбайұлы қазір желідегі жазба негізінде облыстың бас имамы Арыста арнайы жиналыс өткізген.

"Біріншіден, жаназа өткізу рәсіміне ақы талап ету, я болмаса қандай да бір ақша мөлшерін белгілеу дұрыс емес. Қазір мәселенің анық-қанығына көз жеткізіліп жатыр. Түркістан облысының бас имамы Арыс қаласында имамдарға арнайы жиналыс өткізіп, осы мәселеге қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Егер шынымен имам өрескел қателер жасаса, оның әрекеті расталса, тәртіптік шара қолданылады", – деді ҚМДБ өкілі.

Ағабек Қонарбайұлы діни басқарманың "Дін қызметкерінің этикасы" деп аталатын құжатта имамдар этикасы жан-жақты жазылғанын атап өтті.

"Сондықтан осы этикаға сәйкес жаназа секілді діни рәсімдерге ақша талап ету, яки соның мөлшерін белгілеп, соны халықтан ашықтан ашық сұрау этикаға қайшы", – дейді баспасөз қызметінің өкілі Ағабек Қонарбайұлы.

Желі қолданушылары жазбаны қызу талқылап жатыр.

"Сол имамдарды көріп жүрмін. Мешіттен садақадан салынған ақша 70-80 мың теңгедей шығатын шығар. Оның 40 мың теңгесі имамға, қалғаны жарыққа, майда-шүйдеге кетеді. Имамның әйелі босанып, емшегінен сүт шықпай, ақшасы жоқ, үйде азық-түлік жоқ, амал жоғынан "биг-бон" жеп отырғанын талай көрдім. Жүрегім ауырып кетті, үйден ет алып, азық-түлік әкеп бердім", "Имамдарға жаназа үшін бересіздер", "Тіптен ешкімі жоқ, ақша бере алмайтын адамның жаназасы болса, имам тегін ақ шығарып береді", "Имамдарға онда жақсы айлық берсеңдерші. Олардың да бала-шағасы бар. Сол имамдар сияқты таңнан кешке дейін жыл 12 ай тегін жүре аласыңдар ма?", "Имамның мәйітті шығару жұмысы емес. Қолдарыңыздан келмесе, білімдеріңіз жетпесе, ақысын төлеп, ілім иелеріне төлегенде не тұр?! Оларға да отбасын бағу керек қой. Имамдарда жалақы жоқ! Неке қиып, жаназа шығарып, соған аз-маз тиын алады! Оның жанында тамадалар да, бишілер де, 100 мың теңгенің үстінде алады ғой. Тәубе етейік", – деді көпшілік оқырман.

Еске салайық, 1 наурызда Қазақстанда жерлеу және бейіттерге күтім жасауды ұйымдастырудың қағидаларына өзгерістер енгізілгенін жазған едік. 

Талқылау