Директор туралы жалған ақпарат таратқан мұғалімге 500 мың теңгеге жуық айыппұл салынды

Фото: ЖИ
Маңғыстау облысында әріптесі мен лицей директорына қатысты әдейі жалған ақпарат таратқан мұғалімге айыппұл салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, педагог білім басқармасына лицей басшысына қатысты шағым жолдаған. Ол директорды жас мамандарға орын босатпай отыр деп айыптаған. Сонымен қатар шағымында басқа бір мұғалім туралы да шындыққа жанаспайтын мәлімет келтіріп, оның "Ауылдың жас кәсіби маманы" сыйлығын директордың араласуымен алғанын мәлімдеген. Бұдан бөлек, педагог ар-намысқа тиетін өзге де мәліметтер таратқан.
Қазақстанда енді мұғалімдер сабақтан тыс уақытта оқушылар үшін жауапкершілік арқаламайды
Сот мұғалімнің әрекеттері директордың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіргенін анықтады. Сот отырысында әйел өз кінәсін мойындамай, ақпаратты басқа қызметкерлерден естігенін және жалған мәлімет тарату ниеті болмағанын айтты. Ол әріптесінен кешірім сұрап, шағымын тапсырғаннан бірнеше күн өткен соң қайтарып алған.
"Шешім шығару кезінде сот жеңілдететін мән-жайларды, кәмелетке толмаған балаларының барын және бұрын құқықбұзушылық жасамағанын, ескеріп, 160 айлық есептік көрсеткіштің 30 пайызы мөлшерінде, яғни 484 400 теңге айыппұл салуды белгіледі", – делінген соттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Шешім заңды күшіне енген жоқ.
"7 миллиард теңгеге жуық": Алматы әкімін қамтамасыз етуге премьер-министрден көп қаржы жұмсалады