Археологтар андронов мәдениетіне тән әйелдің әшекейлерін тапты
Фото: Видеодан скрин
Түркістан облысынан археологтар Андронов мәдениетіне тән әйелдің бірегей әшекейлерін тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ғалымдар Ордабасы ауданындағы Бөгүн су қоймасының аумағында зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Күзге қарай су айдыны тартылып, ежелгі жерлеу орындары жасырынған жерлер ашыла бастайды. Осылайша археологтар қола дәуіріне жататын төрт қорымды анықтаған. Бұл табыстар мыңдаған жылдар бұрын Түркістан өңірін мекендеген адамдардың өмірі мен мәдениеті туралы жаңа мәлімет береді. Ең бірегей олжа – б.з.д. XV-XVI ғасырларға жататын әйел қабірі болды.
Помпейдегі жаңа қазбалар: Археологтар таңғажайып фрескаларды тапты
Археологтар Қазақстандағы ең көне адам қорымдарын тапты
Бұл жерлеу андронов мәдениетіне тиесілі және сол дәуірдегі әйелдердің тұрмысы мен дәстүрлерін бейнелейді. Мұнда археологтар бас киімнің бөлшектері мен әшекейлерін тапты. Олар алтын жалатылған қола самай сақиналары, білезіктер, моншақтар мен ұсақ бисерлер, ерекше пішінді сырғалар.
"Оңтүстік Қазақстан аймағы үшін бұл бірегей табыс. Бұл қола дәуіріндегі халық қола өңдеуді, қола құюды меңгергенін, зергерлік өнердің негіздерін білгенін дәлелдейді. Мұның бәрі біздің ежелгі ата-бабаларымыздың осы жерде жоғары деңгейде өмір сүріп, еңбек еткенін көрсетеді", – дейді Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің профессоры Александр Подушкин.
Айта кетейік, бұған дейін Археологтар құм үйіндісінің астынан ежелде адамдарды құрбандыққа шалған қасиетті орынды тапқаны туралы жазған едік.

"Қазақтар тұрмайтын Германияда тіліміз қазақша шықты": Шетелде туып-өскен қазақ жігіті желі қолданушыларын несімен сүйсіндірді
