Ардақ Назаров ислам жолына қалай келгенін айтып берді
Ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы Ардақ Назаров ислам жолына қалай келгенін айтып берді.
-Дүниедегі ең үлкен бақыт – тыныштық тапқан жүректе болса керек. Алла Тағала қалаған құлына иман беріп, қалаған құлын адастырады екен. Имандылыққа бет бұруыңыз әрине, алдымен Алланың қалауы ғой. Дегенмен кейде адамның Исламға келуіне бір оқиғалар себеп болып, бір адамдар себепші де болып жатады. Ал сіз Хақты қалай таныдыңыз?
– Өзіңіз айтып отырғандай Алла Тағала байлықты қалаған құлына береді, бірақ иманды, Исламды, ізгі жүректі өзінің сүйген құлдарына ғана береді екен. Алла Тағаланың жүрегімізді ашып, ақ пен қараны, жақсы мен жаманды ажыратуға жол көрсетіп, нұрлы жүрек пен Исламды нәсіп еткеніне шүкіршілік етемін. Раббыма сансыз мақтау болсын! Менің Исламға келуіме басты себеп болған нәрсе мұсылман отбасында өскендігім болса керек. Атам мен әжем намаз оқитын. Бала кезімде әжемнен естіген көптеген уағыздар әлі күнге дейін жадымда. Кішкене күнімізде намаз оқымасақ та әжеміздің намаз оқығанын қызықтап өстік. Кейін арман қуып Алматыға келгеннен кейін көптеген мұсылман бауырларымыздың «Ардақ, Алладан қорық. Өйткені, Қияметте Алла Тағала сен спортшы екенсің ғой, сен чемпион екенсің ғой демейді. Оразаң мен намазыңды, істеген ізгі амалдарыңды сұрайды» деген сияқты уағыз-насихаттарын естідік. Солай «Не үшін жаратылдым? Кіммін? Қайдан келдім? Жаратылудағы мақсатым не?» деген сияқты сұрақтар төңірегінде ойлана бастадым. Бірақ жұма намазын қалдырмай, үнемі барып тұратынмын. Бір күні жұма намазына барсам, белімнен ғана келетін кішкентай бір бала қасымда намаз оқып тұр. Соны көріп ұяттан, намыстан жерге кіріп кете жаздадым. «Мына кішкентай баланы қарашы, намазын оқып жатыр. Ал мен болсам дап-дардай азаматпын. Одан күшім көп, тамақты да көп жеймін. Ақылым одан да үлкен. Намаз оқымай жүргенім мынау» деп өз-өзіме қатты ренжідім. Сөйтіп, намазға бет бұра бастадым. Кейін Алла Тағаланың қалауымен бес уақыт намазға жығылдым. Намазымның, дінімнің, спортқа, өміріме, тіршілігіме ешқандай кедергісі жоқ. Керісінше, ең бақытты адам менмін. Жарысқа шығатын болсам, Алла Тағалаға тәуекел етемін. Үнемі, Алла Тағаланың мені бақылап, бағдарлап тұрғанын білемін. Алланың шынайы құлы болғаным үшін, Оны танып, құдіретін сезінгенім үшін Оған сансыз мадақтар айтып, шүкіршілік етемін.
– Алғаш намаз оқып жүргенде қандай сезімде болдыңыз?
– Алғаш намаз оқыған күнім – өмірімдегі ең бақытты күндердің бірі. Алла Тағаланың алдында тұрғандай, ортада еш кедергі жоқтай намаз оқитынмын. Жүзімді құбылаға қаратып, намазға тұрған сол күндердегі сезімімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Жүрегімді өзіме беймәлім бір тылсым сезімнің билегені рас. «Адамдардың баршасы неге намаз оқымайды? Мынандай сезім қандай керемет! Неге бұлар сол бақытты сезбейді?» деп адамдарға жанашырлық көзқараспен қарайтынмын. Сол уақыттары бір қызық оқиға болды. Намазды бір минутын кешіктірмей таңғы сағат төртте десе төртте, түскі бір жарым десе, бір жарымда, кешкі сағат бесте десе бесте оқитынмын. Бір күні белгілі бір себептермен бір жарымдағы намазға кешігіп қалдым. Кешіккенім, бес-он минут қана. Автобустан түсе сала үйге қарай жүгіріп келе жатырмын. Бірден отыз бес минут кетті. «Алла Тағалам намазымды қабыл етпей қоя ма?» деп жылап, ентігіп, үйге кіре сала дереу дәретімді алып, бірден қырық кеткен кезде бесін намазын оқыдым. Алла Тағаладан қорқып тұрмын. «Алла Тағалам! Менің намазым қаза болып кетті ме? Не болды, мен не істедім?» деп Алла Тағаладан кешірім сұрадым. Біраз уақытқа дейін уайым-қайғыда жүрдім. Сөйтсем, кейін белгілі болды, намаз бір жарымда кіргенімен жаз уақыттарында кешкі сағат жетіге қарай шығады екен. Аллаға шүкір, бүгінгі таңда намаз оқығаныма жеті жыл толыпты. Өмірдің жалғанын білген сайын адамның құлшылығы да күшейеді, жақсы мен жаман, ақ пен қараны ажыратуға қабілеттері де артады екен. Бүгінгі күнім үшін Аллаға шүкірлік етемін.
– Даналарымыз «Кәрілік келмей тұрып жастықтың қадірін біл» деген екен. Жастығыңыздың қадірін қаншалықты біліп жүрсіз?
– Сүйікті Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисінде: «Кәрілік келмей тұрып жастықтың қадірін біліңдер, ауру келмей тұрып денсаулықтың қадірін біліңдер. Өлім келмей тұрып тіршіліктің қадірін біліңдер, қарбалас уақыт келмей тұрып бос уақыттың қадірін біліңдер» дейді. Адам қызығы, қызыл-жасылы көп дүниеде өзінің жастық шағын Алла Тағаланың жолына арнаған болса, Алланың дініне бет бұрып, жамандықтан тиылып, Исламға бет бұрған болса мәңгілік бақытты тапқаны. Қиямет күні адамдардың барлығы қиыншылық көріп жатқан кезде Алланың мейіріміне бөленетін жеті құл болады екен. Олар: әділ басшы, мешітке көңілі байланған адам, бірін бірі Алла Тағала үшін жақсы көргендер, Алла Тағала үшін ажырасқандар, кездескендер және өмірін, өмірінің ішінде жастық шағын құлшылықпен өткізгендер екен. Алла Тағаланың бізге берген жастық шағында Алланың жолына түскенім үшін қуанамын. Кей адамдарға барып «Намаз оқы, құлшылық қыл» дейтін болсаң, «Ертең қырыққа, елуге толғанда оқимын ғой» дейді. Оларға намаз оқу кәрілердің ісі сияқты көрінеді. Ал қартайған адамды намаз оқуға шақырсаң, ол «Балам-ау, тізем ауырады, көзім көрмейді, тілім келмейді» дейді. Сөйтіп, өзінің денесіне сіңіп қалған күнәларын істеп, ахиретке қалай өмірінің озып кеткенін білмей жатады. Қазақта даналарымыздан қалған «Жастық шақта алған білім – тасқа ойып жазғандай, Орта жаста алған білім – қаламменен жазғандай, ал кәрілікте алған білім – құмға жазғандай» деген қанатты сөз бар. Жастық шақта «тасқа ойып жазғандай» білім алып, құлшылықтар істейтін болсаңыз, мына әлемнің қызық-шыжығынан тиылып, өзіңіздің нәпсіңізді берік ұстайтын болсаңыз, ол амалдарыңыз бір Алланың алдындағы дәрежеңіздің биік болып, қияметте Алла Тағаланың мейіріміне бөленуіңізге бірден бір себепкер болады. Бүгінгі таңда жастарымыз имандылыққа бет бұрған болса, Құдайдан қорқатын болса, Алланы шынайы танитын болса қоғамдағы жезөкшелік, зинақорлық сияқты оғаш дүниелер болмас еді. Оның барлығы да дінді түсінбегеннен болып жатыр деп ойлаймын.
– Адасушылардың көбінде ата-баба аруағы бізге көмектеседі, біз үшін Алла Тағаладан жәрдем сұрайды деген түсінік қалыптасқан. Қабір басына бармайтындарды уахабиске балап жататындар да жоқ емес. Жалпы, мұсылман қауымы қабір басына қандай мақсатпен бару керек?
– Пайғамбарымыз Мұхаммед (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің хадистерінде «Қабір басына барып тұрыңдар. Өйткені, қабір ахиретті еске түсіреді» дейді. Қабір басына барғанда сиынуға, олардан бірнәрсе тілеуге бармауымыз керек. Ең үлкен күнә – Алла Тағалаға серік қосу. Бір аруақты Алла Тағаланың деңгейіне көтеру, аруақ маған бала берді, денсаулық берді, байлық берді деу өте үлкен күнә. Алла Тағаланың кешірмейтін күнәсі. Бізден бұрын өмір сүрген ата-бабаларымыз да біз сияқты адам болған. Олар да күнә істеген. Мысалы, бәленбай жылдан кейін «Ардақ деген батыр болып еді» деп менің кесенеме келіп «Ардақ, маған бала бере гөр» деп тілесе, күлкілі нәрсе ғой. Менің бүгінгі жүріс-тұрысымды, қандай болғанымды халық біледі. Адамдардың бәленбай ғасырдан кейін «Осы маған бала береді, осы маған шарапат, жақсылық береді» дейтіні шайтанның адастыруы. Біз қабір басына келген кезде «Ғұламалар, батырлар, ел басқарған билер, көсемдер де өмірден өтіп кеткен, ертең біз де жалған дүниеден өтеміз, қабірде жатамыз, бір орам ақ мата мен екі метр жер ғана бұйырады» деп ғибрат алуымыз керек. Қабірдегі аруақтан тілек тілеу ақымақтық деп ойламаймын. Адам (ғ.с) жаратылғаннан кейін Нұх пайғамбар (ғ.с) екеуінің ортасында аруаққа табыну деген мәселе болмаған екен. Күндердің күнінде пайғамбарлардың ізбасарлары ретінде атақты ғұламалар өмірге келеді. Ол ғұламалар өмірден өткеннен кейін олардың балаларына шайтан келіп «Ей, ғұламалардың ұрпақтары! Аталарыңның мүсіндерін жасап қойыңдар, суреттерін салып қойыңдар. Ертең сендерден кейін дүниеге келген немере, шөберелерің суреттер мен мүсіндерді көріп, олардың Алла Тағалаға жақсы құл болғандығын еске алады. Сөйтіп Алла Тағалаға ықыластары болады. Бірақ сендер бұған табынбаңдар» дейді. Сөйтіп, ғұламалардың балалары өмірден өтеді. Одан кейін немере, шөберелері дүниеге келгенде шайтан қайтадан келіп «Ей, пәленшенің ұрпақтары! Ана мүсіндерді көрдіңдер ме? Бұл сендердің бабаларың. Сендердің әкелеріңнің әкелері осыған табынған. Осы пұттардан сұраған. Бұл мүсіндердің кім екенін білесіңдер ме? Олар пайғамбарлардың ізбасарлары, шыншылдар мен ізгілер ғой. Егер сендер пұттардан сұрайтын болсаңдар, әлбетте олар Алланың қасында. Олар сендердің дұғаларыңды естиді де Аллаға жеткізеді. Сөйтіп Алла Тағалаға сендер де жақындайсыңдар» деп келесі ұрпақтың ұрпағын азғырады. Кешегі Ахмет Яссауи бабамыздың, Райымбек аталарымыздың кесенесін «Ұрпақтары табынсын» деп салмаған. Бірақ, ұрпақтары табынып жатыр. Руға, тайпаға бөлініп «Бәлен батырдың кесенесі, түген батырдың кесенесі» деп қаншама қаражатты соған бөліп жатыр. Бір ру қаншама милллион ақшаға бабаларының кесенесін тұрғызып жатыр. Сол ақшаны жетім-жесірге, қиналған кісілерге беретін болса әлденеше сауабы болатын еді. Сондықтан да бүгінгі таңдағы «Бәлен әулие, бәлен аруақ, бәлен шейт» демей-ақ солардың атынан бір мешіт салса қандай сауап болар еді. «Бәленбай батырдың мешіті, түгенбай әулиенің мешіті» дейтін болсақ, салынған мешіттен аруаққа да, ұрпаққа да сауап барып тұратын еді.
– Құранда: «Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы» деп келетін аяттар бар. Ислам саласында білім алуға қаншалықты талпынып жүрсіз? Ұстаздарыңыз бар ма?
– Сүйікті пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мынандай керемет хадисі бар. «Кімде кім білім алуға жолға шығатын болса, Алла Тағала сол арқылы ол пенденің жәннатқа кіретін жолын жеңілдетіп қояды» дейді. Білім алушының талабына риза болған аспандағылар, жердегілер, тіпті судағы балықтарға дейін оларға истихфар айтады, кешірім тілейді екен. Тіпті білім алушының әрбір қадамының астына періштелер қанаттарын төсейді. Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Тал бесіктен жер бесікке дейін білім алыңдар» дейді. Білім – мұсылманның басты қаруы. Білім бар жерде ғибадат та күшті болады. Адам ғибадаты күшейген сайын Алладан қорқатын болады. Білімді адамдар – Алладан көп қорқатындар. Бір білімді адам шайтан үшін мың жай мұсылманнан артық екен. Білімді адамның Алланың алдындағы дәрежесі өте жоғары болады. Исламға келгеннен кейін бір нәрсемен тоқтап қалуға болмайды. Сол себептен біз де шамамыз жеткенше білім алып жатырмыз. Тәлім-тәрбие беріп, жол көрсетіп жүрген Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының ұстаздары мен “Нұр-Мүбәрәк” университетінің ұстаздары бар
– Пайғамбарлар немесе сахабалар өмірінен біздерге ғибрат боларлық бір әңгіме айтып беріңізші?
– Бір күні сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйіне Омар ибн Хаттаб (р.а) кіреді. Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қамыстан жасалған төсектің үстінде жатыр екен. Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тұрып амандасқанында, Омардың көзі Алла Елшісінің арқасына түскен қамыстың ізіне түседі. Тамақ ішетін жеріне қараса, бір түйір дәм жоқ екен. Оны көрген Омар (р.а) еңкілдеп жылай бастайды. Алла Елшісі «Ей, Хаттабтың ұлы, сені жылатқан не нәрсе?» деп сұрағанда Омар (р.а) «Ей, Расулалла! Парсы, Рим патшаларын көрдім. Олар үлде мен бүлдеге оранған. Мамық жібектің үстінде, алтын сарайдың ішінде, құлдары мен күңдері бар. Не ішем, не кием демейді. Ал сіз, Алла Тағаланың ең сүйікті құлы, ең сүйікті елшісі, ең сүйікті пайғамбарысыз. Сіздің жатқан жатысыңыз мынау, арқаңызға батқан қамыстың ізі. Ішетін тамағыңыз да жоқ» дейді. Сонда Ол (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Омардың (р.а) арқасынан қағып «Ей, Омар! Еш өкінбе, бұл дүние олардікі, ақырет біздікі болуын қаламайсың ба?» деген екен. Сүйікті Пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Алла Тағаланың құлы, елшісі болса да сондай жұпыны өмір кешкені, кей күндері ішетін тамағы да болмағаны, сонда да сабыр еткені бізге қалай ғибрат болмасын?! Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Егер мен қаласам Алла Тағала маған таулардың барлығын алтынға айналдырып беретін еді. Бірақ менің бұл дүниемен қатысым жоқ» деген еді.
– Жиі айтатын немесе сүйікті аятыңыз бен хадисіңіз…
-Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір күні сахабаларына «Үмбетіме сондай бір заман келеді. Сонда олар бес нәрсені жақсы көріп, бес нәрсені мүлде ұмытады. Дүниені жақсы көріп, ахиретін ұмытады. Өмірді жақсы көріп, өлімді ұмытады. Зәулім сарайларды жақсы көріп, қараңғы қабірлерді ұмытады. Мал-мүлікті жақсы көріп, ол үшін берілетін есепті ұмытады. Жаратылысы жақсы көріп, Жаратушыны ұмытады» деген екен. Біз ешқашан бейғам болмауымыз керек. Алла Тағаланы танып, баратын жеріміздің қабір екенін біліп жүруіміз керек. Алла Тағала Ғұзайыр пайғамбарға (ғ.с) былай деген екен «Ей, Ғұзайыр! Егер сен бір кішкене күнә жасап қойсаң, сен оның мардымсыздығына қарама. Сен кімнің алдында кінәлі екеніңді ойла. Аздаған жақсылыққа қол жеткізетін болсаң, оның аз екенін ойлама. Оны кім бергенін ойла. Егер бір пәлеге тап болсаң, Мен туралы бүкіл халыққа арызданба. Өйткені, Маған жамандықтарың туралы хабар жеткен кезде сен туралы Мен перішелеріме арызданбаймын ғой» деген екен. Ғұзайыр пайғамбарға (ғ.с) Алла Тағала айтқандай адам баласы кімнің алдында күнә жасап жатқанын білу керек. Пайғамбарымыз: (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Кімде кім ашуын тоқтатса, оған жәннаттың қасынан үй салынады. Сабыр сақтаса, Алла Тағала оған жәннаттың ортасынан үй салады. Кімде-кім мінезін көркем қылса, Алла Тағала оған жәннаттың ең биік дәрежесінде үй салады» деген. Алла Тағала әр мұсылманға салиқалы көркем мінез, жәннат нәсіп етсін! Әмин!
Марфуға Шапиян
Жіберіп алмаңыз:
Ресейлік депутат жанкүйерлер төбелесін спорт түрі етуді ұсынды
Қазақстанның ең сексуалды спортшы қызы ресейлік қарсыласын жеңіп тастады (видео)