Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әрбір санның артында бір тағдыр тұр": Тарихшылар саяси-қуғын сүргін құрбандарын ақтаудың тарихи маңызы туралы айтты

2020 жылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандардың атын ақтайтын өңірлік комиссиялар құру туралы қаулысы қабылданғалы бері әр елді-мекендерде тарихшы-ғалымдардан жасақталған топ жұмыс істеп келеді. Олардың басты мақсаты – жазықсыз жазаға тартылған адамдардың тағдырын теріп, тарихты қайта қалпына келтіру. Өз кезегінде Алматы қаласы бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия мүшелері атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелерімен бөлісіп, қажырлы да қиын жұмыстың жай-жапсары жөнінде айтты.

Репрессия

Дереккөз Egemen.kz

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі қалалық комиссия төрағасының орынбасары, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, доцент Бауыржан Жанғұттин осы уақытта дейін комиссия мүшелерінің тыйым салынған мұрағаттармен жұмыс істеп келгенін айтады.

"Бізге дейін де құрбандарды ақтау үшін құрылған комиссиялар жұмыс істеді. Мысалы үшін, 1988 жылы Жоғарғы сот Ахмет Байтұрсынұлы мен Мағжан Жұмабаевты ақтаған кез. Одан кейін 1993 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарының атын ақтау жөнінде заң қабылданды", - дейді тарихшы.

Тарихшылар саяси репрессия құрбандарының белгіленген сандарымен жұмыс істеуде.

Тарихшының айтуынша, олар алдымен заңнамалық базаны қалпына келтірген, себебі барлық бұйрық Ішкі істер халық комиссариатынан (әрі қарай НКВД) басталған. Ақтау комиссиясы НКВД-ның №447 бұйрығы бойынша 1937 жылы 13 шілдеде ҚазақКСР-нен (Қазақ Кеңестің Социалистік Республикасы) 26 182 адам сотталған. Оның ішінде 13 282 ең ауыр жазаға (ату жазасы) тартылған. Ал 12 900 адамды лагерьлерге жіберген.

"Барлығын білсек те, біз білмейтін зат әлі де көп екеніне көзіміз жетіп келеді"

Тарихшылар жаңа бір ақпаратқа қол жеткізіп, өткенге үңілген сайын анықталмаған жәйттердің көп екеніне көз жеткізетіндерін айтады.

Бауыржан Жангуттин

Тарих ғылымдарының докторы, доцент Бауыржан Жанғұттин

"Әрбір санның артында тағдыр тұр. Бұл өте қорқынышты. Мысалы, бір адамның мынадай тағдырына куә болдық. Ол сотталып, лагерьге 5 жылға айдалады. Жазасын өтеп болған соң босату жөніндегі қаулыны күтеді. Сол қаулыны күтіп жүргенде тағы 1 жыл өтіп кетеді. Яғни, ол 1937 жылы босап шығуы тиіс болғанымен, бір жылға кешігіп 1938 жылы шығады. Ал қаулы келмейінше ол лагерьдің төңірегінде өмір сүруі керек. Ондай адамдарды біз "өз жарлығын күткендер" деп жіктейміз. Мұндай адамдар өте көп. Тағы бір мысал, Мұхтар Әуезовтің романдарын аударған жазушы Анна Никольская. Олар Әуезов екеуі Никольскаяның алғаш қамауға алынған күнге дейін танысқан. Содан кейін оны лагерьге жібереді. Лагерьден шығып, арнайы қоныстандыруға жіберілгеннен кейін 2 жылдан соң Никольскаяны қайта қамауға алады. Бұл тағы бір топтың бар екенін айқындайды. Олар – қайта қамауға алынғандар", - дейді Жанғұттин.

Тарихшылар сонымен қоса қазақ жеріне күштеп қоныс аударылған халықтардың арасында басқа да ұлттардың көп екенін анықтаған. 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Еркін Ермұқанов ашаршылық жылдары, қуғын-сүргін кезінде басқа елдерге ауып кеткен босқындармен айналысады.

"Қанша адам кеткенінің нақты санын анықтау да оңай емес. Олардың қаншасы кері қайтты, қаншасы қоныстанып қалды мұның барлығын анықтау бір күннің жұмысымен бітпейді. Мысалы, 1930 жылғы ашаршылық кезінде жанымыздағы көршіміз Қырғызстан жеріне үкіметтің дерегіне сүйенсек, 120 мың адам кеткен. Бұдан бөлек Орта Азияның қаншама елі бар, Қытайға кеткені бар, сол адамдардың нақты санын анықтау үшін атқаратын жұмыс әлі де көп", - дейді Еркін Ермұқанов.

"Зиялылардың өздерін ғана емес аттарын да өшіріп тастамақ болған"

Тарихшылар саяси қуғын-сүргін кезінде қазақ зиялыларының өздерін түрмеге жауып, ал еңбектерін жойып жіберген оқиғалардың болғанын айтады. Сондай оқиғалардың бірі – қазақтың көрнекті ақыны Абай Құнанбаевтың туған бауырының немересі Даниял Ысқақовтың басынан өткен. Ысқақов 1931 жылы Ташкентте өмір сүрген, 1937 жылы екінші рет қамауға алынған. Ал оның 1935 жылы Бруно Ясенскийден "Түсін ауыстырған адам" (Человек меняет кожу) аударған романы әлі күнге дейін табылмаған.

Тарихшы Бауыржан Жанғұттин тағы бір оқиғаны айтып берді.

"Ахмет Байтұрсынов лагерьден шыққан соң, Жуковка ауылындағы (Ресейдегі ауыл) әйеліне барады. Байтұрсынов Әлихан Бөкейхановпен кездесіп, оған қолжазбасын береді. Бұл күнделік еді және оның тек екі экземпляры ғана болады. Ал қазір сол қолжазбаның екеуі де жоқ", - дейді Бауыржан Жанғұттин.

Тарихшылар бірақ қазір бір дәйектің табылғанын айтып, Ахмет Байтұрсынұлының жоғалып кеткен күнделігін табуға ниетті екендерін білдірді.

Еркін Ермұқанов нақты сандар жөнінде айту әлі де ерте екенін баса айтады. 2022 жылы қалалық комиссияның құрамында 37 адамнан тұратын, 7 топ жұмыс істеген. Жұмыс істейтін адамдардың 70% доктор және ғылым кандидаты, PhD доктор және 30%-ның магистр дәрежесі бар.

Еркин Ермуханов

Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Еркін Ермұқанов

Ермұқанов 1921 жылы тек Хоргос шекаралық аудан арқылы өткен 7 мың адамды анықтаған. Ал ондай аумақтар өте көп. Сондай-ақ ондай адамдардың ішінде шекарадан заңсыз өткендер де болған.

"Басқа мемлекетке өткен кезде олардың көпшілігін тіркеу мүмкін болған жоқ. Әртүрлі бұта-бұта, қуыс-қуыспен өткен ғой. Ал енді қайтатын кезде үлкен-үлкен шекара бекеттерінен өткенде оларды журналдарға тіркеп отырған. Сондықтан осы аймақтардан өткен адамдардың нақты санын анықтау үшін жүйелі жұмыс ұйымдастырып жатырмыз. Бұл да болса алдағы үлкен жұмыстардың алды", - дейді Ермұқанов.

"Өткен мен бүгін байланысқан күн"

Бауыржан Жанғұттин көпшілік бұл сандарды қарапайым сан деп ойлайтынына қынжылады, ал шындығында әрбір санның артында бір тағдыр тұр, дейді ол. Сөзіне мысал келтірген тарихшы прокуратурамен бірлесіп жұмыс істеп жүрген кезде болған қызық оқиғаға тоқталды.

"Ол жақта бізге еріктілер де көмектескен еді. Бір құжатпен танысып жатқан сәтте еріктілердің арасынан бір қыз бұл кісіні танитынын айтты. Біз қатты таңқалып қайдан екенін сұрасақ, ол қыздың көршісі екен. Біз бірден сол үйге барып, азаматпен танысып, сұрастырсақ шынымен де лагерьде болған болып шықты. Осылайша өткен мен бүгін байланысты. Ол азамат қазіргі күні де аман-сау, үлкен танымалдыққа ие болды. Мұндай оқиғалар өте көп. Бұл біздің білетініміз, білмейтініміз әлі қаншама", - дейді Жанғұттин.

Тарихшылар мұнымен қатар саяси-қуғын сүргін құрбаны болған жандардың балаларының өмір жолын да зерттейді. Олардың әрі қарайғы өмірі, құқықтарының бұзылуы мұның барлығы үлкен бір тарих, дейді олар.

Сонымен қатар елімізде өңір комиссияларының бір жылдық жұмысының нәтижесінде кітап басылып шығады. Биылғы жылдың кітабы алдағы уақытта жарыққа шығатынын айта кеткеніміз жөн.

Тарихшылар сөздерін жалғай келе өздерінің жылдам атақ іздеп немесе сенсация жаңалық тапқысы келіп емес, нағыз тарихтың бет-бейнесін ашу үшін асықпай әрі күні-түні еңбектеніп келетінін жеткізді.

Ақберен Амангелді
Сәрсенбі, 14 Желтоқсан, 2022 16:19
Талқылау