Әрбір іс-шарамыз татулық пен бірлікке үндейді: Алматы қаласы ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы ұйымның мақсаты мен міндеті туралы айтты
"Ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді". Осы бір қанатты сөз үйдің жұмысымен қатар, түздің жұмысын да атқарып жүрген аналарымыздың ісі ауыз толтырып айтарлықтай екендігін дәлелдей түссе керек. Қашан да игі істердің басы-қасынан табылатын еліміздегі бірден бір ұйым – Алматы қаласы Қазақстан Халқы Ассамблеясы Аналар кеңесі десек артық айтқандық емес. Кеңестің атқарып келе жатқан келелі істерімен оқырманды жете таныстыру мақсатында оның төрайымы Махинур Исраиловамен Stan.kz тілшісі сұхбаттасып қайтқан еді.
Алматы қаласы Қазақстан Халқы Ассамблеясы Аналар кеңесі төрайымы Махинур Исраилова
– Махинұр Вилямқызы , ең әуелі әңгімемізді Алматы қаласы ҚХА Аналар кеңесінің құрылудағы мақсат-міндетімен таныстырудан бастасақ.
– Аналардың жүрегі мейірімге толы болғандықтан олар өз баласына ғана емес, қамқорлыққа зәру барша балаларға қолдау көрсеткісі келеді. Бұл тұрғыда Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан Аналар кеңестерінің құрылуы да заңдылық деп есептеймін. Он жылға жуық уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан Алматы қаласы ҚХА жанындағы Аналар кеңестері қайырымдылық шараларын ұйымдастыру, тұрмысы төмен отбасыларға, жетім балаларға, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға материалдық және моральдық тұрғыдан қолдау көрсетуге белсенді араласып келеді. Аналар кеңесінің құрамында көп балалы аналар, патронат аналар, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның өкілдері бар. Сонымен қатар, психологиялық-медициналық мекемелер, мемлекеттік құрылымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері, дағдарыс орталықтарының мамандары, этномәдени бірлестіктердің, әйелдердің қоғамдық ұйымдарының белсенділері, медиаторлар, жастарды да осы кеңес құрамынан табуға болады. Жоғарыда атап көрсеткен бағыттар бойынша бір жылға алдын ала арнайы жоспар түземіз. Атқарылатын жұмыстарымыздың басым бөлігі де сол жоспардың аясында жүзеге асып жатады.
– Осы тұста Алматы қаласы ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің еліміздің ұлттық құндылықтарын сақтау, бірлікті нығайту бағытында атқарып жатқан істеріне тоқталып өтсеңіз.
– Иә сұрағыңығыз өте орынды. Жаһандануға ілесеміз деп жұтылып кетпеу үшін қазақтың ұлттық құндылықтарын көздің қарашығындай сақтау ең маңызды міндеттің бірі. Сол себепті де біздің Аналар кеңесінің мүшелері бүгінгі өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Атап айтқанда, "Қазақтану", "Бесік жыры", "Ақ отауға ақ бата" сынды жобалар арқылы салт-дәстүрімізді дәріптеп келе жатырмыз. Сонымен қатар, "Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт" республикалық жобасының аясында "Мектепке жол", "Аға ұрпаққа қамқорлық", "Бөтен балалар жоқ", "Балаларға қуаныш сыйла" атты көптеген іс-шараларды өткізіп келеміз. Әрбір іс-шараның өзіндік маңыздылығы бар.
– Махинур Вилямқызы, ұлттар арасындағы бірлікті нығайту жолында қандай шаралар атқарылып келеді?
– Біздің әрбір іс-шарамыз татулық пен бірлікке үндейді десек артық айтқандық емес. Атқарылған істердің әрбірін тізбектеп отыру әсте мүмкін емес. Десе де ең бір маңызды тұстарына тоқтала кеткенім жөн шығар. Әсіресе "Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт" республикалық жобасының ауқымы өте кең. Аталмыш жоба аясында Алматы қаласы Аналар кеңесінің мүшелері бесік жыры байқауын ұйымдастырған болатынбыз. Байқауға аналар Кеңесінің, түрлі этномәдени бірлестіктердің мүшелері белсене араласты. Сонымен қатар, "Ассамблея жастары" РҚБ өкілдері де іс-шараның бел ортасынан табылды. Байқау барысында түрікмен, шешен, дүнген, күрд, түрік, ұйғыр, поляк, неміс, Қырым татарлары, әзірбайжан және басқа да ұлттың өкілдері өзара бақ сынады. Мұндағы басты мақсат – отбасылық құндылықтар мен ұлттық дәстүрлерді сақтау. Осынау игі қасиеттерді жас ұрпақтың бойына сіңіру. Байқау қатысушыларының әрқайсысы өздерінің ана тілінде бесік жырын шырқап, өз өнерлерін ортаға салды. Әрбір бірлестік өздерінің қарым-қабілеттерін көрсетті. Әрі өз ұлтының мәдениетін көрермендер назарына ұсынды. Байқау нәтижесінде әрбір қатысушыға құрмет грамоталары мен бағалы сый-сияпат тапсырылды. Көпшіліктің ыстық ықыласына ие болған осынау игілікті іс-шара алдағы жылдары да дәстүрлі түрде өз жалғасын таппақшы.
– "Мектепке жол" акциясын қолдаушылардың арасында өзіңіз басқаратын ұйым да бар. Осы туралы тарқатып айтып берсеңіз.
– Жаңа оқу жылы әрбір оқушы үшін жаңа белес. Осынау білім мерекесінде көмекке мұқтаж әрбір баланың көкейіне қуаныш ұялата білу – ізгілікті істің бірі. "Мектепке жол" акциясының мақсаты – әлеуметтік қолдауды қажет ететін көп балалы отбасылар, жетім балаларға материалдық көмек көрсету. Сол арқылы әлеуметтік себептерді алға тартып, балалардың мектепке бармай қалуын болдырмау. Алматы ҚХА Аналар кеңесі "Мектепке жол" қайырымдылық акциясын жыл сайын тұрақты түрде өткізіп тұрады. Игі істі қолдауға этномәдени орталықтардың барлығы белсенді түрде атсалысады. Аналар кеңесі мүшелері Республикалық дүнген этномәдени орталығы филиалының қолдауымен аз қамтылған отбасылардан шыққан жиырма екі баланы мектепке қажетті оқу құралдарымен және сөмкелермен толықтай қамтамасыз етті. Тиісті жабдықтардың барлығы Достық үйінде ұйымдастырылған салтанатты шарада балалардың өздері мен аналарына арнайы табысталды. Дәл осындай қайырымдылық шаралары Достық Үйінде Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығының, Түрік мәдени орталығының Аналар кеңесі, Әзірбайжан этномәдени бірлестігінің Аналар кеңестерінің қолдауымен өз жалғасын тауып жатты.
– Білуімізше, балалар үйіндегі жәутеңдеген жанарларды да қуанту ісіне құлшына кірісесіздер. Бұл да бір ұйымның қызметіне кіре ма?
– "Мейірімділік – әлемді құтқарады" деген тәмсіл тектен текке айтылмаса керек-ті. Мынау дүниені ұстап тұрған да адамның адамға деген мейірім шапағаты. Әсіресе, ата-анасының қамқорлығынсыз өсіп жатқан қамкөңіл балаларды қуантудан асқан жақсы іс жоқ шығар сірә?! Алматы қаласы ҚХА Аналар кеңесі әлеуметтік қызметтер орталығының балалары үшін "Қуану-өмір сүру!" іс-шара өткізген-ді. Сонымен қатар, "Аяла" орталығының тәрбиеленушілеріне арналған салтанатты шара ұйымдастырылды. Игі шараға қазақстандық эстрада жұлдыздары мен жас көрермендер театры өнерпаздарының қатысуымен концерт қойылды. Сонымен қатар, Әзірбайжандар қауымдастығының қолдауымен "Аяла" әлеуметтік қызметтер орталығы арнайы акция өткізді. Осынау іс-шара аясында мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған 53 отбасына азық-түлік себеттері таратылды. Жалпы мұндай қайырымдылық іс-шаралары жыл бойына өз жалғасын тауып жатады.
– Махинур ханым, өзіңіз жоғарыда атап өткен "Бөтен балалар жоқ" жобасын жүзеге асыру барысында қандай іс-шараларды қамтыдыңыздар?
– Аналар кеңесі ретінде балалар қашан да біздің басты назарымызда. Өйткені, баланың жағдайын анадан артық ешкім түсіне де сезіне де алмайды. Балаларға арналған іс-шаралардың біраз бөлігін Балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырамыз. Мәселен, "Бөтен балалар жоқ" жобасының аясында Қиын өмірлік жағдайдағы балаларды қолдау орталығында қайырымдылық акциясын өткіздік. Акция барысында балаларға қажетті түрлі сыйлықтар, үстел ойындары және тәттілер табысталды. "Ассамблея жастары" мүшелері және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Өзбек этномәдени бірлестігі, Корей мәдени орталығы материалдық тұрғыдан қолдау көрсетіп, сауапты іске өз үлестерін қосты. Сонымен қатар, "Ильдаш" татар гуманитарлық даму мәдени орталығы Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы балаларының Медеу - Шымбұлаққа тегін экскурсияға шығуына септігін тигізді.
Мұндай игі істер жыл он екі ай тоқтаусыз жүргізіліп отыратынын да айтуға тиіспіз. Күні кеше Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесіне орай Алматы қалалық ҚХА жанындағы Аналар кеңесі "Мейірімділік керуені" жобасының аясында Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының балаларын қуантып қайтты. Атап айтқанда, Қырғыз этномәдени бірлестігі, Қырғыз этномәдени бірлестігінің Аналар кеңесі біздің ұйыммен бірлесе отырып аталмыш орталыққа қажетті жұмсақ жиhаз сыйға тартты. Мұндай игі істер алдағы уақытта өз жалғасын таба бермек.
Сұхбаттасқан: Гүлмира САДЫҚ,

"Мәһрге наубайхана ашып беруді сұрадым": Египеттік жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызының тойы желіде қызу талқыға түсті
