Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әрбір фильмінде үлесім бар": Ақан Сатаевтың экс-жары есімі аталмай, еңбегі тасада қалғанын жеткізді

Фото: Видеодан скрин, Sputnik / Владислав Воднев

Ақан Сатаевтың бұрынғы жары Назира Бақаева алғаш рет эксклюзивті сұхбат берді. Ол режиссер жолдасының бүкіл фильмдеріне қолдау білдіргенін, алайда еңбегі тасада қалғанын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Назира Бақаеваның айтуынша, ол ұзақ жылдар бойы бар уақытын отбасына арнаған. Балаларын түрлі үйірмелерге, секцияларға, мектептерге апарып, өзіне көңіл бөлуге де уақыты болмағанын айтады. 

“Барлық күш-жігерімді отбасыма арнап, жұбайыма тыныш әрі сенімді орта қалыптастыруға тырыстым. Бұл кез келген әйел үшін табиғи қажеттілік. Мен ол кезде режиссер Ақан Сатаевтың көптеген идеялары мен сценарийлерінің тасада қалған теңавторы болдым. Сондықтан өзімді ол кезде де, қазір де кинодан кеттім деп есептемеймін. Ақан Сатаевтың әрбір фильмінде менің үлесім, еңбегім бар”, – дейді Бақаева. 

Алайда Назира Бақаев барлық фильмде сценарийдің теңавторы ретінде титрларда көрсетілмеген. Сондай-ақ бұл бағытта ешқандай ресми келісімшарт та жасалмаған. 

“Мұны кейінірек түсіндім. Қазір мен өз еңбегімді, өз үлесімді қайтарып алуды қалыпты жағдай деп санаймын. Сол кезеңде авторлық құқық, жеке жетістіктер мен өзін-өзі жүзеге асыру мәселесіне дер кезінде мән беру қажет болды. Әйел адам үнсіз қалып, көлеңкеде көмек көрсетуді қалыпты нәрсе деп қабылдамауы керек. Әйел адам өз еңбегін ашық айтып, қоғамда өз орнын айқындауға құқылы”, – дейді Бақаева.


"Ешкімге керек болмай қалған": Ақан Сатаевтың бұрынғы әйелінің жеке өмірі ел талқысына түсті


"Неке рәсімін өткіздік": Ақан Сатаев қуанышты жаңалығын бөлісті


Актриса Назира Бақаеваның осы сұхбатынан кейін коуч Роза Әшірбаева режиссер Ақан Сатаевты сынға алды. 

“1903 жылы Нобель комитеті Пьер Кюриді сәулелену саласындағы зерттеулері үшін марапаттау мәселесін қарастырған. Пьер сыйлықтың Мариясыз берілетінін білгенде, Нобель комитетіне ресми түрде хат жолдап, барлық ғылыми жұмыс ортақ еңбек екенін, ал Марияны шеттету шындықты бұрмалау екенін мәлімдеген. Ал Ақан Сатаевтың барлық жобаларында теңавтор, сценарийдің қосалқы авторы, идеялық шабыт көзі әрі серіктесі оның жұбайы Назира Бақаева болған. Сонымен қатар режиссердің бес баласының анасы, ата-анасы үшін келін ғана емес, қыздай болған адам. Алайда осындай мүмкіндік бола тұра, Сатаев ешбір жобасында оның авторлығын титрларда көрсетпеген”, – дейді Роза Әшірбаева.

Коуч осы екі жағдайды мысалға келтіріп, салыстырды. 

“Сондықтан да Сатаев мырзаның ажырасу кезінде өз міндеттемелерін орындамауы таңғаларлық емес. Әйелдің интеллектуалдық еңбегін ашық түрде иемденген ер адам, мүлікті де қоса иемденуден тайынбайтыны анық”, – деп жазды ол. 

Ал тағы бір желі қолданушысы режиссер Ақан Сатаевтың бірде-бір туындысын көрмеу керегін жеткізді. 

“Мұндай адамгершілікке жат құндылықтары бар адамдның шығармашылығын мүлде қарамау да, қолдамау да керек. Өмір бойы сенің ата-анаңа қарап, денсаулығын да, мансабын да құрбан етіп, бес бала туған әйелді қалайша тастап кетуге болады? Ақыр соңында оған осылай жасау адамдыққа жатпайды. Балаларын өсіріп, өмір сүрген үйін тартып алу тіптен шектен шығу. Ал әлгі әйелге қатысты айтылар сөз де қалмады. Өмір бәрін өз орнына қояды. Әркім жасағанына сай жауап алады”,  – деп жазды. 

Айта кетейік, бұған дейін Танымал продюсер Ақан Сатаев пен Альмира Тұрсынның құпиясын ашып қойғаны туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Сенбі, 03 Қаңтар, 2026 15:55