2020 жылы арапа күні ауыз бекіту уақыты. Бұл күні ораза ұстау - сауап
30 шілде - Арапа күні. Арапа, яғни Құрбан айттан бір күн бұрынғы күннің сауабы мол. Мұсылмандар бұл күні құлшылық етіп, ауыз бекітіп дұға етеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Арапа күні Зүл-хижжә айының 9-күніне сай келеді. Араб тілінен аударғанда "арапа" сөзі "түсіну, білу, анықтау" деген мағынаны білдіреді. Бұл күннің жұма күні секілді қасиеті мол. Арапа күнінің сауабы жұма күні жасалған 70 қажылықтан жақсылықтан артық екені айтылған.
Арапа күні ауыз бекітіп, дұға ету мұсылмандар үшін сүннет. Осыны ескере отырып Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы Арапа күнінің ораза кестесін жариялады.
Арапа күні қажылыққа барған мұсылмандар түс ауған шақтан Құрбан айттың таңына дейін Арафат тауында болады.
Арафат тауы - қасиетті жер. Мұнда келген мұсылман қауым күнәсінің кешірілуін тілеп, тәубе етеді. Алладан кешірім тілеп жалбарынады. Мұнда шын жүрегімен кешірім тілеген пенденің таудай күнәлары кешіріліп, өмірі таза күннен басталады.
Арафат тауы Адам атамен байланысты. Адам ата мен Хауа анамыз тыйым салынған жеміске қолын созғаны үшін жаннаттан аластатылған еді. Екеуі бір-бірінен алыс жерлерге түсіріледі.
Адамның Хазіреті Мұхаммедтің құрметіне кешірім сұрауының берекетімен Жиддада өмір сүріп жатқан Хауа анамыз періштенің жетегімен Адам атаның жолын іздейді. Осылайша Адам ата мен Хауа ана Арафат тауында екінті намаз уақытында кездескен еді. Екеуі Аллаға жалбарынып, кешірім тілеп тәубе етеді.
Алла тағала Адам ата мен Хауа ананың тәубесін қабыл ете отырып, олардың нәсілінде, жыл сайын осы тауға келіп тәубе еткен пендесінің күнәсін кешіруді сүйіншілеген. Қажылыққа барушыларды аталған тауға келіп дұға етуінің сыры осыдан қалған.
Ал, қажылыққа бара алмай, Арафат тауына жете алмаған мұсылман бұл күні ораза ұстап, құлшылық етіп, нәпіл намаздарын оқып тәубе жасап, дұға етсе сауабын алады.
Мұхамед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз «...Арапа күнгі ораза үшін өткен жылғы және келер жылғы (екі жылдық кіші) күнәларын кешіруді Алладан үмітпен тілеймін...», – деп бұл күнгі оразаның артықшылығын көрсеткен.
Тағы бір хадисінде «Дұғалардың ең қайырлысы – арапа күні жасалған дұға...», – деген.
Алла тағала бұл күні құлшылық етіп, дұға еткен пендесінің күнәларын кешіріп, сауап жазуға нәсіп еткей.