Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда мектеп басшылығы мұғалімдерді ата-аналардан көмек сұрауға мәжбүрлеген

Алматыда мектеп басшылығы мұғалімдерді ата-аналардан көмек сұрауға мәжбүрлеген

Фото: 2Gis

Алматыдағы Ш.Уәлиханов атындағы №12 мамандандырылған гимназиясының басшылығы мұғалімдерді апатты жағдайда тұрған кабинеттер үшін сөгіп, оны жөндеу үшін жағдайы жақсы ата-аналардан көмек сұрауға мәжбүрлеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қоғам белсендісі Айжан Мамешова жариялаған аудиожазбалардан басшылықты педагогтарды ата-аналардан демеушілік көмек сұрауға итермелеп жатқанын көруге болады. 

“Кабинеттердің жағдайы сұмдық, сіздер қолдарыңызды жайып қойып, отыра бересіздер. Мектепте ақша жоқ. Мектеп тозып кеткен. Үшінші қабаттың төбесі, қабырға шұрық-тесік. Бірінші мен екінші қабаттың батпағын түсіруге қанша қаражат кетті. Енді үшінші қабатқа ақша жіберсе, кабинеттер ақшасыз қалады. Сол кабинеттерде бір жыл қалай сабақ өткіздіңіздер? Әр сыныпта жағдайы жақсы, мектепке көмек беруге құштар, көмек қолын созатын ата-аналар бар. Мен сабақ беріп жүрген ата-аналармен тіл табыссаңыздар, сол ата-ана өздері-ақ сенбі, жексенбі күндері келіп, түскен жерлерді қырып, жасап береді. Ал сіздер “өздері келіп жасап береді” деп отырсыздар”, – деп ашуланды басшылықтың бірі.

Сондай-ақ ол мұғалімдерге кабинеттерге ақша табылмайтын болса, айлығынан бөліп өзі жасауды немесе демуші ата-ана тауып жөндеуді тапсырды. Ол өзі директор болған кезінде мектептегі бүкіл дүние мен жөндеу жұмыстарын ата-ананың көмегімен жасалғанын мойындады.

Сонымен қатар аудиожазбаның астына мектептегі сыбайлас жемқорлық, мұғалімдер тарапынан болған буллинг туралы хабарламалар жарияланды. Онда оқушылар мектепке таныс арқылы кіруге мәжбүр болғанын және мұғалімдердің оқушыларды қорлайтынын жазған.

“Дене шынықтыру мұғалімдерінің көбі ұятсыз. Данияр ағай, Руслан ағай… Ол бір қыздың шашы жиналмай тұрғанын көріп “шашыңды жина, әйтпесе ш… сияқты болып тұрсың” деді. Орыс тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Айжан Сейсеналиевна құрбымның көзі сәл боялғанын көріп, 27 оқушының көзінше жезөкше деп атады”, “Жыл басында мені қабылдамай қойды. Осы мектепке ауысқым келген. Бұрынғы мектеп басшысы Қуаныш ағай менің арызымды қабылдамады. Сөйтіп біз мемлекеттік қызметте істейтін ағама шықтық. Одан кем дегенде 1000 доллар сұраған. Бірақ кейін ағамның танысының арқасында мектепке қабылдандым”, – деген сынды оқушылардың шағымынан көз сүрінеді.

Желіде Алматыдағы мектеп басшылығының мұғалімдерді көмек сұрауға мәжбүрлеген жазбасы тарады

Желіде тараған видеоға қатысты Алматы қаласының білім басқармасы пікір білдіріп, білім беру мекемесінде заңсыз әрекеттің болғанын жоққа шығарды.

“Ш.Уәлиханов атындағы №12 мамандандырылған гимназиясы” мен Алматы қаласы Білім басқармасы тарапынан жүйелі буллинг, азаптау, заңсыз ақша жинау және әкімшіліктің әрекетсіздігі туралы айтылған айыптаулар шындыққа жанаспайды. Оларды 2025 жылы 22 тамызда Алматы қаласы Медеу аудандық сотының №7517-25-00-2/8779 ісі бойынша шығарылған шешімі теріске шығарады. Аталған шешім бірінші сатыдағы сот шешімі, ол заңды күшіне енген жоқ және қазір апелляциялық тәртіпте қаралып жатыр”, – деп мәлімдеді ведомство.

Басқарманың дерегінше, мыналар сотпен анықталып, дәлелденді:

  1. Әлеуметтік желілерде таратылған мәліметтер, оның ішінде сыбайлас жемқорлық, 1000 доллар көлеміндегі ақша жинау, педагогтар тарапынан буллинг, гимназиядағы жүйелі жемқорлық туралы айыптаулар жалған. Бұл педагог У.Д.Ниярованың, сондай-ақ гимназияның жалпы абыройы мен іскерлік беделін қаралайды;

  2. Жүгінулер бойынша тексерулер, соның ішінде Білім басқармасы жасаған тексерулер, буллинг, азаптау немесе заңсыз ақша жинау фактілерін растамады. Гимназия әкімшілігі қақтығыстардың алдын алу бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіп келеді.

Сондай-ақ сот шешімімен Айжан Мамешова Facebook әлеуметтік желісі арқылы таратылған жалған ақпараттың барлығын теріске шығарып, сәйкес жарияланымдарды өшіруге міндеттелген.

“А.А.Мамешовадан Гимназия мен педагогтың пайдасына сот шығындары, өкілдер мен сараптамаға кеткен шығындар және моральдық зиянды өтеу өндіріледі. Жоғарыда баяндалғанға сәйкес, (е-otinish, Facebook және басқа әлеуметтік желілердегі) сот теріске шығарған айыптауларды қамтитын шағымдар шынайы емес. Білім басқармасы заңға сәйкес әрекет етеді. Сот шешімі А.А.Мамешова айтылған барлық алдыңғы айыптауларға түбегейлі жауап және оның жиенінің құқықтары бұзылмағанын, ал Гимназия әкімшілігінің әрекеттері заңды болғанын растайды”, – деп жауап берді білім басқармасы.

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 11 Қыркүйек, 2025 14:19
Талқылау