Apple өкілдері IPhone жарылысынан зардап шеккен ақтөбелік қызға хабарласты
Apple компаниясының Мәскеудегі өкілдігінің қызметкерлері зардап шеккен ақтөбелік қызды іздестірңп, оның туыстарымен сөйлесті.
Ақтөбе тұрғыны Ардақ Орынбасарова бір аптадан бері ауруханада жатыр. Денесінің 30 пайызын күйік шалған қыз жарылған айфон телефонынан зардап шекті, деп жазды «Диапазон».
Бұған дейін оның күйік шалған денесін көрсеткенін айтқан едік. Оқиға желтоқсанның 17-сінен 18-іне қараған түні орын алды.
“Өрт болғаннан күннен бері ұйықтамадым. Ауруым мазалап, жарық өшірілсе болды сол күнгі өрт көз алдыма келе береді. Оны айту мен үшін қиын…бәрі түнгі 3 шамасында болды. Ұйықтар алдында мен айфонды электр қуатына қойдым. Таңертең ерте ояну керек болғандықтан, оятқышты да қойып қойғанмын. Түн ортасында мені құдды біреу түрткендей болып оянып кеттім. Қарасам кереуеттің жартысы жанып жатыр, бөлменің іші көк түтін. Түтінге тұншығып қалғандықтан көмек шақырайын десем дауысым да шықпай қалған. 1-қабаттан әкем келгенімен, ол есікті бірден аша алмады. Өрт кесірінен бөлме, кереует, тон, ноутбук бәрі жанып кетті. Әлі өз-өзіме келе алар емеспін. Айфон 5 смартфонын 2015 жылы сәуір айында сатып алғанмын. 60 мың теңгені үш ай жинап, қалған 60 мың теңгені несие ретінде төлегенмін”, – дейді Ардақ.