Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Заңда нақты көрсетілген". Мамандар әнұран ойнағанда қандай әрекеттер орындалуға міндет екенін айтты

Әлеуметтік желіде әнұран ойнағанда орнынан тұрмаған 2 әйелдің бейнежазбасы тарап, көпшіліктің ашуына тиген еді. Кейін олардың журналистер Тамара Вааль мен Ирина Савостьянова екені белгілі болды. Жұрт рәмізге құрмет көрсетуге жарымады деп шулап жатқанда екі тілшінің әрекетінде әбестік жоқ деп санағандар да табылды. Осы орайда Stan.kz ақпарат агенттігі мәселенің маңызына үңілу үшін белгілі заңгер Думан Көпбаевпен және мәжіліс депутаты, саясаткер Самат Нұртазамен әңгімелесті. 

Даулы бейнежазбадан кейін журналист Тамара Вааль әлеуметтік парақшасында кешірім сұраған жазбасын қалдырған. Бірақ оған жазылған пікір екіге жарылыпты. Қатарында қоғам белсенділері мен танымал журналистер де бар. Мысалға Дина Таңсәрі, Асхат Сағынаев, Руслан Меделбек, Әсел Балғаева және тағы басқалары әріптесін қолдайтынын жазған. Яғни тілшілік өмірде шұғыл жағдайлар болып тұратынын еске салып, Тамараның кәсіби маман екеніне тоқталған. 

Отандық БАҚ-та жұмыс істейтін тағы өзгелері полиция, дәрігерлер мен журналистер, өрт сөндірушілері қашанда қимылдың ортасында жүретінін, әрі дәл осындай сәттерде шұғыл шешім қабылдамаса, жағдай күрделенетінін, не ақпарат майданында кешігіп қалатынын ескерткен. 

Десе де, бұл жазбаны да сынаушылар табылуда. “Кешірімді жазған екен, неге дұрыс сурет қоймаған. Артын көрсетіп, маған бәрібір дегенді меңзеп тұр ма” деушілер де табылуда.

Фото: facebook/Тамара Вааль

Даулы мәселені толық тарқату үшін заңгер пікіріне құлақ астық. Белгілі заңгер Думан Көпбаев қандай жағдай болмасын заң бәріне ортақ дейді. Әрі кез келген Қазақстан азаматы әнұранды ойнағанда орыннан тұруы міндет екеніне тоқталды. Яғни азаматтар ести тұра рәміздерді сыйламаса, құрметпен қарамаса, жауапқа тартылады. Бірақ бұл жағдайда қылмыстық емес, әкімшілік жаза көзделеді екен. Яғни белгілі мөлшерде айыппұл арқалайды. 

“2007 жылғы 4 маусымдағы Конституциялық заңның 9-бабы “Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындау” тәртібі келесідей айтылған: Мемлекеттік Гимн көпшілік алдында орындалған кезде қатысушылар оны орнынан тұрып айтады (тыңдайды), бұл ретте Қазақстан Республикасының азаматтары оң қолын жүрек тұсына қояды. Бұл кез-келген Қазақстан Республикасы азаматының міндеті. Егер мұны орындамаса әкімшілік кодекстің 458 бабына сәйкес жазаланады. Яғни елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Демек заңда бәрі ашық әрі нақты көрсетіліп тұр. Қоғам ашуланған бейнежазбадағы екі тілшінің де қандай әрекетте болғанын көрдіңіздер ғой. Сондықтан, егер дәл осы заң талабы аясында оларға халық арызданса, онда әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Дей тұрғанымен әр жағдайдың екі ұшы болады. Яғни қылмыс кезінде полицей полицей өз ісін жасауы тиіс. Бастысы, бұл жерде қоғамға зиянын тигізбейтін жағдай болса барынша рәміздерге құрмет көрсетуге тырысу керек”, - дейді заңгер. 

Парламент Мәжілісінің депутаты, саясаткер Самат Нұртаза да қоғам қателікті кешірмейтінін айтып берді. Сөзінше журналистер шамына тиген. Тіпті ол жерде күйіп кететіндей, бас көтермейтіндей жағдай емес қой деген ойын айтты. Ал бір жағдай орын алса, онда кешіруге болады деп отыр.

“Кейде мешітте намаз оқып жатқанда видеооператордың өзі мұсылман болуы мүмкін, бірақ камерасын ұстап тұрады. Сол сияқты адами жағдайлар болатыны рас. Бірақ оның бәрін заң аясында жазаға тарта бермейсің ғой. Қызметтік фактор деген болады. Бірақ бұл жерде олардың бас көтермейтіндей не болды деген ой келеді. Өйткені ол мемлекеттің әнұраны. Мұнда лауазымға қарамайды дәрігер болсын, полицей болсын, журналист болсын кім болса да әнұран ойналғанда тұруы керек. Әнұранның ұзақтығы қателеспесем 110 секунд қана. Сол уақытта не күйіп кететінін мен түсіне алмай тұрмын. Оның үстіне бұл жерде мәселе өзге ұлт өкілі болғаннан кейін ба сондай реакция болып тұр. Егер сол жерде қазақ тұрмай қойса мүмкін әрекет басқаша болар ма еді. Осы секілді шуға бармас па еді деген ойда бар. Десе де қоғамның ашуын түсінемін, қолдаймын. Маған да ұнаған жоқ. Қоғам қазір қателікті кешіре бермейді. Сәл мүлт кетсең түтіп жейді. Сол себепті егер де сен ҚР азаматы болсаң дінің, ұлтың, жынысың маңызды емес, көк паспортың бар ма әнұранды естігенде тұру керексің. Мүгедек болмасаң соны есте ұстау керек. Солай деп есептеймін өз басым”, - деді мәжілісмен. 

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде әнұран орындалып жатқан кезде орнынан тұрмаған журналистер Тамара Вааль мен Ирина Савостьянова жұрттың сынына қалған еді. 

Талқылау