Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Экологияға 204 миллион теңге шығын келген": Антикор Іле ауданының әкіміне қандай айып тағылғанын айтты (видео)

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы Іле ауданы әкімі Бағдат Қарасаевқа қандай айып тағылғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Бағдат Қарасаевтың Instagram парақшасынан 

Антикордың ресми өкілі Данияр Бигайдаров баспасөз мәслихаты кезінде Іле ауданы әкімінің не себепті қамауға алынғанын түсіндірді. 

“Іле ауданының әкімі лауазымын асыра пайдаланып, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын өрт қауіпсіздік ережесін бұза отырып, санитарлық-эпидемиологиялық органның рұқсатынсыз өзіне қатысы бар компанияға сенімгерлік басқаруға берді деп айыпталды. Сонымен қатар сенімгерлік басқару уақытын заңсыз ұзартты деп айыпталды”, – деді ол.

Антикор мәліметінше, Іле ауданы әкімі қылмыстық схемаға аудандық қаржы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің басшыларын тартқан.

“Компанияның қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату бойынша шартта көзделген міндеттемелері орындалмаған. Ал оның қызметінен түскен табыс оны жеке байытуға бағытталған. Салдарынан аймақ экологиясына 204 миллион теңге шығын келді”, – деді Бигайдаров.

Еске салайық, Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаевтың ұсталғаны 4 қыркүйекте белгілі болған еді. Ол ауданды 2018 жылдан бері басқарған. 

Талқылау