Анталия әуежайының қызметкері мүмкіндігі шектеулі қазақстандық баланы баспалдақтан құлатып алған
Анталия әуежайында әуежай қызметкері мүмкіндігі шектеулі қазақстандық жасөспірімді баспалдақтан құлатып алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: instagram.com/denis_denski
Оқиға туралы журналист Денис Денски өзінің желідегі парақшасында мәлімдеді. Журналиске жәбірленушінің анасы хабарласқан. Әйелдің айтуынша, мүмкіндігі шектеулі ұлын Анталиядан Астанаға ұшатын ұшаққа мінер алдында құлатып алған.
"Біз ұшаққа отырғызуды күтіп тұрдық. Әдетте, ұшақта мүмкіндігі шектеулі жандар бірінші болып отырғызылады. Біз ұзақ уақыт күттік, алайда ешкім келмеді. Сосын өзіміз барамыз деп шештік. Сол жердегі қазақстандықтар өткiзу пунктiне түсуiмiзге көмектестi. Бірақ түскеннен кейін тағы бір үлкен баспалдақ кездесті. Бізге отырғызу қақпасына дейін төмен түсуіміз керек еді. Осы кезде әуежай қызметкері келіп, неге екені белгісіз, Аңсарды көтеріп алып түсіре бастады. Қызметкердің неге лифтті пайдаланбағаны белгісіз", – дейді жасөспірімнің анасы.
Әйелдің айтуынша, әуежай қызметкері баспалдақта тепе-теңдік сақтай алмай, қолындағы жасөспіріммен бірге құлап, баспалдақтан домалап кеткен.
Құлау салдарынан жасөспірімнің денесінде көптеген жарақаттар мен сызаттар пайда болған. Қазір Ансардың сол аяғы гипсте, көгерген жерлері көп. Жасөспірім қазір Анталиядағы ауруханада жатыр.
Air Astana әуе компаниясы әйелдің өзі әуежай қызметкерінен лифтті пайдаланбауды сұрағанын мәлімдеді. Ансар мүгедектер арбасының көмегімен қозғалғандықтан, Анталия әуежайының қызметкері Аңсар мен анасын жолаушыларды жөнелту аймағына дейін апарып, арнайы лифтпен түсу үшін басқа әуежай қызметкерлерін күтуді сұраған.
"Алайда әйел арнайы өкілдерді күтпей, басқа жолаушылардан ұлын түсіруге көмектесуін өтінген. Жолаушылар Аңсарды баспалдақтың ортасына дейін түсіріп, кетіп қалған. Әуежайға техникалық қызмет көрсететін компанияның өкілі келгенде, әйел одан лифтиі пайдаланбай төмен түсіруді өтінген. Өкінішке қарай, түсу кезінде ер адам тепе-теңдікті жоғалтып, қолындағы жолаушымен бірге баспалдақтан құлаған. Зардап шеккендердің екеуі де жедел жәрдем көлігімен тез арада жергілікті ауруханаға жеткізілді. Анталия әуежайының қызметкерлері мен "Air Astana" әуе компаниясының өкілдері жолаушыларды ауруханаға дейін шығарып салды”, – делінген Air Astana әуе компаниясының хабарламасында.
Жасөспірімнің ауруханаға жатқызылуына байланысты медициналық шығындарды әуежай өкілдері өз мойнына алды.
Еске салсақ, бұған дейін Қарағандыда бір топ ер адамның мүмкіндігі шектеулі баланың арбасын сындырып тастағаны туралы жазған едік.