Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Анна Данилина "Ролан Гаррос" турнирінде жұптық сайыстың жартылай финалына сенсациялық түрде шықты

Фото: Қазақстан теннис федерациясы баспасөз қызметі

Қазақстандық теннисші Анна Данилина сербиялық серіктесі Александра Круничпен бірге 2025 жылғы Франция ашық чемпионатында ("Ролан Гаррос") нағыз сенсация жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Олар әйелдер арасындағы жұптық сайыстың ширек финалында турнирдің басты фавориттерінің бірі — чехиялық Катерина Синякова мен америкалық Тейлор Таунсендті жеңіп шықты.

Кездесу аса тартысты әрі эмоцияға толы өтті. Қарсыластармен 1 сағат 3 минутқа созылған шиеленісті күресте Данилина мен Крунич алғашқы сетте 7:5 есебімен басым түсті. Алайда екінші партияда жеңіске жақын болғанымен, олар мүмкіндікті жіберіп алып, 4:6 есебімен ұтылды. Барлық мәселе шешілетін үшінші сет те оңай болған жоқ. Бұл жолы сәттілік пен сенімді ойын қазақстан-сербиялық дуэттің жағында болды — 6:2.

Бұл жеңіс — Анна Данилинаның спорттық мансабындағы маңызды кезең. Бұған дейін ол "Үлкен дулыға" турнирлерінде жұптық сында мұндай биікке көтерілмеген еді. "Ролан Гаррос" жарысының жартылай финалына шығуы оның әлемдік рейтингтегі орнын күшейтіп, үздік жұптық теннисшілердің бірі екенін тағы бір дәлелдеді.

Бұған дейін, қазақстандық спортшының ширек финалға шыққаны жайлы да хабарлаған едік.

Абылайхан Палмағанбет
Сәрсенбі, 04 Маусым, 2025 21:13
Талқылау