Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақ халқы – өте бауырмал халық": Алматы қалалық ҚХА мүшесі, анголалық жігіт ел бірлігінің сыры неде екенін айтты

Қазақ тілінде таза сөйлейтін Алматы қалалық Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі, анголалық Элиша Феррейра Қаскелең қаласындағы SDU University-дің 4-курс студенті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескенде өзін “қоңыратпын” деп таныстырған жігіт Қазақстанда тұрудың ерекшеліктерін және қазақ халқының өзіне көрсеткен жанашырлығы мен бауырмалдығы туралы Stan.kz тілшісіне баяндап берді. 

"Қазақ халқы өте бауырмал халық. Мені де жатсынбай бауырына басты. Пейілі дархан даладай халықтың адамға деген адамгершілігі, сыйластығы маған зор қуаныш сыйлайды. Қазақстанның көпұлтты мемлекет ретінде барша ұлт пен   ұлыстың баласын бауырына басқандын өте жоғары бағалаймын. Әсіресе үлен мегаполис ретінде Алматыда көптеген ұлттың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқандығы өте жарасымды. Мұндағы ұлттардың бірлігін сақтау жолында Алматы қалалық Қазақстан Халқы Ассамблеясының жүйелі жүрзігіп келе жатқанын жақсы білемін. 

Ал өзім білім алып жатқан SDU University-тін кіші Ассамблея десек артықтық етпейді. Себебі мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен келген студенттер бір шаңырақ астында ынтымақ пен бірлікті ту етіп жоғары білім алып жатыр. Университетім бүгінде менің де бір отбасыма айналды. Оқу орнында ұлтына, жеріне қарап бөліну мүлде жоқ.  Мұндағы студенттердің татулығы мен бірлігі өте керемет. Бірі ағама, бірі ініме айналып үлгерді", – дейді 23 жастағы анголалық жігіт.

Элиша Феррейрадан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлымен SDU University студенттерінің кездесуінен алған әсерімен бөлісуін өтіндік. 

"Иә, мен үшін Қазақстанның Мемлекет басшысымен кездесу үлкен қуаныш. Кездесіп қана қоймай, Қасым-Жомарт Кемелұлының алдында қазақ тілінде сөйлеу зор мәртебе. Қазақстанда тұратындықтан – қазақ тілінде сөйлеу азаматтық борышымыз деп есептеймін. Әрі қазақша сөйлеу – қазақ халқына деген құрметім деп білемін", – дейді болашақ математик. 

Иә, аталмыш халықаралық оқу орнындағы шет мемлекеттерден келген студенттерге қарап біздің есімізге еріксіз "Ақпыз, қара, сарымыз, ағайынбыз бәріміз" деген жыр жолдары түсті. Әсіресе анголалық азаматтың қазақ халқына деген айрықша құрметі бізді сүйсіндіре түсті.

Мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін Элишадан біз қазақ тілін қалай үйренгендігін сұрадық.

"Қазақ тілін үйрену маған аса қатты қиын болды дей алмаймын. Оның үстіне SDU-ге түскен шетелдік студенттерді бірінші жылы қазақ тілін оқуға міндеттейді. Бұл талаптың өзі бізге зор көмек болды. Әйтсе де, қазақ тілінде сөйлеу үшін бір жарым жылдай уақыт жұмсадым. Сондай-ақ,  жанымда жүрген достарымның біразы қазақтар. Олармен жиі тілдесе отырып, сөздік қорымды күн санап молайтып келемін. Сонымен қатар, қазақ тілінен кәсіби білікті мамандардың дәріс беруі қазақ тіліне деген қызығушылығымды одан әрі ұлғайта түсті десем болады", – дейді ол.

Осы тұста анголалық жігіт өзі туралы айта кетті. 

"Мен Солтүстік Лунда аймағының орталығы саналатын Лукапа қаласының тумасымын. Кейін отбасым Лунда-сул, Сауримо қаласында өмір сүрді. Ал өзім ел астанасы – Луандада тұрдым. Мен педагогикалық колледжде математика мамандығы бойынша білім алдым. Колледжді бітірер жылы Қазақстандағы SDU University университеті ұйымдастырған халықаралық олимпиаданың жеңімпазы атандым. Бірақ мұнда оқу туралы шешімді қабылдау маған қиын болды. Дегенмен ата-анамның қолдауымен жоғары білімді шетелде алуды ұйғардым. Осылайша маған Қазақстанның маңдайалды жоғары оқу орындарының біріи SDU University-де білім алу бұйырды" – дейді Элиша.

Тілдесу барысында Элиша Феррейраның әрбір сөзінен ұлтымызға деген зор құрметті аңғардық. 

Өзін "Қоңыратпын" дейтін қоңыр жігіттен математикаға деген қызығушылығының қалай басталғанын айтып беруін өтіндік.

"Мен бала кезден есеп шығаруға бейім болдым.  Оқушы кезімде математика пәнін зор ықыласпен оқыдым. Бұл пәнге айрықша зейін қоюыма ұстаздарым ықпал етті деп білемін. Бұл тұрғыда ағамның берген ақыл-кеңесі де менің осы бағытты таңдауыма түрткі болды. Ағам бұл тұрғыда менің басты мотиваторым болды десем артық айтқандық емес" деп сабақтады сөзін полиглот. 
Сөз соңында, Элиша Феррейра ангола халқының белсенді, жігерлі және бақытты халық екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, өз ұлтының ең басты қасиеті би өнері екенін атап өтті. Ангола болу – бақытты болу дегенді білдіретінін айтқан ол Қазақстандағы оқуын аяқтап, туған еліне оралып, қызмет ету – басты мақсаттарының бірі екендігін жеткізді. 
Біз де оқу-білімге құштар студенттің көздеген мұратына жетуіне тілектестік білдірдік.

 

Гүлмира САДЫҚ

Талқылау