Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Кісі өлтіргені үшін 40 жылға жуық түрмеде отырған ер адам кінәсіз деп танылып, бостандыққа шықты

ер адам

Фото: ВВС

Даяшыны өлтірді деген айыппен 40 жылға жуық түрмеде отырған британиялық Питер Салливан бостандыққа шықты. Ескі іс бойынша жаңа айғақтар анықталғандықтан апелляциялық сот үкімді жойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.

21 жастағы Дайан Синдалл есімді қызды 1986 жылы Англияның батысындағы Биркханд қаласында жұмысынан үйіне қайтып келе жатқанда біреу зорлап, өлтіріп кетеді. Осы қылмыс бойынша Питер Салливан кінәлі деп танылады.

Істі өткен жылы ықтимал сот қателерін тексеретін арнайы комиссия апелляцияға қайтарған. Өйткені қылмыс орнынан алынып, сақталып тұрған шәует үлгілерінен бұрын анықталмаған ДНҚ фрагменттері табылған. Ол қылмысты басқа адам жасағанын көрсеткен.

Үкімнің күші жойылғаны туралы хабарды түрмеден бейнебайланыс арқылы аппеляцияға қатысқан Салливанның өзіне айтқан кезде, ол аузын қолымен жауып, еңіреп қоя берген.

Бұл әзірге көзі тірі тұтқынға қатысты британиялық құқық тарихындағы ең ұзаққа созылған әділетсіздік болып саналып отыр.

Салливанның адвокаты оқыған мәлімдемеде ол судьяларға "ашуланбағанын және ренжімейтінін" айтқан.

"Маған аса қатты әділетсіздік жасады, – делінген мәлімдемеде, – бірақ бұл бұрын жасалған жиіркенішті, жан түршігерлік кісі өлімінің құнын еш кемітпейді. Шындық еркіндікке жеткізеді", – дейді жазықсыздан жазықсыз сотталған Салливан.

Тыңдаудан кейін сөз алған Салливанның қарындасы Ким Смит "бұл жағдайда барлығы ұтылғанын" мәлімдеп, қайтыс болған даяшының отбасына көңіл айтқан.

"Олар қызынан айырылды және оны енді қайтара алмайды. Ал біз Питерді қайтардық, сондықтан енді оның өмірін нөлден бастап қайта құруға тырысуымыз керек", – дейді Смит.

Тергеушілер де, прокурорлар да бірауыздан кісі өлімі болған кезде шәует үлгілерін талдау және салыстыруға қажет технологиялар болмағанын айтады.

Айыптау тарабының құқығын қорғаған Дункан Аткинсон жаңадан табылған дәлелдемелер Салливанды айыптау үкімінің негізін бұзатынын мойындады, сондықтан прокуратура істі қайта қарауды талап етпейтінін жеткізді.

Лондонның корольдік сотының үш судьясы сот үкімінің күшін жойды.

Питер Салливан тыңдаудан кейін бірден бостандыққа шықты деп хабарланды. Ол түрмеде 38 жыл сегіз айға жуық уақыт, яғни 14 113 күн отырған.

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 14 Мамыр, 2025 10:47
Талқылау