Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Анасы сотталды: Қызылордада бойжеткенді қағып өлтірген оқушы үшін анасын кінәлі деп тапты

Қызылордада жаяу жүргінші жолағында 22 жастағы бойжеткенді қағып өлтірген оқушының ісіне нүкте қойылды.Жыл басынан бері жалғасқан процесте сот оған көлігін беріп қойған анасын кінәлі деп танып, бір жыл алты айға бас бостандығынан айырды.

Кәмелетке толмағаны ескеріліп, жеткіншек жазадан құтылып кетті. Бұл үкімге марқүмның тусытарының көңілдері тола ма? Олар тағы неден қауіптенеді? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл - қоғамда үлкен резонас туғызған жол апаты болды. Істі жылы жуып қоя ма деп қауіптенген марқұмның туыстары, талай мәрте шағымданып жүріп, әділдікке қол жеткізді. Жеті айға созылған процеске ақыры нүкте қойылды. Сот кәмелетке толмаған баласына көлік тізгінін берген анасын кінәлі деп тапты. 

"Сотталушы Тен Надежда Анатольевна кінәлі деп танылып, оған бір жыл алты ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Сонымен қатар, екі жылға көлік жүргізуіне тыйым салынсын. Жәбірленуші тарапқа 1 млн теңге көлемінде өтемақы төлесін", - деді Қызылорда қалалық сотының төрешісі Абдуллажан Сайлуллаев. 

Алайда 22 жастағы бойжеткеннің өмірін қиған кәмелет жасына толмаған жасөспірім қылмыстық жауапкершіліктен құтылып кетті. Соған қарамастан, марқұмның туыстары соттың бұл шешімімен толықтай келіседі және басқаларға үлгі болады деп үміттенеді.

"Соттың шешімі, үкімі дұрыс қабылданды деп ойлаймын. Келешекте сот өзінің шешемін өзгертпейді деп ойлаймын. Бұл іс прецедент болды Қазақстанда. Келешекте басқа ата-аналарға бұл сабақ болады. Кәмелетке толмаған балдарына руль берудің алдында олар ойланатын болады", - деді марқұмның әпкесі Сәния Абдуллаева.

Жол апаты былтыр 28 желтоқсанда болған еді. Сондағы жаяу жүргінші жолағынан өтіп бара жатқан Саида Абдолланы Лексус автокөлігі қағып өткен. Ал сол сәтте көлік тізгіненде 10-сынып оқушысы отырған. Куәгерлердің айтуынша, қатты соққыдан бойжеткен бірнеше метр жерге ұшып кеткен. 

"Пусан кафесінің алдында бір машина тұр екен қыз баланы қағып. Мен тоқтайтын жер таппай айналып келіп, тротуарға тұрғанымда ол баланы тиеп жатыр екен. Қыз баланы Лексус автомашинасына тиеді. Басынан қан кеткен", - дейді куәгер Қыстаубай Оспанов. 

Ал жол апатына кінәлі жеткіншектің туыстары ес-түссіз жатқан Саиданы көлікке салып, ауруханаға апарғанымен ондағылар жедел-жәрдем бригадасы әкелмегендіктен қабылдауға бас тартыпты. Содан соң өлім аузында жатқан қызды қаланың екінші басындағы облыстық медициналық орталыққа жеткізген. Алайда Саида сол күйі есін жимастан, бірнеше күннне соң көз жұмды. Сот отырысында марқұмның анасы қаққан жандар қызымды орнынан қозғамағанда мұндай жағдай болмас па деп қамықты. 

"Менің алтындай қызымды қандай қиындықпен оны машинамен сүйреп, машинаға салып. Мүмкін сол жерде жатқанда жедел жәрдем шақырғанда басқаша болар ма еді", - дейді марқұмның анасы Нартай Абдуллаева. 

Марқұмның туыстары алдағы уақытта іс апеляциялық сотта қаралғанда әділқазылар өз шешімдерінен айнып қалмаса екен дейді. Себебі алғашқыда тергеп-тексеру жұмыстары бір қысқартылып, істің қайта қозғалу фактісі де тіркелген.

Саида Абдолланың жақындары құрбыларын еске алу мақсатында Қорқыт ата ескерткішінің жанына жиналып, достары бейнеленген плакатқа жылы лебіздерін білдіріп, шарларды аспанға ұшырды. Саида тірі болғанда алдағы аптада 23 жасқа толар еді.

Талқылау