"Анамнан рұқсат сұрадым": Әли Оқапов ұлының есімін кім қойғанын айтты
Жақында әке атанған танымал әнші Әли Оқапов ”1001 түн” бағдарламасында тұңғышына Зейін деген есімді кім бергенін және неліктен олай атағандарын айтып берді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
©instagram.com/aliokapov
“Зейіннің есімін өзі қойдым. Жақындарыммен ақылдастым, шешуші сәтте бекітуші анам болды. Бастапқыда басқа атты қоймақ болдық, бірақ ұлымның дүниеге келуіне екі түн қалғанда ойыма “Зейін” есім келді. Кешке қарай анама хабарласып, рұқсат сұрадым. Анам маған “қалай қойсаң, солай болады, өзің шеш” деді. Зейін деген есім әрі қазақша, әрі сирек кездеседі, оның үстіне айтуға де жеңіл, шетелге шықса да “Зейн” дей береді. Соның бәрін ескеріп, осындай шешімге келдім. Өзімізге ұнайды, әрі өзіне де жарасымды. Қазақ ырымшыл халық қой. Сол себепті дұрыс есім қою – өте маңызды”, – дейді Әли Оқапов.
Оның айтуынша, өзінен 9 жас кіші інісі Мәдиді қарап, баққандағы тәжірибе керегіне жарап жатқан көрінеді.
Бағдарлама жүргізушісінің: “Әке болғаныңызды толық сезіне алдыңыз ба?” деген сауалына әнші: “Иә, бірден сезіндім. Себебі біріншіден, көп күттік, екіншіден, менің де жасым жиырмада емес. Бүгінгі таңда менің үш кіндік балам бар. Сонымен қатар, арамызда 9 жас айырмашылық бар Мәдиді де өсірдік. Зейін туылғада жанында болдым. Алғаш рет қолыма алған кезде “Неге ертерек әке атанбадым екен?” деген ой келді”, – дейді өнер иесі.