Amiran сүт зауыты әкімдіктің миллиондаған қарызының кесірінен жабылудың аз-ақ алдында тұр
Фото: weproject.media
Қазақстандағы ірі сүт өнімдерін өндіруші Amiran компаниясы мемлекет тарапынан субсидия қарыздарының өтелмеуіне байланысты жабылу алдында тұрғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Компанияның мәліметінше, Алматы облысының компанияға қарызы 200 миллион теңгеден асады.
“Бір жылдан бері субсидия алған жоқпыз. 2024 жылдан бастап – жем-шөп пен сүт үшін төлемдер жоқ, 2025 жылдан бері – тұқым мен тыңайтқыштарға да субсидия берілген жоқ. Біз 3%-дық шығынмен жұмыс істеп отырмыз, бірақ соған қарамастан сапаны сақтап, жұмыс орындарын қысқартпай, сөрелерден жоғалған жоқпыз. Себебі біздің өнімді балалар тұтынады”, – делінген Amiran компаниясының жазбасында.
Компания өкілдері субсидияның артықшылық емес, керісінше аграрлық сектордың аяқта қалуын қамтамасыз ететін тетік екенін атап өтті.
“Біз ешқандай жеңілдік сұрап отырған жоқпыз, тек басқа өңірлермен бірдей жағдай жасауды сұраймыз”, – дейді компания өкілдері.
Amiran компаниясы шығынға қарамастан сүт өнімдерін өндіруді және жеткізуді жалғастырып, шаруаларды қолдап, өндірісіне инвестиция салатынын мәлімдеді.
“Ауыл шаруашылығы – стратегиялық сала. Оны қолдау – елдің азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі. Amiran шыдайды. Бірақ жүйе дұрыс жұмыс істеуі тиіс”, – делінген компания жазбасында.
Компания өкілдерінің айтуынша, мәселе бір жылдан бері жалғасып келеді. Осы кезеңде компания әртүрлі мекемелерге 50-ден астам ресми хат жолдаған, бірақ көбінде жауап ала алмаған.
Компанияның әлеуметтік желіде шағамдануына 23 қазан күні Талғар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Айнұр Боранбаевадан түскен хабарлама себеп болған. Әкімдік өкілі Amiran компаниясынан мемлекеттік қолдауға ризашылық білдіретін видео түсіруді сұраған, ал компания мұндай қолдау берілмегенін айтады.
”Бұл өтініш емес, соққы болып тиді. Бір жыл бойы шектеулі ресурспен жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорыннан, берілмеген қолдау үшін көпшіліктің алдында ризашылық білдіруді сұрау – бұл қателік емес, бұл шындықпен арадағы байланыстың жоғалуы”, – делінген Amiran компаниясының жазбасында.
Видеоның орнына компания Threads желісінде үндеу жариялап, жағдайды баяндады. Жазба қызу талқыға түсіп, мыңдаған қазақстандық зауытты қолдап, пікір қалдырды.
“Сіздердің сөздеріңіз бен белсенділіктеріңіз – біздің үнімізді шығаруға көмектесті. Бейжай қарамаған әрбір адамға алғысымыз шексіз”, – деді компания өкілдері.
Amiran компаниясы егер төлемдер бойынша мәселе шешілмесе, кәсіпорын жұмысын тоқтатуы мүмкін екенін, бұл сүт өнімдерінің жеткізілуіне және өңірдің ауыл шаруашылығы саласына ауыр соққы болатынын ескертті.
ТЭЦ-тің газға ауысуы Алматыдағы лас ауа проблемасын шеше ала ма: Сарапшылар мегаполистегі қалың тұмша неден түзілетінін талдап берді