Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мен үшін дәл қазір Қазақстанға оралу мансабымды өлтірумен тең болар еді": Германияда тұратын ғалым еліміздегі ғылым қашан дамитыны жайлы

Амина Мирсакиева шетелде ғылыммен айналысып жүрсе де, өзін қазақстандық ғалым деп есептейді. Carl Zeiss атты оптикамен айналысатын әлемдік компанияда қызмет ететін отандасымыз Қазақстандағы ғылым жайы туралы әңгімелеп, дәл қазір неге елге оралғысы келмейтіндігін түсіндірді. Ғалым сондай-ақ Еуропаның білімі мен мәдениетіндегі ерекшеліктері, Нобель сыйлығы, расизм мен сексизм жайлы, өзі жүргізетін "Белка мен Стрелка" подкасты жайында айтып берді. 

Қарапайым отбасынан шықтым...

Ғалым болғым келетінін түсінген белгілі бір сәт болды деп айта алмаймын. Бірақ соған әсер еткен жағдайлардың бірі ретінде мына жағдайды әрдайым еске түсіремін: 7-сыныпта оқып жүрген кезде математика пәнінен сабақ беретін мұғалімім Францияның Сорбонна университетінде оқуды ұсынып, білім алу мәселесі бойынша жақсылап ойлануымды сұрады.

Ал PhD-де оқығым келетінін бакалаврда оқып жүргенде шештім, академиялық мансапты қуамын деп докторантурада ойладым. Мен қарапайым отбасынан шықтым, ғылым саласында үлгі тұтарлық адам болды деп айта алмаймын. Қазіргі уақытта Carl Zeiss неміс компаниясында зерттеуші-ғалым болып қызмет атқарамын. Бакалавр мен магистратураны ҚБТУ-да бітіріп, Швециядағы Корольдік технология университетінде Material physics мамандығы бойынша білім алдым. Университетті басқа алты позиция ішінен ең жоғарғы рейтингісі бойынша таңдадым. Оқуға түсерде елді емес, университет таңдадым.

Бакалавриатта химияны оқысам, PhD-де өзімнің тақырыбым полимерлерді физика тұрғысынан зерттедім, молекулярлық құрылымдардырды зерттедім. Қазір өзім үшін жаңа сала оптиканы зерттеп жатырмын. 

Швецияда егде жастағылардың денсаулығы Қазақстандағы жасы үлкен адамдармен салыстырғанда, әлдеқайда жақсы

Швецияға 2012 жылы келдім, сонда алғаш рет полярлық түндерге қатты назар аудардым. Стокгольмде қараша айында күн сағат 4-те батып кетеді. Күз бойы күн шықпайды деуге болады. Қарашада күн жып-жылы болып тұратын Алматыдан бұлыңғыр Швецияға келгенде қиналады екенсің. Климатына үйренісу қиын болды. 

Шведтер біреуге бір нәрсені дәлелдеп жатпайды, олардың тілінде "лагом" деген сөз бар, мағынасы - тепе-теңдік дегенге сәйкес келеді. Демек шведтер кез келген салада тепе-теңдікті ұстанады.

Мәселен, қанша швед алтын медаль алды деп қарайтын болсаңыз, саны көп болмауы мүмкін, бірақ қай халық спортқа жақын екенін қарайтын болсаңыз, шведтер екеніне көз жеткізесіз. Оларда асығыстық жоқ, бюрократия жоқ, мейірімді халық.

Шведтер өзінің психикасын, денсаулығын құрбандыққа салып, осыған жетем деп жатпайды, тек байыппен ғана жетеді. Халық болып спортпен айналысады, сондықтан да егде жастағы адамдардың денсаулығы Қазақстандағы жасы үлкен адамдармен салыстырғанда әлдеқайда жақсы.

Дегенмен, Швециядағы коронавирусқа қатысты жағдайды бағалау қиын, себебі олар қазіргі уақытта тек тыныс алуында қиындықтары бар адамдарға ғана тест жасайды, статистика Германиямен салыстырғанда шамамен 100 мыңға көп, өлім жағдайлары да басым, себебі олар коронавирусқа қарсы қатал шаралар қолданып жатқан жоқ. 

Қатаң иерархия жоқ

Белгігі-бір иерархия жоқ сияқты көрінеді, яғни сіз деп сөйлеу, тегін атап шақыру деген жоқ, бірден есімін атап сұрақ қою бересің. Бастыққа "Ей, сен ..." деп сөйлей аласың. Демек оқу процесінде де мұның артықшылықтары көп. Иерархия белгілі бір тұрғыда байқалады: Семестр уақытында профессордан кез келген нәрсені сұрай аласың, ол түсіндіріп береді. Ал емтиханда алған бағаңды келіп "Неге маған осындай баға қойдың?" деп айта алмайсың, бірақ неге солай қойғаныңа қатысты кері байланыс міндетті түрде болады. Швецияда жасы үлкен кісілер мен жастардың арасында жақсы жақын коммуникация сақталған. 

Мәселен, өз басым PhD-де жетекшіммен айына екі рет кездесіп тұратынмын, тіпті әріптестермен кездесулер де болды, бір-бірімізге кеңес беріп тұрдық.

Жұмысқа қатысты еркіндік бар, әрине әркімнің атқаратын міндеттері болады, дегенмен жұмыс ауқымын, уақытын өзіңе байланысты аласың. "Сенікі дұрыс емес" деп ашық айтпайды, олар дұрыс сынай алмайды, кикілжіңге қарсы. Жұмысыңа қатысты "Мына жерде былай істеуге болар еді" деп айту мүмкін.

Ал Германияда қазіргі уақытта индустрия саласында жұмыс істеп жатырмын. Чиптерді басып шығаратын машина аппаратын жасаумен айналысамын. Бұл ультрафиолетті лейтография деп аталады жаңа тәсіл, бұл технология енді қолданылып жатқандықтан тағы да дамытатын бағыттар бар, сондықтан біздің бөліміміз өте үлкен және бұл бағытта 5000-ға жуық адам жұмыс істейді. 

Ғылым белгілі бір пайда әкелуі керек деген позициядан арылмайынша, ғылым дамымайды

Егер қазақстандық ғылымға еркіндік беріп, ертеңгі күні бизнес модельге айналдыруға мәжбүрлемей, нағыз ғылыммен айналысуға мүмкіндік берсе ғана ғылым дамиды.

Қазақстанда сіздің ғылыми жобаңыздың коммерциялық жоспары болмаса, грант алуға мүмкіндік жоқ, демек сол саланы дамытуға мүмкіндік болмайды. Осындай шектеулерді алмайынша, ғылым саласында ештеңе өзгермейді.

Мысалы, 50-60 жылдары көп ел космостық бағдарламаларға ұтыс ойнатты. Сол кезде АҚШ-та қарапайым азаматтардың наразылығы туды, оларға салықтың көп бөлігі космостық бағдарламаға кетіп жатқаны ұнамады. Содан бері біраз жыл өтті, NASA-ның ғарыштық технологиялары арқылы күнделікті тіршілікке қажетті заттарды қолданып жүрміз. Демек ғылымға еркіндік беретін болсақ, астрофизикадан бастап бүгінгі күні қолданып жүрген құралдарымызға қалай жетіп алғанымызды білмей қаламыз.

Не бюрократиямен арпалыс, не ғылыммен айналыс

Қазақстандық ғалымдардың көпшілгі қайтып оралғысы келеді, өзің туып өскен елге қайтып оралғың келуі қалыпты нәрсе. Себебі сен - сол елдің, мәдениетінің бөлшегісің. Бірақ негізгі мәселе қайтып оралуға деген мүмкіндіктің болу-болмауы. Яғни қайтып келгің келеді, мүмкіндік те жоқ емес, бірақ аз. Коммерциялау идеясымен жүзеге асатын ғылыммен айналысу мүмкін емес. Көбінесе қаржы проблемаларға байланысты, егер ғылымға қаражат көп бөлінбесе, ғалым үшін онымен айналысу өте қиын. Сонда екі таңдау бар: бюрократиямен арпалысып жүру немесе басқа елге барып ғылыммен айналысу.

Қазақстанда соңғы жеті жылда тұрмасам да, өзімді қазақстандық ғалым санаймын және оған әсер етіп жүрмін деп ойлаймын. Ғалымнан қазір ғылыми белсенділікті талап етеді. Адамдар марштарға, жиындарға барып ғалым сөзін сөйлетіндей дәрежеде. Соның өзінде біздің негізгі жұмысымыз ғылым. Мысалы, біз подкаст жасамыз, себебі бұл біздің хоббиіміз, бірақ уақытымның маңызды бөлігін ғылыммен айналысуға арнаймын. Күнделікті 8 сағатымды жаңа нәрсені шығаруға, ғылыммен айналысуға жұмсаймын. Өз басым ешқашан Қазақстанға оралмаймын деп айтпайтынмын. Тіпті PhD-ге кетіп бара жатып та, қайтып келем деп ойладым. Мен үшін дәл қазір Қазақстанға қайтып келу мансабымды өлтірумен тең болар еді. 

Нобель сыйлығының лауреаттарымен кездестім

Бәрі қалайды, күндіз-түні түсінде көреді, бірақ тек қалаулылар ғана алады. "Жоқ, алғым келмейді" десем нашар ғалым болар едім. Жас кезімде мотивация болатын, дәл қазір Нобель мен үшін мотивация емес. Қазір бұл әлемді өзгертуге берілетін мүмкіндікті бонус ретінде қарастырамын. Тіпті Нобель сыйлығын алуға лайықты, бірақ белгілі-бір себептермен алмайтын 200 адамның тізімі бар. Жыл сайын тек бірнеше адамға берілетіндіктен, бәріне жетпей жатады. 

Нобель сыйлығының лауреаттарымен кездесу менің санамды, ойымды өзгертіп жіберді деп айта алмаймын. Бұл BBC ұйымдастырған дөңгелек үстел болды, оған 100-150 студент қатысты. Сол жерде Нобель лауреттарымен кездесіп, суретке түсіп алдым. 

 

"Постдокторлық" - ғылым жолындағы трамплин

Бұл PhD-ді бітірген жас маман тапсыра алатын позиция. Әдетте постдок бір-екі жылға созылады. Қазір екі постдок қанағаттанарлық саналады. Жалпы бұл оқу төрт жылды алуы мүмкін. Мұнда сенде еркіндік бар, өз жобаңды өзің жоспарлайсың, Бірақ мұнда жетекшіңнің көмегін алуға мүмкіндік бар. Көп нәрсені өзі жасайды, олар PhD студенттеріне көмек береді, жобаларына ат салысады 

Постдокторлық - ғылым жолындағы трамплин іспеттес. Мен PhD докторлығымды жасау барысында Швецияда бюрократияны сезінбедім, жетекшімнің қолдауы болды. Өзімнің постдокторлық жұмысымнан кейін, академиялық өмір мен үшін тұрақсыз екенін түсіндім. 

Сенің немен айналысатының, кім екеніңе қарағанда әлдеқайда маңызды. Осы уақыт дейін PhD-ді, постдокторлық позияны өмірімдегі маңызды оқиға деп есептейтінмін, белгілі бір мағынада солай, бірақ шын мәнінде сенің өмір сүріп жатқаның өмірдегі ең маңызды нәрсе. PhD-ді қорғап шыққаннан кейін, өмірің түбегейлі өзгеріп кетпейді.

Маған көп адам жазады: "Мен PhD-де оқимын, қатты қиналып жатырмын" деп, менің айтарым "Бұдан кейін одан да қиын болады". Бірақ, егер бәрін дұрыс жасасаңыз, жыл сайын дами түсесіз. 

 

Тілдерді үйренуі жайлы

"Тілдерді бір орында тапжылмай отырып, үйрену арқылы ғана меңгеруге болады" деген ұстанымым бар. Төрт тіл білемін деп айтамын: орыс, ағылшын, неміс, швед. Басқа тілдерді де үйренген болатынмын, қазақ тілін де бастапқы деңгейде білемін: қазақ тілінде ойымды жеткізе алмасам да, жалпы түсінемін. 

 

"Денсаулық сақтау саласы дайын болмаған ел, зардап шегеді"

Адамдар гипотезаның шындыққа айналуы үшін тексерістен өтуі керек екенін түсінбейді. Ақпаратты бірнеше сараптамадан өткізу керек. Ғылым өте қиын сала және мұнда сен көзің көрмеген, мүмкін ешқашан көрмейтін нәрсе жайлы қорытынды жасауың керек. Сол сияқты вирусты, планетаны көзбен көре алмайсың.

Коронавирустық пандемия мәселесіндегі басты проблема - денсаулық сақтау жүйесінде. Вирустар әркез болған. Бұл ситуацияға қатысты әр елдің денсаулық сақтау жүйесі әртүрлі тәсіл ұстанады. Сондықтан әр елде өлім көрсеткіші де әртүрлі. Германиядағы статистикасы жайлы айтатын болсақ, немістердің пандемияға дайындалуға мүмкіндігі болды деуге болады. 21 қаңтардан бастап бірден дайындықты бастап кетті. Салыстырмалы түрде, АҚШ-та осы уақыттағы тіркелген вирус жағдайларына қарамастан, ешкім дайындалып, алдын-алу шараларын жасаған жоқ. Осы арқылы Америкадағы және Германиядағы жағдайды көріп отырмыз. Осы жерде Билл Гейтспен толықтай келісемен: "Денсаулық сақтау саласы дайын болмаған ел зардап шегеді".

Коронавирусқа қарсы вакцина

Коронавирустың жеті түрінен бұл COVID-19 - үшінші түрі. Алғашқысы - атипиялық пневмония 2002 жылы болған,  осы вирусқа жасалған зерттеулер көрсеткендей, адамның иммунитеті үш жылдан кейін жойылады. Екінші коронавирус MERS кезінде зерттеулер иммунитеттің қанша уақытқа дейін созылатынын анықтамаған. Осы екі вирус түріне вакцина жасалмаған, себебі қаржыландыру шектелді. Егер біз үшін үш жылға иммунитет сақтайтын вакцина ойлап шығаратын болсақ, онда үш жыл сайын вакцина салып отырамыз. 

Өте мықты деген вакцинаның өзі толықтай иммунитет бермеуі мүмкін. Вакцина - аурудың жеңілдетілген түрі. Сондықтан оның ағзаға толықтай әсер етуі мүмкін немесе мүлдем әсер етпеуі де ғажап емес. 

Біздің подкасттардың бірінде вирусолог Қайсар Табынов басқа елдер біз үшін вакцина жасап шығармайтынын, сондықтан оны өзіміз шығаруымыз керектігін, әйтпегенде өзімізді қорғай алмайтынымызды айтты. Сондықтан, Қазақстанда вакцина 100% пайда болатынын атап өтті.

"Белка мен Стрелка" подкастының идеясы

Бастапқыда бұл атау ең ақылға қонымсыз нұсқа болған. Маған "Мария Кюри үйреткендей" деген атау ұнаған, бірақ оның мағынасы терең болғандықтан, олай атамадық. Кішкене күлкілі, ғылымға, тұңғыш ғылыми ашуға сәл де болсын жақыны деп "Белка мен Стрелка"-ны таңдадық. Бұл атау "брейншторм" жасаған кезде пайда болды. 

Дана Ақылбекова құрбыммен осы жайлы ойлана келе, екеуміз үшін де подкаст өте ыңғайлы формат болды: тақырып талдаймыз, арасында күліп аламыз. Екеуара әңгімеміз басқаларға да қызықты болар деген үміттің жетегінде осы подкаст идеясын жүзеге асырдық.

Арнайы сайт арқылы, кәсіби микрофон арқылы жазып, интернет арқылы байланысамыз. Бір аптада бір рет подкаст жазып, продакшн менеджерге жібереміз. Ол түзеп, қарап жібереді. 40 минуттық подкаст 5 сағат уақытты алуы мүмкін. 4, 13-шығарылымдар ең сәтті шыққандары, өзіме ұнағандары болды. 4-шығарылым 2019 жылғы қазақстандық ғалымдардың зерттеулері жайлы болды. Өте жақсы зерттеулерді келтірдік, бірақ бұл жайлы негізі Білім және Ғылым министрлігі зерттеу жасап, айтып беруі керек еді. Қазақстандағы ғылым салық төлеушілердің қаражаты есебінде жүріп жатқанын айттық. 

"Сен қыздар үшін үлгісің": Расизм мен сексизм 

Ұлттық белгі бойынша Қазақстанда бір рет дискрминацияға ұшырадым. Бұл жағдай "Болашақ" бағдарламасына тапсырып жатқан кезде болды. Комиссия мүшесінде отырған төраға ұлтыма, жасыма қатысты "біртүрлі" ойын білдірді. 

Швецияда ұлтшылдықпен бетпе-бет келген жоқпын, ал Германияда адамдар әрдайым бет-әлпетіме қатысты өзінің ойын айтып отырады. Жаһандық деңгейде емес, кішігірім жағымсыз пікірлер айтылады: аялдамада, далада кетіп бара жатып айтып кету олар үшін қалыпты жағдай. Осындай жағдай әрбір екі ай сайын болып тұрады. Көбінесе жас жігіттер мен жасы үлкен әйелдер тарапынан осындай жағымсыз пікірлер естисің. Әрине, пайыздық көрсеткішпен есептегенде бұл өте аз, жақсы, мейірімді адамдар өте көп. 

Сондай-ақ, позитивті дискриминацияға ұшыраған кездер болды: түрлі байқаулар, стипендиялар ұтып алған кезде артымнан қыз болғаным үшін жүлделі болдым деген көзқарастарды естіп жататынмын. Бұл өте жағымсыз болатын. 

Құқықтардың теңдігі, расизм сияқты мәселелер бойынша әлем әлдеқайда алдыға жылжыды. Дегенмен, тұрмыстық ұлтшылдық мәселелері де түбегейлі жойылуы тиіс деп есептеймін. 

Техникалық бағыттағы ғалым ретінде айтарым, ғылымда ер адам көп. Бұл логикаға сай, бірақ қыздардың саны күн санап артып келеді. Қазіргі уақытта маған "Сен қыздар үшін үлгісің" деп айтады және бұл біздің әлі де құқықтарымыздың тең емес екенін көрсетеді. Себебі мен ұл балалар үшін де үлгімін: физик, химик болғысы келетін ұл балалар бар. 

Қазақстандық қоғам үшін өзінің дәрежесі, жетістіктері жайлы ашық айтатын қыздар әлі де табу болып келеді

Және бұл дұрыс емес. Жетістікке жеткен ғалым қыз бола тұра, не істесең де, сені ас үйге жіберуге тырысатыны қиын. Алдыңғы буын өкілдеріне осыны түсіндірмейінше, жас буынға мұны жеткізу мүмкін емес. 

Әйелдің білімді болуы қоғамның мәдениетін дамытады. Ресейде 18 ғасырдың ІІ жартысында ұлы Екатерина әйелдерге арнап пансионат салды. Ол әйелдердің білім алуына бастама болды. Дәл осы білімді аналар баланың ғылымға, әдебиетке деген махаббатын ашты. 

Демек аналардың әдебиетті жақсы көргенінен, орыс әдебиетінде алтын ғасыр кезеңі пайда болды. Пушкин дүниеге келді. Балаларды қалай дұрыс тәрбиелеу керек деп бас қатырсаңыз, оларды тәрбиелейтін адам өзі дамуы керек. Мысалы, Швецияда ата-ананың екеуі де декретке шыға алады және бұл қалыпты, сондықтан екеуі де өздеріне ұнайтын іспен айналысуы маңызды. Қазақстанда көбіне бала тәрбиелеумен әйелдер айналысады. Сондықтан ең болмағанда қазақстандық патриархат әйелдің білімді болуы өте маңызды екенімен келісуі керек. Баланы тәрбиелейтін адам білімді болмаса, қандай мәдениет туралы айтуға болады? Сондай-ақ, анасының арманы орындалмаған бала да, өзінің арманын жүзеге асыруы екі талай. 

Ғылым жолын таңдағандарға кеңес

Тілдер. Ағылшын тілін үйрену. Ағылшын ғылымның халықаралық тілі болып отыр. Сондай-ақ, қай елге бара жатырсыз, сол жердің тілін меңгеріп алыңыз. Швецияда да швед тілін үйренбейінше, өзіңді қолайлы сезіне алмайсың. Тұрғылықты елдің тілін үйренбейінше, психикалық тұрғыда тек ғылыммен айналысу қиын болады, себебі адамның көңілі бөлінеді, өзін үйіндегідей сезіне алмайды. 

Математика. Қандай салаға бармаңыз, статистикалық анализды білу қажет болады. Мәліметтерді өңдей алу керексіз.

Бағдарламалау тілдері. Әлеуметтік ғылымдарды есепке алмағанда, нақты ғылымда бағдарламалау тілдерінсіз статистикалық анализ жасау қиын. Скрипттер жазып, мәліметтерді өндей алу керек. 

 

Сұхбаттасқан: Назерке МҰСА

 

Талқылау