Отбасы 7 жыл бойы смартфонсыз өмір сүріп келеді
Америкалық Кристен Бриндж күйеуі екеуі телефонға тәуелділіктен арылмақ болып, смартфондарын қоқысқа тастаған. Ерлі-зайыптының батырмалы ұялы телефон пайдаланып жүргеніне 7 жыл болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Вusiness Insider басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Ерлі-зайыпты қыздары бой жетіп қалғанда оған да осындай батырмалы ұялы телефон сыйламақ.
“Иә, ол қатарластары сияқты смартфон ұстамайды. Бірақ біз ерте жастан бастап смартфонға тәуелділіктен көрі, бір-бірімізге “жат адам” болып кетуден қорқамыз. Кім біледі, “ақымақ телефондардың” жыл сайын дамып келе жатқанын ескерсек, мүмкін біздің қызымыз қарапайым ұялы телефон ұстайтын жалғыз адам болмайтын шығар”, – дейді Кристен.
Әйел қазіргі жастардың экран алдында өткізетін уақытының ұлғайып бара жатқанына алаңдайды. Оның айтуынша, қазіргі заманның адамдары смартфонның әсерінен айналасындағылардың біртүрлі әрекеттерін қалыпты жағдай деп қабылдайды.
“Мен мұны кез келген ересек адаммен сөйлескенде байқаймын. Мысалы, мен досыммен сөйлесіп отырған кезде ол кенет көзін төмен түсіріп: “Кешірім сұраймын, менің...” деп үндемей қалады да “Кешіріңіз, мен тез арада пиццаға тапсырыс беруім керек еді” дейді. Бірақ бұл жаныңдағы адамға “Сенің мен үшін маңыздылығың шамалы” дегенмен бірдей. Осыдан кейін әңгіме де тоқтайды, адамдардың арасы да алыстайды”, – дейді ол.
Кристен мен оның күйеуі маңызды ақпаратпен алмасу үшін телефон қоңыраулары мен хабарламаларды пайдаланады. Дегенмен, ерлі-зайыпты үйде жеке ноутбуктері мен бір iPad бар екенін мойындады. Бірақ олар гаджеттерді жабық кеңседе сақтайды. Көбіне оларды бес жасар қызы жоқ кезде қолданады.