Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Америкаға жауап: Қытай АҚШ-тың Чэндудағы бас консулдығын жауып тастады

Қытай АҚШ-тың Чэнду қаласындағы бас консулдығының ресми жабылуы туралы жариялады. Бұл туралы ҚХР СІМ-нің мәлімдемесінде көрсетілген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Қытай тарапының талаптарына сәйкес, дипломатиялық миссия 27 шілдеде жергілікті уақыт бойынша 10: 00-де жұмысын тоқтатты. АҚШ-тың ұлттық туы бас консулдықтағы тутұғырдан түсіріліп, барлық қызметкерлер ғимараттан кетті.

Осыдан кейін Қытайдың құзырлы органдарының өкілдері мекеме аумағына негізгі қақпадан кіріп, оны өз қарамағына алды.

АҚШ-тың Чэнду қаласындағы бас консулдығы 1985 жылы ашылды және елдің оңтүстік-батысына, соның ішінде Сычуань, Юньнань провинциялары, Гуйчжоу, Тибет автономды ауданы, сондай-ақ Чунцин орталық бағынышты қаласына жауапты болды. Консулдық стратегиялық маңызды орында оналасқан еді: бұл оңтүстік-батыс провинциялары арасындағы жалғыз америкалық өкілдік.

24 шілдеде Қытай АҚШ-тың Чэнду қаласындағы бас консулдығын құруға және басқаруға берілген лицензияны қайтарып алу туралы шешім қабылдады, сондай-ақ бас консулдыққа кез келген қызмет пен іс-шараны тоқтатуға нақты талаптар қойды.

Бастапқыда Пекин Уханьдағы америкалық өкілдікті жапқысы келді, бірақ бұл қадам айтарлықтай зиян тигізбейтін еді: өйткені АҚШ барлық қызметкерлерді COVID-19 пандемиясы басталған кезде-ақ, яғни 2020 жылдың қаңтарында эвакуациялады.

Еске сала кетейік, 22 шілдеде АҚШ Қытайдан Хьюстондағы бас консулдықты 72 сағат ішінде жабуды талап етті. 

STAN.KZ
Дүйсенбі, 27 Шілде, 2020 10:53
Талқылау