Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үшінші дүниежүзілік соғысқа әкеле ме – Саясаттанушылар Йемендегі жағдайға және оның Қазақстанға әсеріне баға берді

12 қаңтарға қараған түні АҚШ пен Ұлыбритания Йеменнің солтүстігінде билік ететін "Ансар Аллах" қозғалысының (хуситтер) нысандарына қарсы әскери операция бастады. Ираншыл топқа қарсы зымыран соққысы ұшақтардан, жер үсті кемелерінен және суасты қайықтарынан, соның ішінде "Томагавк" қанатты зымырандарымен жасалып жатқаны айтылды. Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак соғыстан тыс қолдауды Нидерланды, Канада және Бахрейн көрсеткенін айтса, АҚШ президенті Джо Байден өз кезегінде Йеменге жасалған соққының қорғаныс сипатында екенін түсіндірді. Ал хуситтер Йеменге қарсы жасалып жатқан соққыларға қатаң жауап беретінін айтты. Осы орайда Stan.kz ақпарат агенттігі хусит қозғалысының тарихын және Таяу Шығыстағы ауқымды тартыстың немен аяқталуы мүмкін екенін саясаттанушылардан сұрап көрді. 

Фото: www.independent.co.uk

Йемен жағалауындағы қақтығыстардың Қазақстанға тікелей әсер ете қоюы екіталай

Саясаттанушы Асхат Қасенғалидың айтуынша, Америка мен Йемен хуситтері арасындағы тартыс бүгін пайда болған жоқ. Қазіргі хуситтердің әрекеті мен Қызыл теңіздегі сауда қатынасының нашарлауы, оған қарсы Батыс елдерінің операциясына триггер болған оқиға сөзсіз Израиль–ХАМАС қақтығысынан басталды. 

"Бұл – кейінгі онжылдықта жүріп жатқан қақтығыс. Ал қазір біз оның ушыққан фазасына куә болып отырмыз. Бұл тек хуситтермен күрес емес, аймақтағы Иранның күн санап артып келе жатқан ықпалына қарсы операция деп те түсіну қажет. Көріп отырғанымыздай соққы жасау рейдтері бір реттік болды және ол хуситтердің әскери әлеуетін толық азайтты деу қиын. Шығын бар, алайда "күйрете соққы жасады" деу сәл артық. Сол себепті алдағы уақытта хуситтер Қызыл теңіздегі әрекеттерін жалғастыра бермек. Сәйкесінше біз Батыс елдерінің тағы бірнеше мәрте әуеден соққы жасау операциясына куә боламыз. Ал құрлық әскери операциясын қазір іске асыру мүмкін емес деп санаймын. Себебі бұл ұзақ қақтығысқа кіру және сайлау алдындағы Байденнің билігіне соққы деген сөз. Сондықтан операция жалғасқан күннің өзінде әуе және зымыран соққысын жасау (флот-авиация) тандемінің жалғасын табуы ықтимал. Ал қақтығыстың соңы үшінші дүниежүзілік соғысқа әкеледі деп санамаймын", – деді ол. 

Саясаттанушының айтуынша, Йемен хуситтеріне АҚШ пен Ұлыбритания жасаған әуе шабуылдарының себебі көп. Оның бастысы ықпалы күшейген Иранға жасалған соққы. 

"Себебі хуситтерді Тегеран қаржыландырып келеді, бұл құпия емес, барлығына белгілі факт. Оның үстіне хуситтердің әрекеті Қызыл теңіз, Аден шығанағы маңында бейресми блокада құра бастады. Бұл Мысыр, Израиль экономикасына да, су жолы арқылы саудасын іске асыратын ірі компанияларға да шығын әкеліп отыр. Дәстүрлі сауда жолы бұзылып, логистика компаниялары басқа маршруттарды таңдап жатыр. Бұл уақыт жағынан тиімсіз, оның үстіне тауар құны қымбаттайды. Сөзсіз аталған әрекеттерге Батыстың жауап беруі қажет еді", – деді саясаттанушы. 



Сондай-ақ сарапшының пікірінше, бұл тартыста хуситтерді тәжірибесіз деуге келмейді. Өйткені олар 2014 жылдан бері соғысып, әскери тәжірибе жинаған қарулы топ. Оның үстіне, құрлықтағы операцияларда біршама тәжірибесі бар. 

"Сауд Арабиясы бастаған коалициямен соғыс әлі жалғасып жатыр. Ол біресе уақытша ұрысты тоқтату, біресе қайта атыс режиміне көшіп жатыр. Оның үстіне әлемдік әскери сарапшылар кейінгі жылдары Иран тарапынан хуситтерге алыс қашықтағы нысандарды атқылауға қабілетті зымырандар мен дрондар берілгенін айтып отыр. Қызыл теңіздегі АҚШ флотын жоймаса да, әуре-сарсаңға салары анық. Алайда ең бастысы АҚШ-тың әскери әлеуеті емес, геосаяси жоспарларына өзгеріс енгізуге мәжбүрлей алады. Қазірдің өзінде біз оны Вашингтон назарының Украинадан Таяу Шығысқа ауыса бастағанынан көріп отырмыз", – деді Асхат Қасенғали.  

Сонымен бірге саясаттанушының айтуынша, хуситтер Йеменнің жартысын бақылауында ұстап отыр. Қалған бөлігі әлемдік қауымдастық Йемен билігі деп санайтын топтың қолында. Сол себепті Палестина мен хуситтер жағдайын салыстыру сәл қисынға келмейді. 

"Палестина қақтығысының тарихы, Израиль билігінің оккупациялық әрекеттері және әлемдік қауымдастықтың ұстанымы белгілі. Ол "екі мемлекет формуласы" іске ассын дегенге келіп тіреледі. Ал хуситтерге қатысты қандай да бір ресми ұстаным жоқ. Оларды Йемен билігі деп те мойындағандар аз. Көршілес араб елдерімен тікелей қарулы қақтығысқа түскен және Сауд Арабиясымен аяқталмаған соғысы бар. Сондықтан хуситтер мен Батыс арасындағы қақтығыс ушықса, әлемдік қауымдастық, аймақтағы араб елдері "алаңдаушылық білдіріп", мәселені келісіммен шешуге шақырудан ары аса қоймас", – дейді ол. 

Сондай-ақ Асхат Қасенғали ХАМАС пен хуситтің Иранмен байланысы болғанымен, бір-бірінен көмекке келуі екіталай екенін жеткізді. 

"Әңгімені идеялық күрес тұрғысынан қарастырған абзалырақ. Екі ұйымның да Иранмен байланысы бар. Ал Иран "қарсыласу осін" құрған ел. Оған Ираннан бөлек Хезболланы қосатын, кейінгі уақытта хуситтер мен ХАМАС-ты да қосып айтушылар бар. Сондықтан да байланысты осы тұрғыдан қарастырған дұрыс болар. Ал егер екі ұйым бір-біріне соғыс болса көмекке келе ме деген көкейдегі сұраққа жауап іздесек, онда ол екіталай. Картаны ашып қарасаңыз да оны түсіне аламыз", – деді сарапшы. 

Әскери операцияның Қазақстан экономикасына әсері бар ма

Осы орайда көбімізде тартыстың Қазақстан экономикасына әсері бар ма деген сауал туындауы мүмкін. Сарапшының пікірінше бұл жағдай біздің елге тікелей әсер ете қоймайды. 

"Қазақстан үшін әлемдік саясатта тыныштық болғаны қажет. Себебі геосаяси қауіп ықпалды қақтығыстарға жанама және тікелей қатысу қатерін арттырады. Алайда алыстағы Йемен жағалауындағы қақтығыстар бізге тікелей әсер ете қоюы екіталай. Әсері экономикалық тұрғыдан көрінуі мүмкін. Мысалы Батыс бастаған бір күндік операцияның өзінде біз мұнай бағасының 3-4% өскенін байқадық. Ал қақтығыс ұзаққа созылып, оған аймақтағы ірі мұнай экспорттаушы елдер килігетін болса, сөзсіз қара алтын бағасы ондаған пайыз жоғарылауы ықтимал", – деді саясаттанушы. 

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев арнайы әскери операцияның Қазақстанға әсерін бағалады. Айтуынша, аталған жағдай Қазақстанның экономикасына, халықаралық инвестицияға әсер етеді.

“Бірінші жағынан, 2024 жылы 10 қаңтарда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі хуситтердің сауда және коммерциялық кемелерге жасаған шабуылдарын айыптайтын америкалық қарар қабылдады. Қытай мен Ресей вето қоюы мүмкін еді, бірақ қалыс қалды. Осылайша қолдап дауыс берген 11 адамға құжатты алға жылжыту мүмкіндігі туды. Бұл хуситтерге қарсы әскери операция жариялауға саяси негіз болды. Мұндай жағдайда халықаралық құқықты жақтаушы, алпауыт державалармен ынтымақтастықта келе жатқан Қазақстанға ешқандай талап жоқ.

Екінші жағынан, Оңтүстік-Шығыс Азиядан Батыс Еуропаға балама құрлық жолы Қазақстан аумағы арқылы өтетіні қызық. Егер қандай да бір фантастикалық сценарий бойынша сауда кемелері Үнді мұхитынан өте алмай қалса, Қазақстан аумағы арқылы транзит он есеге артпақ. Тиісінше Қазақстанның экономикасына, халықаралық инвестицияға әсер етеді. Бұл – табиғат заңы. Бірдеңеге қол жеткізу үшін, бірнәрсені жоғалту керек", – деді саясаттанушы. 

Мұны экономикалық соғыс деп атауға толық негіз бар

Ал белгілі саясаттанушы Қазбек Бейсебаевтың айтуынша, хуситтер мен Америка арасындағы тартыс Израиль-Палестина соғысынан бастау алды. Сосын Йемен хуситтері Газа жағындамыз деп шабуыл жасады.  

"Израиль мен Палестина арасындағы жағдайдың салдарынан үлкен соғыс болып жатыр. Хуситтер үшін Қызыл теңіздің маңызы жоғары. Себебі ол жерден кемемен мұнай алып өтеді. Бұл бағаға әсер етеді. Демек мұны экономикалық соғыс деп атауға толық негіз бар. Жалпы хуситтермен тартыс бүкіл әлемге қауіп төндіріп жатыр. Өйткені ол халықаралық сауда байланысын үзіп жатыр. Бұрын ХХ ғасырда социализм әлемі мен Батыс әлемі болды. Ал қазір кеңес одағы, социализм әлемі жоқ, Америка бұрынғыдай мықты емес. Енді Қытай шықты. АҚШ пен Қытай арасында соғыс болмаса да үлкен тартыс болып жатыр. Америка Тынық мұхитында Қытайға қарсы Аустралия, Жаңа Зеландия және Ұлыбританиямен бірігіп әскери ұйым құрды. Әлемде жаңа тәртіп пайда болып жатыр. Қызыл теңізде болып жатқан тартыс әлемдегі жаңа тәртіптің бір жағы деп айтуға болады", - деді маман. 

Сондай-ақ саясаттанушының пікірінше, бұл тартыста мұсылман елдері бір пікірде емес. Себебі америкалықтар хуситтерге зымыран жібергенде Сауд-Арабиясы аспанын ашып берді. 

"Америкалықтар мен хусит арасындағы әскери операция бүкіл әлемге әсер етеді. Өйткені бұл халықаралық сауда байланысын бұзып жатыр. Африка, Филиппин, Мьянмада соғыс жүріп жатыр. Тіпті олардың жанында Украина екінші, үшінші орынға кетеді. Израиль мен ХАМАС арасындағы соғыста әлем екіге бөлінсе, Америка мен хуситтер арасындағы тартыста үнсіз қалды. Себебі бұл қақтығыс халықаралық саудаға кері әсерін береді. Сондықтан тоқтағаны дұрыс. Алайда қалай аяқталатынын нақты білмейміз", – деді Бейсебаев. 

“Хуситтер” деген кім және неге қол жеткізгісі келеді

Хуситтер қозғалысының тарихы 1990 жылдары басталды. Хуситтер (Ансар Аллах) - зайдизмді - шииттік исламды ұстанатын діни және тайпалық топ. 2000 жылдардың басынан бері хуситтер қауымдастығы Йеменде билікке қол жеткізуге тырысып жатыр. Мұнда халықтың үштен бірі зейдизмді ұстанады. Алайда Йемен халқының басым бөлігі сунниттік бағытта. 

2014 жылы хуситтер Йеменде азаматтық соғыс бастады. Олар үкіметтің мұнай өнімдеріне субсидияларды қысқарту туралы жарлығына қарсы демонстрация жасай бастады. Мұның соңы бензин бағасының өсуіне әкеліп соқтырды. Ақырында ел астанасы Сана мен Йеменнің солтүстік-батысын басып алды. Бүгінге дейін Иран билігі мен Ливанның Хезболла қозғалысы хуситтерді оқытып, қаруландырып келеді.

2023 жылдың қазан айында хуситтер ХАМАС-қа жақтасып, Израильге қарсы соғысқа кірісті. Олар Израильге қарсы зымырандар мен ұшқышсыз ұшақтарды қолданды. Алайда олардың барлығын Израильдің әуе қорғанысы басып алды. Былтыр қараша айынан бері хуситтер Қызыл теңізде кемелерге 27 рет шабуыл жасады. Барлығы 50-ден астам мемлекет содырлардан зардап шегіп, 20-дан астам елдің экипаждарына қауіп төнді. Осы жағдайға байланысты 2 мыңнан астам кеме бағытын өзгертуге мәжбүр болды.

АҚШ президенті Джо Байденнің айтуынша, хуситтер америкалық кемелерді нысанаға алған ең үлкен шабуылын 9 қаңтарда бастады.

Қаңтар айының басында 13 мемлекет хуситтерге шабуылдар жалғаса берсе, оның салдары үлкен болатынын ескертті. Сондай-ақ Біріккен ұлттар ұйымының Қауіпсіздік кеңесі айдың ортасында сауда кемелеріне жасалған шабуылдарды тоқтатуды талап ететін қарар қабылдады. Оған 11 ел дауыс берді, ал Ресей, Алжир және Мозамбик қалыс қалды. Хуситтердің ресми өкілі Израиль ХАМАС-қа қарсы шабуылын тоқтатпайынша қақтығыс жалғаса беретінін хабарлады. 

Нәтижесінде АҚШ пен Ұлыбритания билігі Йемен астанасы Санаға, сондай-ақ Ходейда, Саада, Дхамар және Таиз қалаларына зымыранмен шабуыл жасады. АҚШ Орталық қолбасшылығының хабарлауынша, соққылар радарларды, әуе қорғаныс жүйелерін, қоймаларды, ұшқышсыз ұшақтар мен зымырандарды ұшыру алаңдарын нысанаға алған. АҚШ тарихта алғаш рет алыс қашыққа ұшатын "Томагавк" қанатты зымырандарымен қатар кемеге қарсы баллистикалық зымырандарды да қолданған.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ пен Ұлыбритания Йеменнің солтүстігінде билік ететін "Ансар Аллах" қозғалысының (хуситтер) нысандарына қарсы әскери операция бастағанын жазған едік. 

Талқылау