Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Америка" атты алтын унитаз Sotheby’s аукционында 6 млрд теңгеге сатылды

сатылдыФото: sothebys.com

Нью-Йорктегі Sotheby’s аукционында суретші Маурицио Каттелан жасаған алтын унитаз 12,1 миллион долларға (6,2 млрд теңге) сатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

“Америка” деп аталатын бұл мүсін 18 караттық алтыннан жасалған, салмағы шамамен 100 келі. Бастапқы баға алтынның құны бойынша есептеліп, (келісіне 130 мың доллар) шамамен 10 миллион доллар (5,1 млрд теңге) деп белгіленген.

Sotheby’s ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, аукционисттің талпыныса қарамастан сатып алушылар унитазға аса қызығушылық танытпаған. Сондықтан оның түпкілікті бағасы көп өзгермеді. Лотты Sotheby’s вице-төрағасы Кассандра Хэттон сатып алды.

Алтын унитаз алғаш рет 2016 жылы Гуггенхайм музейінде қойылып, келушілер тіпті оны пайдаланып көруге мүмкіндік алған. Бір жыл ішінде бұл инсталляцияны 100 мыңнан астам адам тамашалады.

Маурицио Каттелан несімен танымал

Бұл жұмыс Каттеланның ең қымбат сатылымдарының ішінде екінші орынға шықты. Оның тізерлеп тұрған Гитлер бейнесіндегі Him атты мүсіні бірнеше жыл бұрын 17,2 миллион долларға (8,9 млрд теңге) сатылып, рекорд орнатқан еді.

Суретшінің тағы бір әйгілі жұмысы – “Комедиант”. Ол қабырғаға скотчпен жапсырылған бананнан тұратын арт-объект. Суретшінің бұл туындысы аукционда 6,24 миллион долларға (3,2 млрд теңге) сатылған еді.

Алтын унитаз бұған дейін де өз тарихымен танымал болған. 2019 жылы оның бір нұсқасы Ұлыбританиядағы Бленхейм сарайынан ұрланып, әлі күнге дейін табылған жоқ. Тергеу деректеріне сәйкес, ол бөлшектеліп, жеке-жеке сатылып кеткен болуы мүмкін. Сондықтан жаңа иесі енді жалғыз қалған түпнұсқаға иелік етіп отыр.

Суретшінің айтуынша, қымбат металдан жасалған бұл провокациялық инсталляция капитализм мен қоғамдағы теңсіздіктің символы.

Айта кетейік, бұған дейін Наполеонның түйреуіші аукционда 4,4 миллион долларға сатылғаны хабарланған еді.

Балнұр Жұмаділла
Сәрсенбі, 19 Қараша, 2025 22:49
Талқылау