Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әмеңгерліктен бас тарттым": Белгілі сәнгер қайын ағасына тұрмысқа шығуға келіспеген

Белгілі отандық дизайнер, қазақша сән үлгісін көрсетіп жүрген Құндыз Қалитқанқызы тағдыры туралы айтып берді. Айтуынша қазақтың әмеңгерлік салты жас сәнгерді де айналып өтпеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Қыздар-ай” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Сәнгер екі рет тұрмысқа шыққан.

“Ата-салтымыздың дәстүрі бойынша қазақтар әмеңгерлік салтты қолдаған. Қазір заман басқа. Әркім өз еркімен өмір сүреді. Өз басым көне салтты қолдамаймын. Менің қайын ағама сезімім болмады. Оны мен әулеттегі үлкендердің әңгімесінен естіп қалдым. Жолдасым өмірден өткеннен кейін ағасына қоспақшы болды. Мен оған көнбедім”, – дейді сәнгер.

Сондай-ақ, не үшін әмеңгерлікке қарсы екенін де түсіндірді. 

“Екі рет тұрмысқа шықтым. Бірінші жолдасым қайтыс болғаннан кейін, қайын ағама тұрмысқа шықпай кетіп қалдым. Екінші жолдасым мені тастап кетті. Жүкті кезімде екі көзім көрмей қалды. Сол кезде маған қарауды қиынсынып, бала-шағаммен тастап кетті. Бізге берілген сынақты көтере алмады. Содан кейін ер-азаматтардан көңілім қалды”, – деп жауап берді. 

Осы орайда белгілі этнограф ғалым, Болат Бопай әмеңгерліктің тарихынан сыр шертті.

“Әмеңгерлік – ауыр тақырып. Ағасы өліп қалса, жеңгесін жесір қалдырмаған халық. Келінін басқа шаңыраққа қондырмай, балаларын басқа әулетке жібермей алып қалудан шыққан дәстүр. Тіпті қайын ағасының әйелі бола тұра, балалардан айырылмау үшін тоқалдыққа берген де кездер болған. Жалғыз ұл болса, қыз алыспайтын рудағы ағайынның балаларына қосқан. Бірақ бұл өте сирек кездескен жағдай. Негізі әмеңгерлікті басқа салмасын деген сөз бар. Оның түп-тамыры қайғы-қасіретпен байланысты болғасын қазақ мүмкіндігінше бетін әрмен қылсын деп отырған”, – деп түсіндірді. 

Еске салайық, Түркістан облысы Бәйдібек ауданында қайнағасы мен келіні әмеңгерлік жолмен бас қосқанын жазған болатынбыз.

Талқылау