Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"АЛЖИР" мұражайындағы лифт оқиғасы: Оқиғаның қалай болғанын зардап шегушінің жақындары айтып берді

Ақмола облысындағы "АЛЖИР" мұражайында лифт құлап кеткен болатын. Соның салдарынан ауыр жарақат алған шығысқазақстандық зейнеткерге бірнеше күрделі ота жасалуы керек. Ал әйелдің туыстары оның енді жүре алмайтынынан қауіптеніп, оқиғаға қатысы барлардың барлығын, соның ішінде Мәдениет министрлігі қызметкерлерін жазалауды талап етуде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі KTK арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

АЛЖИР мұражайында лифтінің құлау оқиғасы 16 шілде күні тіркелген болатын. Көтергіштің опырылып түсуі салдарынан екі әйел зардап шеккен еді. Оның бірі 83 жастағы Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны болып шықты. Ол елордаға немерелерін көріп, көрікті жерлерді аралауға келген. Алайда Еркіндік Арықтаеваның демалысы аяғы және омыртқасының сынуымен аяқталды. 

"Қазіргі уақытта жағдайы тұрақталды. Бірнеше жерден сүйектері сынған әсіресе аяқ ұшы мен омыртқасына қатты зақым тиген. Бұның алдында жасанды буын қойылғанын ескерсек, қайта қалыпқа келу үшін біраз уақыт керек болады. Шамамен жарты жылдың арғы жақ, бергі жағы, қазір дөп басып айту қиын. Үнемі дәрігердің бақылауында болуы тиіс", – деді травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі Александр Степанов.

Зейнеткерге алдағы уақытта үш, тіпті төрт күрделі операция жасау қажет болады. Ал Еркіндік Арықтаеваның балалары анамыз енді өз бетімен тұрып, жүре алмай ма деп қорқып отыр.

"Біз онымен кеше сөйлестік. Менің анам нағыз күрескер. Ол бұлай денсаулығы сыр беріп, төсек тартып жататын адам емес. Жүріп жүрген адам иә, бәрін көргісі келеді, білгісі келеді. Білмеймін енді қалай қарайтынын, екеуміз тұрамыз үйде. Өзімен кеше сөйлестім. “Сендер аман болыңдар, мен үшін қайғырмаңдар, держись” деп көтермелеп қойды. Әзірше ешкім телефон шалған жоқ. Кешірім сұраған жоқ", – дейді қызы Гүлнар Тұрсынбаева. 

Ғаламтордан мұражай туралы қызықты ақпараттарды көрген соң әжесі немерелеріне сол жерге  міндетті түрде апаруды сұраған екен. Балаларым анамның өтінішінен бас тартпады. Отбасылық серуеннің мұндай сұмдықпен аяқталатынын кім білген дейді қызы.

"Шындығында, сұмдық болды. Олар төменге түсті, тіпті сөзбен айтуға жеткіліксіз көрініс әлі де көз алдымда. Лифт құлап, сұмдық жағдай орын алып жатқанның өзінде мұражай қызметкерлері әжеме: "Неге бұл лифтке міндің? Лифт ескі, оны пайдаланбау керек еді" деп айтты", – деді зардап шегушінің немересі Дастан Қисықов. 

Жәбірленушінің отбасы оқиғаға тек мұражай ғана емес, бірқатар қызметкерлердің салғырттығы кінәлі екеніне сенімді. Зардап шегушінің туыстары Бас прокуратураға арыз жазып, Президент Әкімшілігіне дейін баруға уәде берді.

Ал мұражай болса, түк болмағандай жұмысын жалғастыруда. Туристер ағыны тоқтамай тұр. Бірақ мұнда сұмдық жағдай болғанын шетелдік қонақтар да білетін болып шықты.

– "Автобустағы әйелдердің әңгімесінен естіп қалдым. Бірақ бұл елді, жерді көргеніме ризамын. Мен үшін мұндай алаңдатарлық жаңалық – диссонанс. Бәрі жақсы", – деді турист Любовь Колесова.

"АЛЖИР" мұражайының әкімшілігі жетекшінің орнында жоқ екенін, қылмыстық іс қозғалып жатқанда ешқандай түсініктеме бере алмайтынын айтты. 

Сондай-ақ полиция лифтінің құлауы 17 миллион теңге айыппұл немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастыратын "Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау немесе қызмет көрсету" бабы бойынша тексеріліп жатқанын хабарлады.

Айта кетейік, 16 шілде күні Ақмола облысындағы "АЛЖИР" мұражайында лифт құлап, екі адам зардап шеккен болатын. Оның бірі – елорда тұрғыны 83 жастағы Еркіндік Арықтаева, екіншісі – Ақмол ауылында тұратын 54 жастағы тұрғын.

Талқылау