Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алтынбек Рахметовпен ренжіскен Еркін Мәулен продюсерлердің қара тізіміне енген

Қаңтар айының 6-сы күні Еркін Мәулен қызды болды. Қызының есімін Нарғыз деп қойған екен. Бүгінде ол сахнадан көрінбей кетті. Ләйлә ханымның айтуынша, бұған бірінші продюсері Алтынбек Рахметовпен арадағы кикілжің себеп болуы мүмкін. Алайда Еркіннің өзі қолында ешбір дәлелі жоқ екенін айтты.

0х

Бұл туралы “Әйел бақыты” бағдарламасында айтылды.

– Бес жыл бұрын “мәжбүр қылдың, мәжбүр болдым” деген сөздері бар ән айттың. Сол туынды қалай дүниеге келді?

– Ол әннің дүниеге келуіне қазақ эстрадасының сүйікті әншісі Маржан Арапбаева себепші болған. Маған сол уақытта “Еркош, күйдім-сүйдім деген әннен халық шаршады. Халықтың есінде қалатын “қуалама” деген бір сөз бар. Сол сөзі бар ән жазшы” деді. Бұл сөз артықтау болатын шығар деп артынша “мәжүрге” алмастырдық. Сондай ерекше бағытта жазылған ән болды.

– Осы 5 жылдың ішінде не өзгерді? Бәлкім 1400 кітап оқыған шығарсың?

– Сол 1400 кітаптың үшеуін оқысақ та қуанамыз. Өмірге деген көзқарасым өзгерді.  Оның үстіне жасым 30-ға келді. Адамдарға баға беру, қарамен ақты ажырата білу мәселесінде де көп нәрсе өзгерді. Әке-шешем “Біздің қадірімізді өздерің ата-ана болғанда білесіңдер” деуші еді. Осы айда қызды болып, олардың, өмірдің қадіріне енді жетіп жатқан сияқтымын. Күні-түні ұйқы жоқ.

– “Өмірдің қадірін енді ғана түсіндім” деп отырсың. Соған қарағанда үлкен қателік жіберген сияқтысың. Солай ма?

– Иә. Ләйлә ханым, қателіксіз адам болмайды. Сол қателікті түзетіп, жеңілдеген дұрыс. Кейде керісінше соны өзімізге жүк етіп арқалмаймыз. Мен ешуақытта адам баласын алдаған емеспін. Алдасам, тек игі істер үшін ғана алдадым.

– Алдаған адамың біздің бағдарламаны көріп отырған шығар. Олардан кешірім сұрауыңа болады.

– Жоқ! Жалпы мен біреуді ренжітіп, көңілін қалдырған емеспін. Барлығын ашып айтамын. Өз пайдам үшін алдайтын болсам, алдын ала ескертемін. Ешуақытта біреудің артынан артық сөз айтқан емеспін.

– Келіншегің телефоныңды ақтара ма?

– Ол кісі тұрмысқа шықпай тұрып мен туралы бәрін білді. Яғни мұндай жағдайларға дайын болды. Келіндеріңіз кіммен араласып, қайда сұхбат беретінімді жақсы біледі. Жалпы мен өзім телефон аңдитын адамдарды түсінбеймін. Отбасын құрмай тұрып, біз осындай майда-шүйделерді ақылдасып алғанбыз.

– Еркін кішкене салмақ қосып алған сияқтысың?

– Сахнаға шықпағалы біраз болды. Сол себепті міндетті түрде салмақ қосылуы керек деп ойлаймын. Жасың келген сайын қашанға дейін тыртиып жүре бересің. Ет жинаңыздар! Шамалы ауырлығы жоқ шығар. Өзіме ыңғайлы.

– Сізді қашан сахнадан көре аламыз?

– Осы сұрақ маған жиі қойылады. Мен сахнадан кеткен жоқпын. Жеке өмірімде кішігірім жаңалықтарым бар. Нәпақамды той-томалақпен тауып жүрмін. Өтірік айтпаймын, айына 2-3 тойға барамын. Соның өзі қазіргі әнші қауымы үшін қуанарлық жағдай. Дағдарыс болмай тұрып айына 5-6 тойға баратынмын.

– Ақыры шындықтың беті ашылып жатыр ғой. Алғашқы продюсері Алтынбек Рахметовпен болған кикілжің осылай аяқталған сияқты. Өмір алма-кезек екенін ұмытпайық. Еркін жалпы продюсерлердің қара тізіміне кіріп кеткен жоқ па?

– Бұл өмірде мәңгілік ешнәрсенің болмайтынына көз жеткіздім. Адам қашан да қарапайым болуы тиіс. Мен ешкімге ренжімеймін. Себебі, сабақ алып, дәрежем өсті. Жыл сайын өтетін “Сағындырған әндер-ай” фестивалінің ұйымдастырушысына хабарласып, әндерімді ұсындым. Бұл ұсынысымды қабыл алмады. “Өкінішке орай, сізді шығара алмаймыз. Өйткені сіз қара тізімге еніп кеткенсіз” деді.

Ләйлә ханым, мен белгілі бір адамды жолымды жаптың, қара тізімге енгіздің деп айыптай алмаймын. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Жарайды, мен өмірден өз орнымды тапқан адаммын. Ары қарай жүре беремін. Дегенмен адам баласы дұрыс көзқараста болғаны жөн деп санаймын.

Талқылау