Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Алтын Орда" тарихы жаңа қырынан зерттеледі. Атырауда "Ұлық Ұлыс – Алтын Орда" халықаралық конференциясы басталды

Атырауда "Ұлық Ұлыс – Алтын Орда" халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы басталды. Жиынға отандық ғалымдармен бірге Еуропа, Америка, Ресей, Жапония, Түркия және Украинадан келген шетелдік ғалым-зерттеушілер қатысты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

алтын орда конф

Басқосу басында ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларды шараның ашылуымен құттықтап, алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Президенттің құттықтау сөзін Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев оқыды.

"Баршаңызды "Ұлық Ұлыс – Алтын Орда" атты халықаралық конференцияның ашылуымен құттықтаймын! Бұл алқалы жиын Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі белесіне орай өткізілуде. Алтын Орданың тарихы қазіргі Қазақ мемлекеттігінің жылнамасымен тығыз байланысты. Әйгілі Жошы хан кесенесі мен Сарайшық қаласының Қазақстан аумағында орналасуы және шетел мұрағаттарынан көптеген жазба деректердің табылуы – осының айқын дәлелі", - делінген мемлекет басшысының құттықтауында.

Сонымен қатар Тоқаев Алтын Орда тарихының әлі де болса үлкен зерттеуді қажет ететіндігін айтып өтті.

"Шын мәнінде, Алтын Орданың тарихы әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Түрлі себептерге байланысты төл шежіреміздің осы бірнеше ғасырлық кезеңі назардан тыс қалды. Еліміз егемендігін алғаннан кейін ғана бұл олқылықтың орнын толтыруға жол ашылды. 
Тарихын түгендеп, одан тағылым ала білген елдің тамыры берік болады. Алтын Орда көптеген бауырлас елдердің тағдырында да айрықша із қалдырған. Сондықтан, халықаралық ғылыми қауымдастықтың алдында ортақ шежіремізді бірлесе зерттеу міндеті тұр", - деп қосты Қасым-Жомарт Тоқаев.

Конференцияда сондай-ақ Дәурен Абаев та сөз сөйледі. Ол пандемияға қарамастан жиынға келгендерге ризашылығын білдіріп, іс-шараны жоғары деңгейде өткізіп жатқан Атырау облысы әкімдігіне алғысын айтты.

"Бұл конференцияның өтетін орны мен уақытын таңдауда айрықша мән бар. Осы игі істің жалғасы ретінде біз де бүгін отандық және шетелдік белгілі тарихшыларды киелі Атырау жеріне жинап отырмыз. Мақсатымыз – Дала Римі, ортағасырлық аса қуатты мемлекет – Алтын Орданың тарихи мұрасын жан-жақты талқылап, оған лайықты баға беру. Атырау өңірі – Алтын Орданың тарихи мұрасын зерттеу ісінде маңызды орталық деп есептеймін", - деді ол.

Дәурен Абаев тағы да "Алтын Орда" тақырыбын насихаттау бойынша бірқатар бастаманы Мемлекет басшысы мақұлдағанын жеткізді.

"Бұл – ғалымдар мен сарапшылардың атсалысуымен ғана жүзеге асатын жұмыстар. Тізе қосып қимылдасақ қана жоғарыда айтылған өршіл мақсаттарға қол жеткіземіз. Біз ұсыныстар мен бастамаларды әрдайым құптаймыз, нәтижелі диалог орнатуға дайынбыз", - деп түйіндеді ол.

Талқылау