Алтын мен күмістің бағасы рекордтық деңгейге дейін шарықтады: инвесторлар жаһандық экономикадағы тұрақсыздықтан пана іздеуде

Әлемдік нарықта алтынның бағасы тағы бір тарихи рекорд жаңартып, унциясы 4400 доллардан асты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сарапшылардың айтуынша, алтын бағасы АҚШ Федералдық резерв жүйесі келесі жылы да пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуді жалғастырады деген күтулер аясында өсіп отыр.
Жыл басында алтынның бір унциясы 2600 доллар тұрған. Кейін Дональд Трамп енгізген импорттық баж салығы мен мөлшерлемелердің төмендеуі туралы болжамдар инвесторларды алтын және соған ұқсас басқа да биржалық тауарлар секілді қауіпсіз активтерге көшуге мәжбүр етті.
Нәтижесінде биыл алтын бағасы 68%-ға өсті. BullionVault сауда алаңының талдау бөлімінің басшысы Эдриан Эштің айтуынша, бұл — 1979 жылдан бергі ең жылдам жылдық өсім.
Дүйсенбі күні басқа да қымбат металдардың бағасы көтерілді. Күмістің бағасы да алтын сияқты жаңа рекорд орнатып, унциясы 69,44 долларға жетті.
Эштің сөзінше, өтіп бара жатқан жылы алтын бағасын жоғары итермелеген "баяу трендтер" пайыздық мөлшерлемелерге, соғыстарға және саудаға байланысты факторлар болды.
“Қымбат металдар нарығы президент Трамп белгілі бір үдерісті бастап жіберді деп отыр — соның салдарынан алтын бағасы шектен тыс өсті. Бізде сауда соғыстары, Федералдық резервке шабуылдар, геосаяси шиеленіс бар — осы арандатулардың барлығы Трамптан бастау алады”, – деді Эш.
Дүйсенбі күні унциясы 4400 доллар межесінен асқаннан кейін алтынның бағасы 4426,66 долларға дейін жетті. Инвесторлар болжаған орталық банктердің төмен мөлшерлемелері әдетте облигациялар сияқты құралдардан түсетін кірістің де азаюын білдіреді. Сондықтан инвесторлар портфельдерін әртараптандыруға, оның ішінде алтын мен күміс секілді активтерге көшуге ұмтылады. Қазіргі таңда сарапшылар арасында 2026 жылы АҚШ пайыздық мөлшерлемелерді байқаусызда төмендетуі мүмкін деген ортақ болжам қалыптасты.
Алтынға деген сұраныстың артуына тағы бір фактор әсер етіп отыр: әлемнің түкпір-түкпіріндегі орталық банктер бұл қымбат металды экономикалық тұрақсыздықтан сақтану, АҚШ долларына тәуелділікті азайту және портфельдерін әртараптандыру мақсатында жаппай сатып алуда. Бұл туралы Goldman Sachs компаниясының аналитикалық есебінде айтылып, аталған үдеріс келесі жылы да жалғасады деп болжанады.
Ribble Wealth Management компаниясының өкілі Анита Райттың айтуынша, алтын бағасының жыл бойы тұрақты өсуі инвесторлардың белгісіздік пен экономикалық тұрақсыздыққа сүйенуінен туындауы мүмкін. "Қаржылық активтерге және саясаттағы тұрақтылыққа деген сенім әлсіреген кезде, басты қаржылық металл ретінде алтын әдетте бірінші болып реакция білдіреді", — дейді Райт. Алтын бағасына доллардың әлсіреуі де әсер етіп отыр.
Басқа қымбат металдар алтыннан да жылдамырақ қымбаттады. Соңғы бір жылда күмістің бағасы 138%-ға өсті, ал платина 17 жыл бұрынғы рекордты жаңартты. Алтыннан айырмашылығы, өзге қымбат металдар әлі де өнеркәсіпте кеңінен қолданылады, бұл олардың сұранысына әсер етеді.
Дүйсенбі күні мұнай бағасы да өсті. Кеше Трамп АҚШ бұрын санкция салған Венесуэлаға бағытталған және Венесуэладан шығатын танкерлерге қатысты теңіз блокадасын енгізді. Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 1,31 долларға өсіп, 61,78 долларға жетті, ал АҚШ мұнайы 1,25 долларға қымбаттап, барреліне 57,77 доллар болды. Алайда бұл мұнайдың қазіргі бағасы 2025 жылдың басымен салыстырғанда әлі де төмен екенін білдіреді.
Айта кетейік, бұған дейін алтынның биржадағы бағасы тарихи рекорд орнатқаны хабарланған еді.