Алтын бағасы тарихта алғаш рет 3000 доллардан асты
Алтын бағасы тарихта алғаш рет 3000 доллардан асты. Инвесторлар бұл бағалы металды тұрақсыздық жағдайында сенімді салым ретінде қарастыруда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pixabay.com
14 наурызда алтынның споттық бағасы (тауардың биржадағы төленіп, жеткізілу құны) 0,4%-ға өсіп, унциясы 3000,39 долларға жетті. 2025 жылдың басынан бері алтын 13 рет тарихи рекорд жаңартып, 14%-дан астам қымбаттады. АҚШ-тағы алтын фьючерстері (биржалық келісімшарт) 0,7%-ға өсіп, 3012,90 долларға жетті.
Heraeus Metals Germany компаниясының қымбат металдарбойынша трейдері Александр Цумпфе бағаның өсуіне геосаяси жағдай себеп болғанын айтады.
“Геосаяси шиеленіс, сауда баждарының өсуі және қаржы нарықтарындағы белгісіздік инвесторларды тұрақтылық іздеуге итермелеуде. Мұндай инвесторлар алтынға сұранысты арттырған”, – дейді ол.
Дегенмен, оның пікірінше, 3000 долларлық меженің еңсерілуі инвесторлардың пайдасын бекітуіне себеп болуы мүмкін. Бұл бағаның уақытша төмендеуіне алып келуі ықтимал.
Ұлттық банк қазақстандықтардың зейнетақы қорындағы ақшасына доллар сатып алуды қайта бастамақ
Алтын бағасының өсуіне АҚШ президенті Дональд Трамптың саудға қатысты шешімдері де ықпал етті. Оның Еуропадан импортталатын алкогольге 200%-дық баж салығын енгізетінін мәлімдеуі, алтынға сұранысты арттырды.
Әлемдегі ең ірі алтынмен қамтамасыз етілген биржалық қор – SPDR Gold Trust – қорындағы алтын қоры 905,81 тоннаға жеткенін хабарлады. Бұл 2023 жылдың тамыз айынан бергі ең жоғары көрсеткіш.
Сонымен қатар, АҚШ-тағы инфляция деңгейі сарапшылардың болжамынан әлдеқайда баяу азайып жатыр. Бұл Федералдық резервтік жүйенің (ФРЖ) пайыздық мөлшерлемені төмендету ықтималдығын арттырады. 19 наурызда өтетін ФРЖ отырысында мөлшерлеме өзгеріссіз қалады деп күтілуде, алайда маусым айында төмендетілуі мүмкін.
"ФРЖ шешімі мен оның төрағасы Джером Пауэллдің келесі аптадағы мәлімдемелері алтын бағасының 3000 доллардан жоғары деңгейде сақталатынын немесе төмендейтінін анықтайды", – деп мәлімдеді Exinity Group бас нарықтық сарапшысы Хан Тан.
ANZ банкінің болжамына сәйкес, 2025 жылы алтынның бағасы жаңа рекорд орнатып, 3050 долларға жетуі мүмкін.
Еске салсақ, осыған дейін Қазақстан алтын сатуды тоқтатып, бағалы металды қайтадан сатып алып жатқанын жазғанбыз.