"Алты балам аш отыр, ал шотымды бұғаттап тастады": Несиесін төлей алмай жүрген қазақстандықтар не істеуі керек?
Шымкент қаласының тұрғыны Шәріпхан Төлепов микроқаржылық ұйымдардан несие алып, енді қарызын қайтара алмай жүр. Сот орындаушылар еш ескертпестен банктегі шоттарымды жауып тастады деп шағымданған ол несиенің үстіне қосылған өсімпұлды алып тастауды талап етеді. Теміржолда қарапайым жұмысшы болып істейтін азаматпен Stan.kz тілшісі тілдесіп, мәселесін тыңдап көрді. Сонымен қоса қаржы саласындағы маман осы мәселеге қатысты пікір білдіріп, несиенің өсімпұлы қандай жағдайда алынып тасталатынын айтты.
"Айлығымды түгел алып қойып отыр"
Шәріпхан Төлеповтің айтуынша, былтырғы жылдың жазында біраз микроқаржылық ұйымдардан қарыз алған. Бірақ оны уақытында төлей алмайды. Қазір шотымды жауып, айлығымның барлығын түгел алып қойып отыр деген ол алты баласы бар екенін, ал әйелінің үй шаруасында отырғанын айтады.
"Несиені төлей алмаған соң, мені сотқа да шақырмастан іс сот орындаушының құзырына өтіп кеткен. Ал сот орындаушылардың банктегі шотымды жауып, айлығымды алып отырғанына екінші ай болды. Табыс көзінен мүлдем айырылғандықтан, бала-шағамды таксист болып асырауға мәжбүрмін", – дейді көпбалалы әке.
Төлеповтің сөзінше, ол үш қаржылық ұйымнан несие алған. Өзінің төлей алмайтынына көзі жеткен соң, қарыз алған мекемелерге барып, барлығын бірдей төлей алмайтынын айтып, төлем графигін ыңғайлы етіп шығарып беруді де сұраған. Алайда мекеме қарызды толық жабуды талап еткен. Азамат жағдайын айтқан соң, сот болатын шығар деп күтіп жүреді. Бірақ шотының бұғатқа түскенін бір-ақ естиді.
"Өзімнің айлығым 180 мың теңге. Оны түгелімен сот орындаушылар алып отыр. Барлық қарызым сот орындаушылардың ұстап қалатын пайызын есептегенде, қателеспесем, 800 мың теңгедей. Әлі 500 мыңдай қарызым бар", – дейді ол.
Редакция борышкерлердің бірыңғай тізімінен Шәріпхан Төлепов жайлы дерек іздеп көрді. Тізімде біраз қаржы ұйымдарының аты мен қарыз сомалары шықты. Оны есептегенде қарыздың жалпы сомасы 1млн-нан асып кеткен. Шәріпханның шетелге шығуына тыйым салынбаған. Ал оның ісімен айналысатын сот орындаушылардың бірнешеу екенін білдік.
Біз олардың біразына хабарласып та көрдік. Алайда Шәріпхан жайлы нақты ақпаратты ешкім айтпады. Олардың айтуынша, қарыздарын төлемеген азаматтардың шоттарын жабуға сот орындаушылардың толық құқығы бар.
"Қосылған өсімпұлдар заңды. Бізде ондай жеңілдік жоқ. Алған қарызын түгел, уақытылы төлеуі керек. Егер келіспейтін болса, әлбетте, шағым түсіруіне болады", – дейді Шымкент қаласындағы өңірлік сот орындаушылар алқасының мүшесі Қайрат Нұртаев.
"Министрден көмек сұраймын"
Шәріпхан Төлепов Шымкенттегі "Адам құқықтарын қорғау" ұйымынан көмек сұраған. Ұйым азаматқа көмек қолын созуға дайын екенін айтып, тұрмысын ретке келітіріп алғанша істі тоқтата тұруға уәде берген.
Ұйым Шәріпханның ісі бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың атына өтініш жазған. Онда олар азаматтың көптеген микро қаржылық ұйымдарда төленбеген қарыздары бар екенін айтып, осы микро қаржы ұйымдарындағы төленбеген қарыздарының салдарынан бұғатталып қалған шоттарын ашып беруді сұрайды.
- Қазақстандықтар өз аттарында несие бар-жоғын қалай тексере алады
- "Банктерде ақша аз қалды, енді кезекке тұрғандар көлік ала алмайды": Елімізде жеңілдетілген автонесие тұралап, көлік тапшылығы ушығып барады
"Осы мәселе бойынша сізден микро қаржы ұйымдарындағы қарыздарын өндіру бойынша шыққан атқару парақтарын жоюға, немесе МҚҰ қарыздарының заңсыз қосылған үстемақыларын алып тастауға немесе МҚҰ қарыздарының өндіру мерзімі өткіне байланысты өндірістен қысқартуға ықпал етуді сұраймыз", – делінген өтініш хатта.
Шәріпхан өзінің басқа амалы қалмағанын айтып, министр сөзіне құлақ асады және көмек қолын созады деп үміттенеді.
"Бір кездері жағдайларға байланысты қарыз алып, оны уақытылы төлей алмағанымды мойындаймын. Қазір де қарызымды түгел төлеуге жағдайым келмейді. Сол себепті министрден көмек сұраймын. Шоттарымды ашып берсе екен. Заңсыз қосылған өсімпұлдарды алып, төлем графигын жасап берсе, соның өзі үлкен көмек болар еді. Мен қарызымның барлығын кешірсін деп тұрған жоқпын. Аз-аздап төлеуге жағдай жасап берсе болды", – дейді Шәріпхан Төлепов.
"Егер қарыздың уақыты ескірген болса, жойылуға жатады"
"Адам құқықтарын қорғау" ұйымының директоры Ершат Искандаров Шәріпхан Төлеповтің ісіне қатысты нақты қандай көмек көрсете алатынын айтты.
"Азаматтың жеке қаржылық ұйымдар мен банктерден алған несиелері бар. Бізде жеке сот орындаушылар туралы заң бар. Сол жерде егер атқару парағы бір жылдың ішінде орындалмайтын болса ескіруіне байланысты жойылуға жатады делінген. Біз осыны ескеріп, арызданушының істері жойылсын деп ұсыныс беріп жатырмыз. Ал оның сот орындаушылары министрлікке бағынатындықтан, тікелей Әділет министрлігі мен қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне ұсыныс жібердік. Қаржы нарығын реттеу агенттігі үстіне қосылған өсімпұлды алып тастап, оның дұрыс немесе бұрыс есептелгенін тексереді. Осы тексеріс нәтижелері шыққаннан кейін, біз сот орындаушыларға хат жолдап, егер арызданушының қарызы ескірген болса, жойылуын талап ете аламыз. Негізі азаматтың қарыздарының көбісі 2018-19 жылдары алынғандықтан, ескіріп кеткен", – дейді заңгер.
Заңгердің сөзінше, ескірмеген қарыздар бойынша жоғарыда аталған агенттік мекемелерге жаңа төлем графигін жасап беру туралы ұсыныс жолдайды. Искандаров сот орындаушылардың өздері кейде заңды бұзатынын айтады.
- "Кредит кешіріледі": Қазақстандықтар әлеуметтік желіде видео таратып жатыр
- "Танысқан кезде тәп-тәуір көрінген": Қарағандыда ер адам скрипкашы әйелді қомақты қаржыға алдап, тастап кеткен
"Заң бұзушылық анықталғандар болып жатыр. Мысалы үшін, маған Атыраудан хабарласқан азамат сот орындаушылар қарыздың 25 пайызын өндірудің орнына 33 пайыз өндіргенін айтты. Арызданушының алған қарызы 500 АЕК-тен аспайды. 33 пайыз тек 500 және 1000 АЕК мөлшерінен асып кеткенде ғана алынады. Осылайша сот орындаушы заңсыз ақша өндірмек болған", - деп жалғады ол.
Заңгердің түсіндіруінше, кез келген істің қаралу мерзімі болатын секілді, азаматтық істің де өзінің мерзімі болады. Қолына түскен істің мерзімі өтіп кетсе, оны қайтарудың орнына сот орындаушылар ақша өндіреміз деп ескі қағазды жолдай береді, дейді ол.
"Несие сомасы аз азаматар ай сайын 1АЕК мөлшерін төлеуіне болады"
Заңгер несиесі бар азаматтарға өз тарапынан кеңесін айтып, несиені мүлдем төлемей қоюдың зиян екенін айтады. Жағдайы жетпеген азаматтар егер қарыз сомасы аз болса, ең аз АЕК мөлшерін төлеуіне болады.
"Егер қарыз 200-300 мың теңгеге жетпейтін болса, әр ай сайын болмағанда ең минималды сома 1АЕК яғни 3 200 теңге төлеп тұрсын деп кеңес берер едім. Себебі қандай да бір соттың шешімі шығып, оны орындамайтын болса сот орындаушы істі сотқа беріп, арты айыппұлдар мен әкімшілік жазаға ұласып кетеді. Осы жағдайлардың барлығын болдырмас үшін ең болмағанда 1АЕК төлеп тұрса болады. Өйткені бұл мүлдем төлемей қойғаннан жақсы", - дейді Ершат Искандаров.
Заңгер Шәріпхан Төлеповтің ісі бойынша министрлікке сұрау жіберіп, қазір жауабын күтіп отырғанын айтты.
Несиесін төлей алмай жүрген қазақстандықтар не істейді?
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев 2021 жылғы мамырда кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізілгенін еске салып, мерзімі өткен несиесі бар азаматтар өз кредиттерін немесе микрокредиттерін тікелей несие берушілермен шешуге болатынын айтады.
"Егер сіздің кредит бойынша мерзімі өткен берешегіңіз болса, мерзімі өткен күннен бастап 30 күн ішінде кредитті қайта құрылымдау үшін бірінші кезекте кредиторға (банкке немесе МҚҚЖҰ-ға) жазбаша өтінішпен немесе шартта көрсетілген басқа тәсілмен жүгінуіңіз керек", - дейді Александр Терентьев.
Маман қарыз алушы өзінің өтінішінде міндеттемелерді орындамауының нақты себебін көрсетуі қажет екенін ескертеді. Сондай-ақ несиені төлеу кезінде туындаған қиындықтарды растайтын құжаттардың болуы маңызды. Тұтынушы өз кезегінде міндеттемелерді орындай бойынша өз нұсқаларын ұсына алады.
"Бұл сыйақы мөлшерлемесін төмендету, төлемді кейінге қалдыру, шарттың қолданылу мерзімін, өтеу әдісін өзгерту, өзінің қаржылық жағдайын ескере отырып, жаңа төлем кестесін құру немесе кепіл мүлкін өз бетінше сату болуы мүмкін", - деп атап өтті қаржы реттеушісінің өкілі.
Ал несие беруші қарыз алушының өтінішін қабылдауға, тіркеуге, қарауға және күнтізбелік 15 күн ішінде жауап беруге тиіс. Ол қарыз алушы ұсынған шарт талаптарына өзгерістерді қабылдай отырып келісуі, шарт талаптарын өзгерту жөнінде өз ұсыныстарын беруі немесе себептердің дәлелді негіздемесін көрсете отырып, бас тартуы мүмкін, деп ескертеді маман.
"Егер қаржылық қызметтерді тұтынушы кредитормен келісімге келе алмаса, онда ол Агенттікке жүгінуге құқылы. Бұл ретте өзінің кредиттік ұйымға жүгінгенін және өзара қолайлы шешімге қол жеткізілмегенін растауды міндетті түрде ұсыну қажет", - дейді Терентьев.
Маман қазақстандықтарға несие алмас бұрын қаржылық жағдайын саралап, несиенің жауапкершілік екенін және оны қайтару қажеттігін нақты түсініп алуды ескертеді. "Кредиттік ұйымға хабарласпас бұрын, алдымен қаржылық мүмкіндіктеріңізді бағалауды естен шығармаңыз", - дейді ол.
Терентьевтің пікірінше, қарыз алушының ай сайынғы төлемі оның ресми кірісінің жартысынан асып кетпеуі тиіс.
"Шартқа қол қоймас бұрын оны мұқият оқып шығыңыз. Кредитормен шарт жасаспас бұрын: қарыз/микрокредит беру мерзіміне; сыйақы мөлшерлемесінің түріне: тіркелген немесе құбылмалылығына; жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мөлшеріне; ай сайынғы төлем мөлшері және өтеу әдісіне; шарт бойынша міндеттемелер орындалмаған жағдайда қарыз алушының жауапкершілігі және ықтимал тәуекелдер туралы ақпаратқа ерекше назар аудару қажет, - деп қорытындылады Александр Терентьев.