Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматының полицейлері суицид жасаған жігітті жақындарына айтпастан жерлеп тастаған

Николай Борисенконың бір айдай бұрын өмірмен қоштасқанын туыстары жақында біліпті. Жігітті шарқ ұрып іздеген жақындары оны жерлеп тастағанын қалалық Қайғылы жағдайлар бюросынан естіген. Ал полицейлердің осынша уақыт неге үнсіз келгенін түсіне алмай отыр, – деп хабарлайды ктк арнасы.

85_main

Бұл жайды марқұм жігіттің жақындары миға сиғыза алмай отыр. Бір ай бойы сабылып іздеп жүргенде кездейсоқ қалалық Қайғылы жағдайлар бюросына қоңырау шалыпты. Ол жерден бауырларының көз жұмғанын естігенде төбелерінен жай түскендей болған.

“Біз келісім бермей қалай жерлеп тастайды? Мүмкін, тіпті өлді деген адам ол емес шығар? Жерлейтін кезде түрін де көре алмай қалдық”, – дейді Николай Борисенконың туысы Светлана Воронцова.

Суицид жасап, үйдің жоғарғы қабатынан секіріп өлген жігіт туралы өткен айда белгілі болған еді. Николай 17 ақпан күні тауға серуендеймін деп ескертіп кетіпті. Сол күні қайтып келмеген соң жақындары алаңдап, телефон арқылы іздей бастаған.

“Аталған факті бойынша Ішкі істер департаменті хабардар болды. Қазіргі таңда қызметтік тексерулер жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде бұндай олқылықты қателіктер жіберген полиция қызметкерлері анықталып, міндетті түрде тәртіптік жаза тартатын болады”, – дейді Алматы қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Туыстары да бұл істі жай қалдырмаймыз дейді және Николайдың өз-өзін өлтіргеніне де сенбейді. Сондықтан, қылмыстық іс қозғау туралы және ісіне немқұрайлы қараған тергеушілерге қатысты арыз жазып қойған.
Талқылау