Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы оқушылар сарайының маңындағы сквер қалай өзгереді

Алматыдағы оқушылар сарайының маңындағы скверді қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Әкімдікке қарасты экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасының мәліметінше, жаңа жоба барысында саябақтың тарихи келбеті өзгертілмейді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Айта кетсек, 2018 жылы дайындалған жобаға 2021 жылы түзетулер енгізілген. Дегенмен өзгерістер алматылықтардың көңілінен шықпай, жобаға қарсылық білдіргендер табылды. Осы орайда бастаманы қолға алмай тұрып алматылықтармен тағы да кездесу ұйымдастырылды. 

Экология және қоршаған орта басқармасының мәліметінше, сквер аумағы әрлеу мақсатында мұнда жасыл желек отырғызылмақ. Бұған қоса саябақ аумағында жарықшамдар орнатылады екен. 

“Қала тұрғындарының пікірі ескеріліп, аймақтың тарихи көрінісі өзгертілмейтін болды. Бұған дейін Алматы әкімі айтқандай скверде бірде-бір ағаш кесілмейді. Тек суару жүйесі жаңғыртылып, жаңа жарықшамдар қойылады”, – деді Алматы қалалық экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Серік Әділбаев. 

Басқарма өкілі хабарлағандай, скверде соңғы рет жөндеу жұмыстары осыдан 15 жыл бұрын жүргізіліпті. Қазірде жоба бойынша 192 көше шамы мен 21 жарықшамды ауыстыру, 70-тен аса орындық пен 64 қоқыс салатын жәшік орнату қарастырылған. Сонымен қатар балалар үшін алаңқайлар, мини-амфитеатр және субұрқақ салу жоспарда бар көрінеді. 

Қайта жаңғырту жұмыстары биыл күзде 30 қарашада аяқталмақ. 

Еске салсақ, бұған дейін Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев қаладағы оқушылар сарайының аумағындағы скверде жүргізілетін өзгерістер жайлы пікір білдірген болатын. 

STAN.KZ
Дүйсенбі, 11 Шілде, 2022 16:13
Талқылау