Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы асфальт бетіндегі ақ қабыршақтар: Қазақстандық мамандар жолдарға тұз себуден неліктен бас тарту қажет екенін айтты

Бүгінгі таңда қаладағы жолдарды басқан қар мен көктайғақтан құтылу үшін әкімдік нешетүрлі әдіс-амалдарды қолданады. Солардың ішіндегі ең тиімдісі - тұз бен басқа да реагенттер себу. Әрине, асфальт бетінде қатқан мұзды кетірудің мұндай тәсілі арзан болары анық. Дегенмен таяқтың екінші ұшы ұмыт қалуда, дейді мамандар. Мәселен, көктайғақпен күресуге қолданылатын химикаттар мұз бен қарды ерітіп қана қоймай, тұрғындардың аяқкиіміне, автокөліктерге, топырақ пен жан-жануарларға қауіпті болуы мүмкін. Жолдарға тұз себу қаншалықты орынды шешім? Бұл туралы мамандар не дейді? Көктайғақпен күресудің басқа қауіпсіз амалдары бар ма? Stan.kz тілшісі анықтап көрді. 

тұз

Сурет: www.facebook.com/lovelymox/posts/151518302202230

Қыс түскелі бері алматылықтар жолдың бетінде пайда болған ақ қабыршақтарды көріп, бұл адамның денсаулығына, қоршаған ортаға және көліктерге қауіпсіз бе деп алаңдауда.

Қала әкімдігі халықты сабырға шақырып, бұл көктайғақтың алдын алу үшін себілетін құм мен техникалық тұздан кейін түзілген дүние екенін жеткізді. 

"Қыс кезінде жолдарға 70-85%-ы құм, 15-30%-ы тұз қоспасы төгіледі. Талаптарға сәйкес ауа температурасы -4 градустан төмендесе, бір шаршы метр аймаққа 15 грамм тұз себу керек. Ал -16 градустан төмен болса, 55 грамм. Егер жолдың бетінде мұз қатса, тұздың мөлшері 40-75 г/м2 ұлғайтылады. 

Бұл - міндетті түрде жасалатын көктайғақпен күресу шарасы. Егер тиісті мөлшерде тұз қолданылмаса, жолдарға мұз қату қаупі пайда болуы мүмкін", - деп түсіндірді әкімдіктегілер. 

Дамыған мемлекеттер тұз ерітіндісінен басқа да көктайғақпен күресудің өзіндік тәсілдерін ұсынуда. Мысалы, кейбір елдер тұздың орнына құмды ыстық сумен араластырып жолға төксе, кейбірі тіпті, жылытылатын тас жолдар жасаған. Ал енді біреулері қалың жауған қарды түк қалмайынша тұтас тазартады екен. Көп жағдайда адамдар жүретін жолдарға гранит ұнтағы себіледі. Алайда экологияға қауіпсіз болып табылатын бұл ұнтақты автожолдардағы көктайғақты кетіру үшін қолдануға келмейді: қатты түйіршіктер көліктердің дөңгелігіне кесірін тигізуі ғажап емес.

Тұз адам денсаулығына қауіпсіз бола тұрғанымен, химиялық қоспа аяқкиімдер мен автокөліктердің шиналарына, сыртқы шаңқасына зардап әкеледі. Бұған қоса, топырақты улап, жануарлардың аяғын күйдіруі мүмкін. 

Эколог Айжан Скакованың айтуынша, көктайғақты кетіру үшін қолданылатын тұз - қарапайым тағам әзірлеуге арналған ас тұзы. Тек көшеге себер кезде химиялық ерітіндінің көлемі азайтылады екен. 

"Негізінен тұздың өзі айтарлықтай еш зардап келтірмейді. Алайда автокөліктерден ағатын түрлі сұйықтықтармен (май, терезе жууға арналған құралдар, бензин және т.б.) араласқан қарапайым тұз зиянды қышқылға айналуы мүмкін. Бұған қоса, жолға себілмес бұрын тұзға басқа қоспалармен араластырылады. Осы бір ерітіндінің құрамындағы магний, мыс, мырыш, қорғасын сынды металдар топыраққа түсіп, оған залал әкеледі", - дейді маман. 

Сонымен қатар, эколог қазіргі таңда тұз басқа да мемлекеттерде жиі қолданылатын алға тартты. 

"Бірқатар кемшіліктері бола тұра, өндірістік тұз қыста көктайғақ пен тротуарлардағы қалың мұзбен күресудің ең ұтымды амалы ретінде қала бермек. Көптеген мемлекеттерде тұз әлі күнге дейін қолданылады. Мұндай елдерде өсімдіктер мен топырақ қайта қалпына келуі мүмкін. Бірақ Қазақстандағы жағдай мәз емес. Оны жол жиегінде ауру ағаштардың түрінен көре аласыздар", - деп қосты Айжан Скакова. 

Эколог қазіргі кезде қоғамның осындай жайттарға көңіл бөлуі жағымды тенденция екенін алға тартты. Алдағы уақытта мұндай проблемалар жиі айтылатын болса, қазақстандық жас мамандар оның шешімін міндетті түрде табады, дейді ол. 

Сурет: www.facebook.com/lovelymox/posts/151518302202230

Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану жəне агрохимия ғылыми-зерттеу институты топырақтың құнарлығы мен биологиясы бөлімінің меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, топырақтанушы Мария Ибраева тұздар жер қабатына түскеннен кейін күрделі қабық түзетінін атап өтті. Бұл өз кезегінде топырақ эрозиясына алып келеді екен. 

"Натрий хлориді немесе қарпайым тұз жай күйінде көктайғақты еріту үшін қолданылмайды. Оның құрамында басқа да күрделі реагенттер болады. Ал химикаттар топыраққа түскен соң, бірінші кезекте өсімдіктерге зиян келтіреді. Мұнымен қоймай, қардың еріген суы мен арықтар арқылы ерітінділер біраз аймаққа тарайды. Жолдарға себілетін химикаттар топырақтың бұзылуына және құнарсыздануы әкеп соғады. Ал топырақ бетінде түзілетін тұз қабаты жердің құрамындағы биоорганизмдердің жойылуына әсер етеді. Ал құрттар, саңырауқұлақтар, мүк пен басқа да ағзалардың жоғалуы топырақтың эрозиясын тудырады. Яғни бұл жерде өсімдік өспей қалады", - дейді топырақтанушы. 

Сондай-ақ, сарапшының пікірінше, тұздар жер астындағы құбырлардың бүлінуіне алып келеді. 

"Мәскеулік зерттеушілер құрамы бірқатар тұздарға бай топырақ электр өткізуге бейім екені дәлелдеген. Ал электр тоғы жер астындағы металдардың, атап айтсақ, су құбырлары, үйлердің темір бағандары мен тіреуіштері, ғимараттардың жерасты темір бөліктерінің коррозияға ұшыратады. Яғни, бұл - мемлекет және жекеменшік мүліктерге келетін шығын", - деді маман. 

Топырақтанушы Норвегия, Жапония, Финляндия және т.б. мемлекеттердегі көктайғақпен күресуге арналған тәсілдерді алға тарта отырып, аталған елдерден үлгі алу керектігін жеткізді. 

Қоғам белсендісі, блогер, заңгер, Автокөлік жүргізушілері қоғамы бірлестігінің төрағасы Жан Ботанов жауын-шашын қатты болып, қаланы қар басып қалса, ешқандай тұз көмектеспейді дейді. 

"Егер күн кұрт суытып, қар аралас жауын жауса, ешқандай тұз-құмның көмегі болмайды. Бұл кезде шенеуніктер жұмыла жұмыс жасап, қауіпті аймақтарды белгілеп, мәселені тез арада шеше білуі қажет. Бұған қоса, жол-көлік полицияларының кәсіби біліктілігінің арқасында халықтың өміріне қауіп төндіретін жағдайлардың алдын алуға болады. Және тағы бір айта кетерлігі, жүргізушілер мерзімі келгенде дөңгелектерін уақытылы ауыстырып тұрғаны абзал", - дейді қоғам белсендісі. 

Сөзінше, қарды арнайы көліктермен тазартқаннан гөрі тұз пайдалану қала әкімдігі үшін ұтымды шешім. Сол себепті де биліктегілер жағдайды шешудің басқа жолдарын ойластырмайтын көрінеді.  

Автокөлік жүргізушілері қоғамы бірлестігінің төрағасы жолға себілетін тұздың зардабы көлік сүюші қауым үшін көп шығын алып келетінін тілге тиек етті.  

"Жүргізушілер көліктерін тот басып кеткені жайлы айтып, жиі шағымданады. Алайда зардап тек уақыт өте келе көрінетіндіктен, олар не істерін білмей дал болады. Мәселен, егер көлік ашық құдыққа түсіп кетсе, онда сол мезетте полицей шақыртып, хаттама толтыруға болады. Бірақ тұздан келетін зиянға бұлай істей алмайсың. Егер жүргізушілер зардап жайлы жиі айтып, мәселені шешуді қолға алатын болса, әрине, біз де бұл іске шындап кірісетін едік", - дейді Жан Ботанов. 

Сонымен қатар, қоғам белсендісі жүргізушілер тұздың көлікке тигізетін зияны жайлы тек бір-біріне айтумен ғана шектелмей, бас көтеретін болса, олар өз үнін үкімет пен әкімдікке жеткізер еді дейді. Өз кезегінде бұл алдағы уақытта мәселенің ешкімге зияны тимейтіндей тәсілдердің пайда болуына әсер етеді екен. 

Қорытындылай келе, елімізде жолдарға себілетін тұздың зиянына ешкім назар аударуға асықпайтынын байқауға болады. Десек те мамандар қоршаған ортаға деген залалды азайту үшін көктайғақпен күресудің басқа жолдарын табу керектігін алға тартады. 

 

Дайындаған Дидар Халық

STAN.KZ
Сейсенбі, 15 Желтоқсан, 2020 10:54
Талқылау