Алматыда тұрғын үйлердің жеделсатысының жартысынан көбі талапқа сай емес болып шықты
Алматыда тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту мәселесі мықтап қолға алынып жатыр. 2020 жылға арналған өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында биыл 222 жеделсаты ауыстырылады.
Бұл өткен жылдармен салыстырғанда рекордтық көрсеткіш. Дегенмен, лифтіні ауыстыру барысында бірнеше қиындықтар да кездеседі, дейді жауаптылар. Ол үшін тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын өткізу жиілетілген, деп хабарлайды Алматы арнасы.
Бұл тоғыз қабатты үйдің тұрғындары пәтерлеріне енді қорықпай көтерілеміз деп отыр. Осыған дейін лифтері бірнеше рет бұзылып, тұрғындар жаяу көтеріліп келген. Бұл, әсіресе, зейнеткерлер мен балалы әйелдерге қиындық туғызатын еді. Енді 30 жылға жуық қызмет көрсеткен жеделсаты жаңасына алмастырылды. Тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту бағдарламасының кереметін «Самал» ықшам ауданының тұрғындары да пайдаланыпты.
«Бұрынғы болған лифтіміз Кеңес өкіметі кезінде салынған. Жаман деп айта алмаймыз, одан ешқандай жаманшылық көргеніміз жоқ. 30 жылдың ішінде бір сынған жоқ, бір рет тұрған жоқ. Одан міне 30 жыл болды. Сол құдайға шүкір міне елдер келісімін беріп, ауыстырдық», – деді Мұрат Құнанбаев.
«Самал-3» пәтер иелері кооперативінің 12 қабатты үйдегі лифтіні ауыстыруда ешқандай мәселенің болмағанын айтады. Мұндағы тұрғындар өздері үшін ғана емес, көршілерінің де қауіпсіздігін ойлап жаңасын орнатқанын айтады. Олар 15 жылдың ішінде жеделсатының құнын өтеулері тиіс. Артық төлемі де жоқ.
«Осы үкіметтің дамыту бағдарламасы бойынша лифт бөлінеді дегенге, соған біз әрбір осында тұратын тұрғындармен кездесіп, әрқайсысынан келісім алып, 15 жылдық пайызсыз бөліп төлеу жүйесі бойынша, қол қойғыздық. Адамдарға ұнап жатыр, екі лифтіміз де зымырап, жақсы жасап тұр», – деді «Самал-3» ПИК төрағасы Есенгелді Есназаров.
Алматы қаласының тұрғын үй қорында шамамен 3700 жедел саты бар. Оның жартысынан көбі ауыстыруды талап етеді. Ал биыл пәтер иелері кооперативтерінен рекордтық тапсырыс түсіпті. Тұрғын үйді жаңғырту бойынша 222 жеделсаты жаңасына ауыстырылады. Жалпы 2011 жылдан бері үш жүзден астам жаңа лифті орнатылған.
«2018 жылғы жоспар бойынша біз 222 лифті ауыстыруымыз қажет. Жалпы сомасы 1 миллиард 443 миллион теңге. Осы жылғы жоспар бойынша 16 лифт ауыстырылып бітті. Пайдалануға берілген», – деді «Алматы тұрғын үй» ЖШС ткш жаңғырту бөлімінің басшысы Қуаныш Сейітов.
Ал «Алматылифт» мекемесі кез келген үйді заманауи жеделсатымен қамтуға қауқарлымыз дейді. Қосалқы бөлшектен бастап, дайын өнімге дейін отандық өнім. Компания өкілдерінің айтуынша, бір ғана мәселе бар. Тұрғындардың көбі лифттерін ауыстыруға келісім бере бермейді екен. Әсіресе, төменгі қабаттағы пәтер иелері. Дегенмен жеделсаты көпқабатты үйдің меншігі болғандықтан тұрғындар кеткен шығынды өз қалталарынан шығарулары тиіс.
«Бірінші, екінші қабаттың тұрғындары келіспейді. «Неге біз қатысуымыз керек?» деп. Біз барлық жағдайды түсіндіреміз. Әр тұрғынға өзінің пәтері бір бөлмелі, екі бөлмелі, соған байланысты ақшалары шығады. 700 теңге болуы мүмкін. Әрқайсысына есептеліп беріледі», – деді «Алматылифт» ЖШС директорының орынбасары Алмас Сартаев.
Айта кетейік, 2011-2018 жыл аралығында Алматы қаласында 600-ден астам жеделсаты алмастырылған. Бұл, өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асуда.
Тағы оқыңыз:
Сауда, ойын-сауық орындарындағы тексеріс: Еліміздегі 75 нысанның үшеуі ғана қауіпсіз болған
Қазақстанда бірнеше тағам құрамынан доңыз ДНҚ-сы табылды